Қоғам • 18 Сәуір, 2024

Мың болғыр Мария

19 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Белорусь қызы Мария Та­таренко Қазақстан халқы Ассамблеясының Солтүстік Қазақстан филиалында еңбек ете­ді. Құрбылары оның жана­шырлық көмек көрсе­туге әрқа­шан дайын тұра­тынын айтады.

Мың болғыр Мария

«Солтүстік Қазақстан уни­верситетін бітіргеннен бері мен осы Ассамблеяда қызмет ат­қарып келемін. Қазір «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасарымын. Волонтерлік ұйымдардың басын біріктіріп, Достық үйінде орталық штабын құрдық. Қазір барлық күшімізді бір арнаға біріктіріп, үйлестіре аламыз», дейді ол.

Кешегі күні тасқын суға қар­сы күресте Мария Татаренко­ның жолдастары алдың­ғы қатар­да жүрді. 25-30 жастағы ер-аза­маттар қапшық тасып жатса, қыздар соларға инертті материалдар толтырды. Қолдары күректің сабынан күлдіреп, жы­лаған қыздар да болды. Ондай­ларға қолғаппен жұмыс істеу керектігін көрсетіп, күлдіреген терісін байлап беріп жүрген көмекшіге көмек берушілер де табылды.

Еріктілерді шақырған хабарландырудан кейін Мариялардың командасы 30-40 адамға дейін көбейген. Әсіресе дамбаларды бекітейік деген хабарға 20-30-дағы ер-азаматтар көп келген. «Олардың кейбіреулерінің тегін де білмейміз. Бәріне Антон, Роман, Дамир, т.б. деп тек аттарымен шақырамыз. Біз негізінен Тепличный ауы­лындағы дамбаны бекітуге қатыс­тық. Өкінішке қарай, дамба­мызды су жарып кетті. Алай­да волонтер жігіттер қазір қайықтармен суда қалған жануарлар мен иттерді құтқарып жүр. Кейде адамдарды құтқа­руға  қолұшын береді», деді Мария.

Мария Татаренко команда­сының қазіргі міндеті – қайырым­дылық көмектерімен келген азық-түлік, түрлі киімдер, бі­рін­ші қажеттілікке қажетті дәрі-дәрмек, т.б. қораптарға салып, халыққа тарату. «Біз алдымен көмек заттарын өзіміз халықтан жинаған болатынбыз. Әркім қолда барын әкелді. Мен халықтың жүрегінің кеңдігіне таңғаламын. Бір әжей тіпті «осыдан басқа ештеңем болмай тұр» деп үйінде тұрған бір килограмм күрішіне дейін әкеліпті. Әжей кеткен соң қыз­дар көзіміздің жасын сығып алдық. Қазір жан-жақтан келген қайырымдылық көмек көбейді. Солардың бәрін бөліп, қораптарға салып, адамдарға таратудамыз. Оған Дамира деген қызымыз басшылық жасап, 15 адам еңбек етіп жатыр», деді М.Татаренко.

Волонтерлердің Назарбаев көшесіндегі «Коммуналдық базардағы» тарату алаңына кезекке тұрған халықтың ұшы-қиы­ры жоқ, тіпті аялдамаға дейін созылыпты. Әрине, бұлар­дың бәрі тасқыннан зардап шеккендер емес екені айдан анық. Арасында тегін дүниені алып қалайын деген ашкөздер де жоқ емес. Кейбіреулері тіпті телефонда­рымен таныстарын, туыс­тарын да шақырып жатыр. «Тегін таратып жатыр, алып қалайық» деген сөздерді естіп қаласың. Ма­рия кезекте тұр­ғандарды зардап шегуші ме, басқа ма – айыра ал­май­тынын айтты. «Біз тек құжат­тарын сұраймыз. Сосын мекенжайын жазып аламыз. Әрине, кей­біреулердің зардап шегуші емес екені білініп тұрады, бірақ ондайды анықтап жатуға уақы­тымыз да, қақымыз да жоқ. Әркімнің өз ұяты біледі ғой», дейді ол.    

Сөйтіп, облыстағы 8 мыңдай белорусь халқының өкілі Мария да жұрттың бел ортасында, еріктілерді ұйымдастырып, халыққа қолдан келген көмегін жасап жүр. Мұндай­ларға «мың болғыр» деп қалай айтпассың!

 

ПЕТРОПАВЛ