Халық • 18 Сәуір, 2024

Алғыс арқалаған

99 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қос­та­най облысына жұмыс сапары барысында су тасқы­нына қарсы құтқарушы, әскер, полиция күш­терімен тең қайрат танытқан волонтерлік штаб басшыларының өкілі Айбек Таңатбаевпен де кездесті.

Алғыс арқалаған

«Президентке су тас­қыны кезінде Қостанай об­лысының волонтер­лері қандай жұмыс атқарғаны туралы баян­дадым. Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ең­бектеріңді естіп, көріп жатырмын, бәріңе ризамын деп оң бағасын берді. Бәріне сәлем айт», деді.  Мемлекет басшысының қиын-қыстау кезеңде істің басынан, көп­тің қасынан табылған ерікті жастарға ерекше риза екені байқалды», дейді Айбек.

Айбек Таңатбаев Қос­танай­дағы «Қоғамдық келі­сім» үйінде бас сарапшы болып қызмет етеді. Үнемі облыс­тық Ассамблеяның ұйымдас­тыруымен өтіп жататын игі іс-шаралардың басы-қасынан табылады. Белсенді азамат 26 нау­рызда өзінің кіндік қаны тамған Амангелдіні тасқын су басып жатыр дегенді ести сала, басшыларынан сұранып, ауылға аттанған. Содан бері, міне, 20 күннен асты, Амангелді ауданында жүр. Әу бас­та ауданның белсенді жастарын ұйымдастырып, анталаған судың алдын бөгеуге шап­қылап жүрді. Енді су кетіп, қауіп­тің беті қайтқан соң, жанындағы жастармен бірге табиғи апаттың зардаптарын жою­ға көмектесіп жатыр.

Айбек сияқты алыс қа­­­ладағы жұмысын тас­тап, су басып жатқан ту­ған ауылына жанұшыра кө­мек­ке ұмтылған жастар қаншама? Оған ауылдың тұрғылықты жастарын қо­сыңыз. Мәселен, елді мекендерге тасқын су екпіндеп кіріп жатқанда бір ғана Амангелді ауданының өзінде ресми түрде 400-ге жуық волонтер тіркеліпті. Тіркелмегені қаншама?  

«Туған жерімді тасқын су басып жатыр дегенді естіп, Қос­танайда отыра алмадым. Ауылға бара салысымен ауданның бел­сен­ді жастарының басын қо­сып, бірден волонтерлік штаб аштым. Аудан әкімдігі кітап­хана ғимараты мен ста­дионды берді. Одан кейін штаб жұмысының 4 бағы­тын айқындап алдық. Бірін­ші бағыт бойынша ауыл азаматтарынан құрылған қол күші судың алдын бөгеу жұмыстарына кірісті. Екінші, еңбек адамдары механизаторлар мен тракторшылар, ауыр жүк көлігінің жүргізушілері бірігіп, техника күшімен құм, күл төкті. Ал қыздар, әпкелеріміз, апа­ларымыз ыстық тамақ, көже, шай ұйымдастырып, эва­куация­ланған тұр­ғын­дарды, алыс­­тан гума­ни­тар­лық көмек әкелген  жүр­гі­зушілерді, құтқару­шы­ларды тамақтандырып отырды. Төртінші бағыт бойынша гуманитарлық көмек ретінде келген азық-түлік, ыстық тамақ, киім-кешек, аяқ-киім, қаптар мен құрал-саймандарды сұрыптап, елге шұғыл таратып отырдық. Біздің қатарымыз бірден кө­бейіп кетті. Волонтерлерді жас, кәрі деп бөлуге болмайды, қа­тарымызда жас та, кәрі де жүр­ді. Мысалы, 74 жастағы бір әже­міз күн сайын ыстық көжесін қайнатып, бауырсағын пісіріп далада жұмыс істеп жатқандарға таратты. Мектепті су басып жат­қанда оны бөгеуге қаншама жігіттер атсалысты. Солардың еңбегінің арқасында алтын ұя мек­тебімізді аман алып қал­дық. Сол азаматтарға деген алғысым шексіз.  Әлі күнге дейін жұмыс жүр­­гізіп жатырмыз. Кеше Қос­танайға келе салып бір жүк көлігі­мен келген гу­манитарлық көмекті қабыл­дап, ауылға жібердім. Амангелді ауданында ресми түрде тіркелген 394 волонтер жұмыс істеді. Қазір жағдай дұ­рыс­талған соң, гуманитарлық штабта 30 волонтер қалды. Жүк келген кезде түсіріп, сұрыптап, елге тарату үшін тағы 20 волонтер шақырамыз», дейді Амангелді ауданындағы  волонтерлер штабының басшысы А.Таңатбаев.    

Қазір аудандағы жағдай бір­шама тұрақталып қал­ды. Бірақ өлген мал көп. Эвакуациядан кейін ауылға оралған жұрт ветеринар мамандар жетіспегендіктен өлген малын өздері аулаққа апарып, өртеп, көміп жатыр. Мұндай іске арба, респираторлық маска, қолғап, резеңке етік, өзге де заттар керек.  Қостанайға осы дү­ниелер үшін келген Айбек кеше ғана керегін та­уып, жүк көлігіне тиеп, Амангелдіге жіберген. Ертең елге таратады. Мұның сыртында, қазір Амангелді ауданы бойынша 11 ауыл жарықсыз отыр. Сон­дық­тан аудандық волонтерлер штабы қосымша демеушілер тауып, жа­рық­сыз отырған ауылдарға электр генераторларын жіберіп жатыр.

Волонтерлік штаб су тас­қыны кезінде облыс әкімімен тікелей байланыс жасап отырды. Ел іші болған соң, кейбір шенді-шекпенділер еріктілер штабына қысым көрсетіп, гуманитарлық көмек ретінде келіп жатқан моторлы қайық, киіз үй сияқты ең керек дүниелерді өз жақындарына алып бер­гісі келген жағдай бол­ған. Алай­да Айбек мұн­дай­ларға жол бермей, халық­қа әділ бөліп береміз де­ген қатаң талабынан тай­мады. «Егер мұндай қы­сым жалғасатын болса, әлеуметтік желі арқылы бірден облыс әкіміне үндеу жолдаймын» деп әлгіндей пысықайларды тыйып тастады. Қабылдау-жіберу актісін жасап, келіп жатқан тебенге дейін құжатқа тіркеп отырды.  Осының нәтижесінде, киіз үй, электр генераторы тәрізді құнды дүниелердің бәрі Айбектің қатаң тәртібіне сәйкес тегіс халыққа тегін таратылды.

«Тек Амангелдінің ға­на емес, іргелес жатқан Жан­гелдин ауданының 7 ауылына көмектестік. Өзімізге жететін болған соң, бізге келген гуманитарлық кө­лік­ті азық-түлік жетпей жат­қан Жангелдин ауданына жібердік. Жағдай тұ­рақталған соң, төрт күн­нен кейін жиырмаға жуық волонтердің басын біріктіріп, жанармайын, тамағын, қапшық-күрек­терін беріп Торғайға кө­мек­ке жібердік. Бұл жерде жалпы жігіттердің еңбе­гін көрсету керек. Мен бұл жерде жай ғана жос­пар жасап, бағдар беріп оты­ратын үйлестіруші, ұйым­дастырушы ғанамын. ТЖД-мен де тығыз байланыс­та жұмыс жүргіздік. Дер кезінде қайық, тікұ­шақ ұйымдастырдық. Осы­лайша, бәріміз бірігіп қиындықты еңсердік. Мұн­дай жағдайда ең алдымен бірлік керек», дейді Айбек.

 

Қостанай облысы