Парламент • 19 Сәуір, 2024

Ғылыми қызметкерлерді ынталандыратын заң

78 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарап, депутаттық сауалдарын жолдады.

Ғылыми қызметкерлерді ынталандыратын заң

Ғалымның мәртебесін көтеруге арналған

Отырыс барысында алдымен «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңна­малық актілеріне ғылым және білім беру мә­селелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заң қара­лып, мақұлданды. Жаңа нормалар ғалым­дардың әлеуметтік кепілдіктерін жақсар­туға және ғылымда қаржы ресурс­тарын пайдалануды оңтайландыруға бағыт­талған. Палата төрағасы заң Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында белгіленген міндеттерді іске асыру үшін әзірленгенін, сондай-ақ оған Парламент депутаттары бастамашы болғанын атап өтті.

«Жаңа нормалар ғалымның мәрте­бесін көтеруге, ғылыми қызмет­керлер­ді ынталандыруға және талантты жас­тарды ғылыми қызметке тартуға бағытталып отыр. Атап айтқанда, заң ғылыми-педагогикалық және ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысатын оқытушылардың негізгі жалақысына қосымша ақы белгілеуді көздейді. Сон­дай-ақ жетекші ғалымдарға ғылыми жұ­мыстарды аяқтау үшін ақылы шы­ғар­машылық демалыс алу құқығы қарас­тырылды. Мерзімді әскери қызметті өткерген азаматтарға да жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдіктер беріледі. Мақұлданған заң отандық ғылымды және еліміздің білім беру жүйесін одан әрі дамытуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық құрам­дастырылған жүк тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Келісім көліктің әртүрлі түрін пайдалана отырып, халықаралық жүк тасымалдарын жеңілдетуге, сондай-ақ Қазақстан мен Түркия арасындағы транзиттік-көліктік әлеуетті және сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға арналған.

 

Маңызды заң Мәжіліске қайтарылды

Сондай-ақ Сенат депутаттары «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қарады. Депутаттар бастамашы болған бұл құжат халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнаманы жетілдіруді көздейді. Нақты айтқанда, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстары үшін сотталған шетелдіктердің елімізге кіруіне және Қазақстан азаматтығын алуына шектеу енгізу қарастырылған. Одан бөлек, экстремистік немесе террористік әрекеттерге қатысы бар шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салынады.

Талқылау кезінде сенаторлар заң­ды концептуалды тұрғыда қолдап, оған бірқатар түзету енгізуді ұсынды. Осыған байланысты Сенат депутаттары ұсынған 11 түзетумен заңды Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды. Соған сәйкес қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі бейнебақылау жүйелерін және өзге де мүлікті қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін, сондай-ақ адам өзінің қызметтік бабын пайдаланып қылмыс жасаса, қылмыстық жауаптылық қатаңдатылып, жазаның баламалы түрлері алынып тасталады. Бұл норма қылмыстық-атқару жүйесінің, тергеу изоляторларының және уақытша ұстау изоляторларының қызметкерлеріне қатысты екенін атап өткен жөн.

Оған қоса, ішкі көшіп-қонуды ынталандыру мақсатында қоныс аударушыларға шаруа немесе ферма қожалығын жүргізу үшін конкурстан тыс тәртіппен бес жылға дейінгі мерзімге жерді жалға беру қарастырылған. Заң «қандас» мәртебесін беру рәсімін жетілдіруді де көздейді.

 

Асыл тұқымды мал жойылу алдында тұр

Палата отырысының соңында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Депутат Әли Бектаев ауыл шаруашылығында асыл тұқымды жануарлардың азаюына алаңдаушылық білдірді. Депутат мәселені шешу үшін селекциялық-асыл тұқымды қызметтің ақпараттық базасының әлеуетін ғылыми негізде пайдаланып, импорттың қарқынын азайту керек екенін айтты.

Депутаттың айтуынша, Еуропаның дамыған елдерінен, Аустралия мен Кана­да­дан асыл тұқымды көптеген мал әке­лінді. Тек 2010-2023 жылдардың өзінде алыс-жақын шет мемлекеттерден 212 мың бас мал келіпті. Асыл тұқымды мал­­дың үлесі 2010 жылғы 2,9%-дан былтыр­­ғы жылы 13,5%-ға дейін өсті. Бірақ бұл са­ла­дағы көрсеткіштер көңілден шықпайды.

«Асыл тұқымды мал өсіретін 35,8 мың шаруашылық жұмыстарының нәтижесі төмен. Біз өзіміздегі малды асылдандырудың орнына шеттен мал әкеліп, тұқымдық материалды импорттауға құмармыз. Қазіргі уақытта инвестициялық жобалар аясында 50 мыңнан астам ірі қараны импорттау жоспарланып жатыр. Бұдан басқа, 160 мың бас сиырға арналған 500 мың дозадан астам тұқымдық материал сатып алынбақ», деді Ә.Бектаев.

Сенатор елімізде 10 жыл бұрын селек­циялық және мал асылдандыру жұмыс­тарының бірегей ақпараттық-сараптама базасы жасалғанын атап өтті. Ол бойынша малды тіркеуге алғаннан бастап оларға асыл тұқымды құндылық мәртебесін бергенге дейінгі жұмыстар цифрландырылуы керек еді. Дамыған елдерде ақпараттық жүйелер аналитикалық база ретінде жұмыс істейді және саланы дамытатын серіппе болып саналады, ал бізде олар тек субсидиялау мақсатында малды тіркеу қызметін ғана атқарып келеді.

Елімізде ауыл шаруашылығы малы­ның биологиялық алуан түрлілігінің азаюы ерекше алаңдаушылық туғызады. Өйткені мал саласындағы генетикалық ресурстар ұлттық игілік және әлемнің биологиялық капиталының құрамдас бөлігі. Кейінгі 30 жыл ішінде қой шаруашылығындағы «Қазақтың солтүстік мериносы», құс шаруашылығындағы «Арман», «Медеу», «Алатау» тұқымдары біржола жойылып кетті. Жартылай биязы жүнді қойлардың «Цигай», «Ақжайық», «Қаракөл», «Қазақтың оңтүстік мериносы» тұқымдары мен ірі қара малының «Алатау» «Әулиеата» тұқымдары, «Қостанай» жылқы тұқымы жойылу алдында тұр.

Депутат осыған байланысты ғылыми негізде селекциялық-мал асылдандыру шараларының ақпараттық базасының жұмысына талдау жүргізуді ұсынды. Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді зерделеу және халықаралық тәжірибе негізінде жануарлардың асыл тұқымды қасиеттерін бағалаудың заманауи әдістерін әзірлеу маңызды. Ауруларды анықтау бойынша молекулярлық-генетикалық зерттеулерден өтпеген асыл тұқымды материалды пайдалануға тыйым салу және жойылып кету қаупі төнген тұқымдарды сақтау жөніндегі шараларды қолға алу керек.

 

Өтемақы алудың қиындықтары

Сенатор Әсем Рахметова су тасқыны­нан зардап шеккен азаматтардың шығын­ды өтеу туралы арыз беруі кезінде кез­десе­тін мәселелерді көтеріп, рәсімдер­ді же­ңіл­дету үшін бірқатар нақты шара ұсынды.

Зардап шеккендермен кездесу барысында қираған немесе су басқан үйлердегі мүлікке қатысты залалдың мөлшерін дәлелдеу кейбір адамдарға қиынға соғады деген сұрақтар сенаторға жиі қойылды. Өз мүлкін ресми тіркеп үлгермегендер, сондай-ақ саяжайларда үй салғандар да қиын жағдайға тап болып жатыр.

«Су басқан елді мекендердегі үй­лерде жалға тұрып жатқандар мемлекеттен берілетін бір жолғы өтемақыға қол жеткізе алмайды. Есепшоттары бұғатталған тұрғындарға берілетін бір жолғы өтемақы банктер тарапынан кредиттік қарызды жабуға ұсталып қалады. Сенаторлардың өңірлерге сапары кезінде эвакуация пункттеріндегі жергілікті тұрғындар осы маңызды мәселелерді көтерді және республикалық деңгейде оң шешім іздестіруде көмек көрсетуді сұрады», деді сенатор.

Депутат осыған байланысты залалды өтеу қағидаларына өзгерістер енгізуді, атап айтқанда, су тасқыны кезінде толық қирау не жоғалту себебінен бағалау жүргізу мүмкін емес тұрғын үй үшін залалды өтеу тетігін әзірлеуді, сондай-ақ тұруға арналмаған құрылыстар мен мүлікке келген, оның ішінде су тасқыны кезеңінде жоғалған залалды өтеуді енгізуді ұсынды.

«Саяжай учаскелерінде тіркелген және тұратын азаматтарға келген залалды өтеу тетігін қарастыруды, төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге келген залалды өтеуге құжаттарды беру мерзімін 30-дан 60 күнге дейін қайта қарауды, жеке не мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға берілетін үйлерде тұратын азаматтардың мүлкіне келген залалды өтеу тәртібін айқындауды ұсынамын. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде шоттары бұғатталған зардап шеккендер үшін арнайы шоттар ашу көзделсін», деді Ә.Рахметова.

 

ҰБТ: қашықтан оқитындар қалай дайындалады?

Ғалиасқар Сарыбаев су тасқыны­нан зардап шеккен өңірлердегі оқушы­лар­дың ҰБТ-ға дайындалу мәселесін көтерді. Осыған орай депутат жауапты министрліктер мен «Азаматтарға арналған үкіметті» аталған мәселелерді жедел шешу үшін тиісті шаралар қабылдауға шақырды.

Сенатордың айтуынша, тасқын су салдарынан еліміздегі көп мектеп оқу­шыларды қашықтан оқытуға көшкен. Мемлекеттік білім беру гранттары бо­йынша конкурсқа қатысуға арналған ҰБТ-ға дайындықты төтенше жағдай өзгертіп жіберді. Салдарынан оқушылардың алдағы тестіге сапалы дайындалуға мүм­кіндігі де, жағдайы да жоқ.

«Балаларды ҰБТ-ға дайындау сала­сындағы реттеуді мемлекеттік орган­ның бірде-біреуі жүзеге асырмайды. Өйткені Оқу-ағарту министрлігінде де, Ғылым және жоғары білім министрлігінде де бұл міндет көзделмеген. Талапкерлер бір мекемеге оқушы емес, екіншісі үшін әлі студент емес. Осыған байланысты зардап шеккен аймақтардағы оқу бітіретін түлектердің тағдырына алаңдап отырмыз. Табиғи апатқа байланысты балалардың ұлттық бірыңғай тестілеуде төмен нәтиже алу қаупі бар. Сондықтан олар мемлекеттік білім гранттарын ала алмай қалуы мүмкін», деді Ғ.Сарыбаев.

Сенатор осыған байланысты талапкерлерді даярлау мәселесін шешу шаралары туралы айтты. Әсіресе түлек­тердің құжаттарын тезірек қалпы­на келтіруге жәрдем көрсету туралы министрліктерге ұсыныс айтылды. Тестілеудің екінші сессиясының басында ҰБТ өткізу пункттерінің қызметін қалпына келтіру қажеттігі атап өтілді. Оқу-ағарту, сондай-ақ ғылым және жоғары білім министрліктеріне түлектерді ҰБТ-ға даярлауға және олардың жоғары оқу орындарына түсуіне жәрдемдесу маңызды.

 

Мүгедек балалар саны артып келеді

Ләззат Қалтаева Үкіметтің назарын балалар арасында мүгедектіктің арту проблемасына аударды. Сенатордың айтуынша, ерте кезеңде аурудың алдын алу және оның қаупін азайту үшін осы бағыттағы ғылыми зерттеу жұмыстарын күшейту қажет.

Депутаттың мәліметінше, 2021 жылы бұл көрсеткіш 25,8%-ды, ал 2022 жылы 26,6%-ды құрады. 2022 жылғы балалар мүгедектігінің түрлері бойынша бірінші орында туа біткен ақаулар, екінші орында жүйке жүйесінің аурулары тұр. Бұл деректер проблемаларды кешенді түрде шешуді қажет ететін қосылған дерт түрлерінің өсіп бара жатқанын көрсетеді.

«Сенат жанында өткен жылы құрылған Инклюзия кеңесі өзінің жеке отырысында балалар мүгедектігі тақырыбын қараған болатын. Ата-аналар бұл мәселені Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевпен кездесуде де көтерді. Инклюзия кеңесінде депутаттар, ата-аналар мен сарапшылар қауымдастығының мүгедек балаларға қатысты көтерген мәселелерінің ауқымы өте кең. Бұл мәселелерді үш негізгі бөлікке бөлуге болады. Бұл балалар мүгедектігінің алдын алу, әлеуметтік қолдау және оңалту, сондай-ақ мүгедек балаларға білім беру және оларды қоғамға араластыру болып отыр», деді сенатор.

Сенатор Үкімет назар аударуға тиіс мәселелерді атап өтті. Олардың қатарын­да балалар мүгедектігі саласы бойын­ша ғылыми зерттеулерге қаржы бөлмеу және қолдаудың жоқтығы, үш жасқа дейінгі балаларда дамудың бұзылуын кеш анықтау, шектеулері бар балалардың жеке қажеттіліктерін есепке алмау бар.

«Өңірлерде балалар мүгедектігі­нің өсу себептерін талдау, балалардың туа біткен дімкәстік қаупін азайту мақсатында осы саладағы ғылыми зерттеу жұмыстарын қолдау, балаларда дамудың бұзылуын анықтау тұрғы­сында жаппай скрининг жүйесін жасау және денсаулық сақтау ұйымдары базасының жүйесінде балалардың дамуына ерте араласудың пәнаралық топтары қызметін ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді және ұсынуды, мүгедек балалардың жасы мен дамуындағы тежелудің көптеген түрін ескере отырып, әлеуметтік көмек жүйесін жетілдіруді және қолдау көрсетуді сұраймыз», деді сенатор депутаттық сауалында.