Шаруашылық • 20 Сәуір, 2024

Фермерге қолжетімді балама әдіс қажет

114 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығында топырақты пестицидтерден тазартудың қауіпсіз технологияларын зерделеу мәселесі өзекті болып отыр. Түйткіл Алматыда өткен ластанған ауылшаруашылық топырақ­тарының био және фиторемедиациялық технологиялары халық­аралық конференциясында талқыланды. Спикерлердің айтуынша, су тас­қынының мемлекеттер шекарасынан шығып кетуі зерттеудің бұрыннан қалыптасқан қолданбалы жүйесін бұзып жіберді.

Фермерге қолжетімді балама әдіс қажет

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Су шайған топырақтың құнары кемиді

Бұл ретте су тасқыны таралған аймақтардағы елдердің топырақ құрамын зерттеу, оның кері әсері туралы тәжірибе алмасу маңызды. Климаттың өзгеруі ғана емес, жер құнарындағы органикалық тірі ағзалардың өзгеруі құрғақ және тозған жерлердің өнімділігіне теріс әсер етеді. Ө.Оспанов атындағы қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институтының өкілі Раушан Рамазанованың айтуынша, топырақ жамылғысы алуа­н түрлілігімен ерекшеленеді. Сол­түстіктегі орманды-дала ай­мағындағы кәдімгі қара топы­рақтан басталып, оңтүстікте қоңыр және сұр-қоңыр шөлді топырақтарға дейін таралған. Өсімдіктің жерден және күн сәулесінен нәр алуына мүмкіндік беретін жер қыртысының беткі қабатын су шайып кетуіне байланысты. Бұл жағдай мәселенің мемлекеттік деңгейде шешілуін талап етеді. Оның қанша сантиметр екені әзірге ғылымға белгісіз. Одан бөлек, әр аймақтың табиғи ерекшелігіне байланысты қолданылатын пестицид құрамы да әртүрлі. Мысалы, Ре­сейде немесе елдің орталық өңірінде қолданылған әртүрлі хи­микаттың батыс аймақтардағы егіс алқаптарына қалай әсер ете­тінін білмейміз.

Сонымен қатар мола немесе мал өлексесі көмілген полигондарды да су шайып кетті деген де­ректер айтылып жатыр. Ал құнар­лы қабаттың табиғи жолмен қа­лыптасуы үшін кемі 40-70 жыл қажет.

«Шайынды астында жамыл­ғысы ашылып қалған топырақтың құнарлылығына мониторинг жасап және биологиялық белсен­ділігін анықтау, оның құрамындағы тірі микроағзаларды зерттеу керек», дейді Р.Рамазанова.

 

Аса қауіпті пестицидтер қайдан жүр?

Конференция шеңберінде БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруа­шылығы ұйымы (FAO), Жаһандық эколо­гиялық қор (GEF) және Эко­логия және табиғи ресурстар министрлігі «Пестицидтердің өмірлік циклі» бірлескен жобасын таныстырды. Таныстырылым барысында сөз сөйлеген Қырғызстан, Тәжік­стан, Түркия, Әзербайжан, Ресей, ЕО елдерінің сарапшылары, ФАО халықаралық кеңесшілері, ауыл­шаруашылық топырағының лас­тану проблемасы көптеген аграр­лық ел үшін, соның ішінде Ор­талық Азия аймағы үшін өзекті еке­нін айтты. FAO-ның ауыл ша­руашылығындағы орнықты және экологиялық таза технологиялар бойынша техникалық және сараптамалық қолдау көрсету ар­қылы бүкіл әлемге, соның ішінде Қазақстанға да көмек көрсететіні жиын барысында айтылды.

FAO пестицидтерді басқару жобасының жетекшісі Салтанат Баешованың айтуынша, жобаға қатысушы елдерде, соның ішінде Қазақстанда тіркеу кезінде көптеген факторға назар аударылған. Тіпті субсидияланған пестицидтер тізімінде аса қауіпті пестицидтер бар екені анықталған. Оларды пайдалану ұлттық заңнамамен реттелген, алайда дамыған елдерде ескерілген көптеген критерий назардан тыс қалып қойған. Қазір фермерлер үшін нарықта бар қа­уіпсіз баламалар қарастырылып жатыр. Өткен жылы алма бақтары, қырыққабат, қызанақ алқаптарына сынақ жүргізіліпті. Нәтижесінде биоло­гиялық қорғау әдістерін қол­дану арқылы пестицидтерді 70%-ға азайтуға мүмкіндік бары анықталған.

Осы ретте С.Баешова пестицидтерге арналған контейнерлерді қайта өңдеу мәселесіне және осыған байланысты FAO мен Қа­зақстанның бірлескен жобасын жүзеге асыру мәселесіне тоқ­тал­ды. Жиын барысында ауыл­ша­руашылық топырағын қалпына келтіру шешімдерін ілгерілететін Орталық Азия елдерінің жұмыс тобын құру, био-фиторемедиация және экологияны одан әрі дамыту бойынша бірқатар мәселе айтылды.

Экология және табиғи ресурс­тар министрлігінің Қалдықтарды басқару департаментінің өндірістік қалдықтар басқармасының басшысы Әсел Қасенованың айтуынша, елде ескірген пестицидтерге түгендеу жүргізілді. Соның нәтижесінде Қазақстанда ескірген 6 мың тоннадан астам пестицид бар екені анықталған. Қазір олардың қай өңірге тиесілі екені туралы аналитикалық есеп дайындалып жатыр. Айтуынша, анықталған ескірген пестицидтер жойылады. Сонымен қатар топырақтағы зиянды қалдықтарды шығару да назардан тыс қалмайды. Бұл жұмыс­тарға қаражат министр­лік немесе жергілікті әкімдік бюджетінен бөлінеді.

 

Топырақ деградациясына не әсер етеді?

FAO пестицидтерді басқару жөніндегі аға техникалық ке­ңесшісі Стефан Робинсонның айтуынша, адам қажеттіліктерін тұрақты не­гізде қанағаттандыру үшін қазір жер және басқа да табиғи ресурстарды тиімді және ұқыпты пай­­далануға ұмтылу қажет. То­пы­рақ­тың деградациясына құр­ғақшылық, су тасқыны, көшкін, сел сияқты табиғи құ­былыстар, ал соңғы уақытта Арал теңізінің құрғаған түбінен кө­терілген тұз да ықпал етіп жатыр. БҰҰ мәліметіне сәйкес, жер бетінің 40%-ы құрғақ және сортаңдануға бейім. Тиісті стратегияларды әзірлеу, жерді пайдалануды жоспарлау және басқару – осы мақсаттарға жетудің ең маңызды практикалық жолы. Орталық Азия елдерінде орын алып отырған мәселенің бірі – Кеңес одағы ыдырағаннан кейін қалған қалдықтармен байланысты. Ауыл шаруашылығы мен экспортты тиімді дамыту үшін қал­дықтарды өңдеу мен таза то­пыраққа заманауи тәсілдерді енгізу қажет.

«Миллиондаған гектар жерді тазарту соншалықты оңай шаруа емес. Сонымен қатар мұндай пес­тицидтерді жағу өте қымбат әдіс. Конференцияда біз бүгінде әлемде бар және алдағы 10-15 жылда қазақстандық фермерлер қол­дана алатын балама қолжетімді әдістерді талқылап жатырмыз», деді Стефан Робинсон.

Қазақстан мен Қырғызстанда FAO-ның қадағалауымен олар тұрақты органикалық ластаушы заттардың (ТОЛ) және ауыр метал­дардың деңгейін төмендетуге көмектесетін экономикалық қол­жетімді, экологиялық таза және қолдануға оңай био және фито­ремедикация технологияны сынақ­тан өткізіп жатыр.

«Биоремедиация – бұл топырақ­та өмір сүретін микро­ор­ганизмдерді пайдалану, олар үшін пес­тицидтер улы емес, тамақ бо­лып саналады. Пестицидтермен қоректенетін микроорганизмдер 6 ай ішінде пестицидтерді 99%-ға дейін бейтараптай алады. Екінші әдіс – өсімдіктерге қолданатын фиторемедиация. Бұл биотехнологиялар агрессивті химиялық әдістерге қарағанда көп уақытты қажет етеді, бірақ олар бүкіл әлем­де қолжетімді. Алдын ала жақ­сы нәтижелер қазірдің өзінде бар», дейді Стефан Робинсон.

 

FAO-ның алдағы жоспары

FAO-ның тағы бір өкілі Таня Сантиванес ауылшаруашылық аймақтарындағы топырақ адам денсаулығына қауіп төндіретін және тамақ қалдықтарына әке­летін ТОЛ және ауыр металл пес­тицидтері деңгейіне дейін лас­танғанын айтып берді.

«Био және фиторемедиация – ТОЛ және ауыр металдармен ластанған ауыл шаруашылығы то­пырақтарына арналған инно­вациялық технологиялар. Бұл – табиғатқа немесе экожүйеге негізделген шешімдер. Біз Ор­талық Азия елдеріне арнап қал­пына келтіру шараларын дайындау үшін FAO бақылау тізімін ұсынамыз және үлкен кен орындарына, сондай-ақ аймақтағы және одан тыс басқа елдерге көз­қарасты кеңейту үшін қажетті қадамдарды талқылаймыз. Біз бұл технологиялардың Қазақстанда қалай енгізіліп жатқанын көру үшін жоба алаңдарын аралаймыз. Жасыл ауылшаруашылық технологиялары мен саясатын қабылдау арқылы біз өзгермелі климатта пайдалы тағам өндіру кезінде топырақтарымыздың құнарлы (FERTAIL), су көздерінің таза болуын, биоәртүрлілік пен эко­жүйе­лердің гүлденуін (THRAIV) қам­тамасыз ете аламыз», деп атап өтті FAO сарапшысы.

Форум барысында сарапшылар пестицидтердің қоршаған ортаға теріс әсерін азайту үшін ауыл ша­руашылығында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдану тәжірибесімен, сондай-ақ пестицидтердің адам денсау­лығына әсері туралы зерттеулермен танысты.

Жұмыс нәтижелері бойынша конференцияға қатысушылар Орталық Азия елдері үшін био-фиторемедиацияны және басқа да экологиялық таза шешімдерді одан әрі дамыту және кеңейту бойын­ша ұсыныстар әзірлейді.

 

АЛМАТЫ