Қоғам • 23 Сәуір, 2024

Ұлттық құндылық ұлықталған күн

35 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанадағы Ұлттық музейде «Оқу-тәрбие үрдісінде білім алу­шы­лардың бойында ұлттық құндылықтарды қалып­тас­тыру» атты халықаралық этнофорум өтті. Іс-шараны елорда әкім­ді­гінің «Әдістемелік орталығы», Ы.Алтынсарин атын­­да­ғы Ұлт­тық білім академиясы, Қазақстанның этно­­дизай­нерлер одағы ұйымдастырды.

Ұлттық құндылық ұлықталған күн

Ұлттық құндылықтар мен дәс­түрлер арқылы бі­лім алушының санасын­ қа­лып­тастыруды мақсат еткен­ бұл Халықаралық этнофорум рес­­публика көлемінде алғаш рет ұйым­дас­тырылып отыр. Тағылымды іс-шараға Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Якутия жоғары оқу орындарының оқытушылары, көркем еңбек, графика және жобалау пәндерінің мұғалімдері, қосымша білім беру педагогтері қатысты. Форум барысында Қазақстан этнодизай­нерлер одағының төрағасы Сал­та­нат Жапарова білім беруде құн­ды­лықтарды дәріптеп, әдет-ғұрып­тарды жаңғырту керек екенін айта келіп, көркем еңбек пәнінде ұл мен қызды бөлек оқыту мәселесіне ерекше тоқталды.

«Еңбек пәнін ұлдар бөлек, қыз­дар бөлек оқуы керек. Біз бала­лар­ға өнер үйретуді мектептен бастап «Ұл шеберлігі» және «Қыз шеберлігі» деп бөлуді ұсындық. Ол ұсынысты бірнеше мектеп қабылдап, өздерінде тәжірибелік сынақ ретінде бастауға келісімін берді. Қазір осыған сай Оқу ағарту министрлігі мамандарымен жұ­мыстар атқарылып жатыр. Бұл бастаманың болашақ ұрпақ тәрбиесінде маңызы зор. «Қыз­дары­мызды қызға тән, ұлдары­мыз­ды ұлға тән» мінезбен тәрбиелеу – ата-бабадан келе жатқан асыл мұра, қымбат дәстүр. Біз осы сабақтастықты үзіп алмауымыз керек. Сонымен қатар жаз айларында балалар шығармашылығын дамыту мақсатында «Балаларға өнер үйрету», «Шеберлердің шы­ғармашылығын дамыту» лагерь­ле­рін ашсақ деген игі ойларымыз да бар», деді С.Жапарова.

Іс-шара аясында Астана қала­сының Әдістемелік орталығының қол­дауымен Көркем еңбек пәні мұға­лімдер қауымдастығы «Көркем еңбек және сызу сабақ­­­тарының мәселелері мен шешімдері» деген дөңгелек үстел өткізді. Сызу пәні – математика, геометрия, физика, химия, астрономияда, инженерлік салада аса керек білім саласы. Сон­дық­тан жиналғандар сызу пәнін мектеп бағдарламасына қайта енгіз­бесе, келешекте елімізден архитектор шықпайтынын ашық айтты.

Сонымен қатар форумда оқу­шылар да «Ата-баба өнері – ұр­пақ­тар мұрасы» атты сайысқа қатысты. Яғни қыздар жүн түтіп және ұршық иіріп жарысса, ал ер балалар сегіз таспалы қамшы өріп бақ сынасты. Олардың өнерін «Аталар және әжелер алқасы» бағалады. Сондай-ақ «Сән – сар­қыл­­мас салтанат» атты ұлттық киім­дер мен ұлттық қолөнер сайыс­тары да этнофорумның көрігін қыздырды. Асық атудан Астана қаласы командасының аға жаттықтырушысы Ескендір Рахметовтің айтуынша, балалар ұлттық ойындарды балабақшадан бастап меңгеруі керек. «Қазір асық ату ұлттық спортынан мектеп пен колледждерде сабақ беретін мамандар даярлап жатырмыз. Тіпті асық атуды балабақша бағдарламасына да енгізу жоспарда бар. Қазақтың бұл ұлттық ойнын бала үш жас­тан бастап-ақ үйреніп ойнай береді. Баланың бітімін шымыр етіп, ойлау қабілетін шыңдап, қырағылыққа, ептілікке баулиды. Енді ұлттық болмысымызды бала жастан қалып­тас­тыратын уақыт келді», дейді Е.Рахметов.

Қырғыз елінен келген технология пәнінің мұғалімі Мақсат Сайни­диновтің айтуынша, қазақ-қырғыз бауырлас мемлекет болғандықтан, мәдениетімізде ұқсастықтар өте көп. Сол себепті ұлттық қолөнерден тәжі­рибе алмасуда дәл осы этно­фо­рум­ның маңызы зор.

«Бұл іс-шараға Қазақстан этно­ди­зайнерлер одағының ша­қыр­­ту­­ы­мен келдім. Форум аясында қазақ­стандық және басқа да шетел­­дік әріптестермен шеберлік саба­ғын өткізіп, киізден жасалатын по­р­т­реттердің қыр-сырын үйреттім. Әріптестерге отпен сурет салудың да әдіс-тәсілін көрсеттім. Бірақ бұл қолөнерді мен ойлап тапқан жоқпын. Оны Қырғызстанға келіп шеберлік сабағын өткізген америкалық әріп­те­сімнен меңгердім. Қазір мектепте шәкірттеріме осы өнерді үйретіп жүрмін», деді ол.

Иә, заманауи технология өмірі­міз­ге ден­деп еніп жатқан уақытта жас буынның бойына ұлттық құн­­ды­лықтарды сіңіріп өсірудің маңызы зор. Ұлттық рухтан қайнап шыққан таза бұлақтың қашанда берері мол, беделі биік боларын болжаған ­этнофорум өз мақсатына жетті деп ойлаймыз.