Тағзым • 22 Сәуір, 2024

Біртуар ақынға құрмет

100 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жетісу топырағынан нәр алған ғаламат ақын Ілияс Жансүгіровке ел-жұрты көктем сайын құрмет көрсететін әдеті. Дегенмен би­ылғы жиынның жөні бөлек болды. Себебі қаламгердің дүниеге келгеніне – 130 жыл. Осы ретте ақын атындағы музей ұжымының мұрындық болуымен «Тау тұлғалы Ілияс» атты республикалық ғылы­ми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

Біртуар ақынға құрмет

Суретті түсірген – Дмитрий Ерофеев

«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе – ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?», деп жыр­лаған жампоз ақынның жан толғанысы әлі де халықтың жадында. Оны таң бозы­нан ақын ескерткішінің алдына жиналған жұрттың ыстық ықыласынан аңғардық. Әуелі тұғыртасының алдында студенттер өлең оқып, гүл шоқтарын қойды. Тағзым етілгеннен кейін Ілияс Жансүгіров атындағы университетте ілиястанушылардың ізденіс, зерттеу жұмыстары тыңдалды.

Тағылымды іс-шараны облыстық мә­дениет архивтер және құжаттама бас­қармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов жүргізді. Облыс әкімінің орын­басары Марлен Көлбаев жинал­ғандарды ақынның мерейтойымен құт­тықтап, тарихты зерделеудің бола­шақ үшін атқарар жүгінің салмағына тоқ­талды. Салтанатты шараның ашылуында Жетісу университетінің ректоры Ермек Бөрібаев алыстан ат арылтып келген рухани әлемнің өкілдеріне алғыс айтты.

Келелі конференцияда ілиястанушы Мұратбек Иманғазыновтың «Ілияс Жан­сүгіров» атты монографиясы, Мұ­ратбек Иманғазынов пен Нұргүл Жауын­баева әзірлеген «Өтірік өлеңдер» атты жинағының нұсқасы, Саят Ілиясұлының әкесі туралы есте­ліктері мен сұхбаттары топтамасының тұсауы кесілді.

Одан кейін филология ғылымдарының кандидаты Ерлан Қасенов «Құлагер» поэма­сындағы эмоционалды бірліктердің стильдік ерекшелігі» атты баяндамасын оқыды.

«Кез келген көркем туындыда бел­гілі бір кейіпкердің мінез-құл­қын ашу мақ­сатында автор эмоционал­ды бірліктер мен эмоционалды мәнге ие болатын сөз­дер қолданады. Бұл өз кезегінде туын­­дының көркем, тар­тым­ды болуына ық­пал етеді. Біз қа­рас­тырып отырған Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэ­масында адамның ішкі эмоциясына қатысты тілдік бірліктер молынан ұшырасады. Ақын эмоционалды тілдік бірліктерді қажетті тұ­сында қолдану арқылы мақсатты ойын дәл жеткізеді. Мысалы, ақын «Құла­гер» поэмасының:

«Сопылар тәспі тартып, құман ап жүр,

Әр үйге «Аллай хақ» деп дуана жүр.

Кемпірі Сағынайдың опыраңдап,

«Кет-кет!» деп дуананы қуалап жүр», –

деген шумағында қазақ қоғамындағы адамдар қарым-қатынасының әрбір қи­мылын, әрбір көрінісін, әрбір құбылысты кең ауқымда көрсетеді», деді Е.Қасенов.

Оның айтуынша, ақын кейіпкерлер тіліне «Аллай хақ», «кет-кет» тілдік бір­ліктерін қыбын тауып қиюластырып, сол кезеңдегі тұрмыстың шынайы кө­рінісін, психологиялық ахуалын көз ал­дыңызға әкеледі. Әлбетте, бұл тілдік бір­ліктер жеке дара тұрғанда ерекше бір көңіл күйді білдірмегенімен өлең өрі­мінде айрықша эмоционалды мәнге ие.

Шынында ақын өз шығарма­сында қазақы танымда жағымсыз образ­ды білдіретін «қабан», «бүйі», «албас­ты» тә­різді экспрессивті-эмоционалды мән­­дегі тілдік бірліктер пайдаланылып, әсерлеу­шілік, бейнелеушілік мәнді күшей­теді. Ақын­ның ханға қабанды, биге бүйіні балама ретінде ала отырып, бейнелі түрде бе­руінің өзі тілдік талғам­ның жоғарылығын таны­тады. Мұны Мұхтар Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтының ғылыми қыз­мет­кері Насихат Набиолла да баяндамасында айтып өтті.

«Ақын өзінің жазған-сызғандарын сұрыптап отырған. 1920 – 1932 жылдары жазылған өлеңдерін саралап, тақы­рыптары бойынша «Тәуірі», «На­шары» деп екі бағанға топтастырған. Ол «1924 жылдың басындағы кітаптарым» деп қазақ және орыс жазушыларының шығармасымен қатар кейбір сөздіктер де қамтылған 26 кітаптың тізімін жазып қалдырған. Бұдан біз ақынның өз кезеңінде баспа бетінде жарық көрген дүниелердің барлығын көзден таса қылмағанын көре­міз. Баспасөз материалдарымен қатар жаңа кітап­тарды да қарап, олармен таныс­қанын білеміз. Ілиястың ел аузынан жазып алған тап­қырлық, шешендік сөз­дері мен қа­ғытпа, әзіл-қалжыңдары бір төбе. Ха­лықтық толғау, терме, қара өлеңдері де жетер­лік. Ілиястың ел аузынан жинап жа­риялаған мәтіндерінің бір парасы: «Жа­лайыр Қабан ақынның ұрылармен қақтығысуы», «Тезек төре мен Бүйембай ақын», «Тезек төре мен Бақтыбай ақын», «Құлмамбет пен Түбек ақын» айтыстары да жазып алынып, сақталған», деп ақын халық мұраларын жинап қана қоймай кейбір үлгілері туралы зерттеу мақала да жазғандығына да тоқталды.

Жиында ақынның Орталық мемле­кеттік мұрағатта сақталған шығарма­ларына, халық арасынан жинап, жүйеле­ген фольклорлық мұраларына шолу жасалды. Одан бөлек, Насихат Набиолла автор­дың «Ән, әншілер жайында» және «Қазақ күйлері жиналсын» деген ма­қала­­сын зерделеді. Осы салада ерекше тер төк­кен Александр Затаевичтің ең­бе­гін ай­рықша бағалағандығына мысал келтірді.

Жалпы, ақын қазақ музыка танушысын «жыл құсы» деп атап, осындай өнер қайраткерлерін ұтымды пайдаланып қалу керек деген. Сондай-ақ зерттеушінің Қарқаралы жақтан жазып алған халық күйлерінің бірнешеуінің атын атайды. Затаевичтің ел аузынан жинап бастырған мың әнімен қатар күйлерін де санамалап көрсетеді. Бірақ ақын оның жинап, жариялап жүргені тек үлкен қазынадан «өнгені» ғана деп, ел арасында жиналмай қаншама мұраларымыздың жатқанын, оны тездетіп жинамаса айырылып қалатынымызды ашық айтады.

Ақын заманның өзгеруіне, елдің жұ­мысбастылығына байланысты халық мұ­расының да ескерусіз қалғанына кү­йініш білдірген. Сондай-ақ күйші қарт­тардың азайып кеткенін, көп күйлердің олармен бірге келмеске кетіп бара жат­қанын тілге тиек еткен. «Біздің елде ертеректе Тойтан деген бір шал қырық күй тартады екен. Ол күйлердің біреуін де бұл күнде ешкім білмейді. Тек күй аттарын ғана айтып аңыз қылысады. Сөйтіп, Тойтан өлімі қырық күйді ала кетіп отыр. Жалғыз Той­тан емес, домбырашылар, күйшілер күйімен бірге құндылық жоғалып жатыр. Елде жастан домбырашы шығу, жаңа­дан күй шығу өте сирек», дейді ақын өз мұра­сында.

Баяндамашылар ақынның шығар­ма­шы­лығы хақында тереңнен ой толға­ғаннан кейін, қобызшы Молықбай Бай­сақұлы қобызының үні қойылды. Күйге ғашық ақынның ғұмырдариясынан сыр шерткен ілиястанушылар оның мәңгілік мұрасы ұрпаққа аманат екенін айтып тарқасты.

 

Жетісу облысы