Зерде • 25 Сәуір, 2024

Әмір Темір және Алтыншоқы

533 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақстан тарихын насихаттауды мақсат тұтқан Qalam дәрісханасы жобасының аясында Шымкентте елімізге белгілі тарихшы, археолог Эмма Усманова «Әмір Темір және Алтыншоқы төбесінің сыры» тақырыбында көпшілікке арнап дәріс оқыды.

Әмір Темір және Алтыншоқы

Онда ғалым ұлы қолбасшы­ның 1391 жылғы жорығында Алтын­­шоқыда қандай із қал­дыр­ғаны туралы, сонымен қатар бұл жорық Алтын Орданың тағдырына қалай әсер етіп, Қазақ хандығының құрылуына негіз қалағанын айтып берді. Қазіргі топонимикалық атаулардың, қала мен елді мекен аттарының көпшілігі сол әмірші заманынан бері келе жатыр. Оның ішінде Сайрам, Түркістан, Ұлытау бар. Сонымен бірге біразымызға таңсық болған жайт, 1366 жылы Орыс ханға қарсы шабуылда жорықты бастаған билеушінің жүрген жолдарында бүгінгі Шымкент қаласы да ерекше аталады.

Ғалымның пікірінше, Әмір Темір Сирияға, Үндістанға жорықтар жасаған. Бірақ солардың ішіндегі ең ірісі – Дешті қыпшақ даласындағы ұрысы. Алтын Ордамен соғыста қолбасшы еліміздің оңтүстік аймағынан өтіп, Ұлытауға дейін барған. Одан Ресейдің Самара жеріндегі Кундурча өзенінің жағасында Алтын Орда әскерімен бірінші рет ұрысқа түсіп, оны жеңген.

сми

Ұлытау – Қазақстанның орталығында орналасқан аласа тау жоталары. Қара­таумен салыстырғанда үлкен болмаса да, далиған Сарыарқа даласындағы бұл тауды қазақ халқы ерекше қадір тұтып Ұлы деп атаған. Оның екі биік шыңы бар. Ақмешіт пен Едіге. Ұлытаудағы Алтыншоқы да қасиетті мекенге жатады. Қазақстан жерінде Әмір Темірді еске түсіретін екі белгі қалған. Ол – Ұлытау мен Отырар даласы. Ұлытауда қолбасшы Алтын Ордаға қарсы айқасын бастаса, Отырарда Қытайға бастаған жорығында дүние салған. Алтыншоқы тарихын алғаш зерттеген – қазақтың көрнекті ғалымы Қаныш Сәтбаев. Ол жетекшілік еткен зерттеушілер Ұлытаудан табылған ескіше жазуы бар тақтатасты бірінші болып фотоға түсірген. Кейін Мәскеуден ғалымдар келіп, бағалы мұраны Эрми­таж­ға алып кеткен. Тәуелсіздіктен кейін Тай­қазан елімізге оралса, тақтатас Эрми­таж­дағы Тимуридтер экспозиция­сында әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Тақта­тастағы көне жазудың құпиясын ашқан кеңестік, америкалық ғалым – Николай Поппе. Ол шынымен де бұл жазудың Әмір Темірдің Алтын Орда жорығына қатысы барын дәлелдеген. Кейін бертін келе, қазандық лингвистер соңғы аудармасын жасап, Тоқтамыстың Бұлғар ханы деп көрсетілгенін айтқан. Тақтада Ерекше Қамқор Алланың атымен бастаймын деп басталып, Құдайдың есімдері жазылады. Сосын уақыт мерзімі көрсетіліп, Тұран ханы Әмір Темірдің Тоқтамысқа қарсы жорыққа аттанғаны суреттеліп, Жара­ту­шыдан мінәжат сұрағаны қашалып жазылған. Алғашқы жазулар араб тілінде болса, кейінгі жорық сипаттамалары ша­ғатай тілінде бедерленген. Бір қызы­ғы, Алтыншоқы ежелден көне географ­тардың картасында таңбаланған. Оның қандай тарихи жер екенін көбісі білген.

Ғалым дәрісінде Әмір Темірдің жеке тұлғалық қасиеті жөнінде де сөз қозғады. Тарихшының пайымынша, ұлы қолбасшының Шыңғыс тұқымынан болмағаны жанына қатты батқан. Өйткені Шыңғыс хан ұрпағын ерекше пір тұтқан. Үндістанға шабуылы кезінде билеуші Самарқандқа 6 піл әкелген. Ғалым сол жануар­лардан қалған жұрнақты зерттеп көргісі келеді. Әмір Темірдің селжұқтар ханы Баязидпен де соғысқаны тарихтан белгілі. Анкара түбіндегі шайқаста Баязид ойсырай жеңіліп, Әмір Темірдің қолына түскенін жақсы білеміз. Сол Баязидпен соғыстан кейін еуропалық монархтар шығыс жаулаушысы қылышын көтеріп, жер қайысқан қолмен бізге келетін болды деп қатты қо­рыққан көрінеді. Тарихшының айтуын­ша, Әмір Темір Шыңғыс хан секілді империя құрмаған. Оның жаулап алған жерлерінің арасында байланыс нашар болған. Сондықтан құрған патшалығы көп тұрмады. Көзі кеткен соң, артынша құлаған.

Сонымен бірге Э.Усманова 1941 жылы Әмір Темір қабірін ашқан экспедиция және оның айналасындағы түрлі тылсым дүние мен алыпқашпа әңгіме жөнінде де пікір білдірді. Оның айтуынша, жұрт айтып жүргендей, кім менің мүрдемді ашса, үлкен соғыстың бетін ашады деген мағынадағы сөздер қабірінде жазылмаған. 1941 жылы қабірі қазылып, 1943 жылы қайта жерленген. Осы ара­лықта атақты антрополог­ Герасимов қаңқасына қарап, оның түр-сұлбасын жасайды. Әмір Темірдің сырт келбеті шынымен де моңғолтектес болған, сонымен бірге бойы 170 сантиметрге жетіп, 72 жасында дүниеден озған.

Ал қолбасшының Алтын Ордаға қарсы әйгілі жорығы 1391 жылы басталады. Тоқтамыс ханмен кезінде Әмір Темір жақын сыйлас еді. Тіпті Алтын Орда билеушісі Орыс ханмен шайқаста Тоқтамысқа көмек те көрсеткен. Ақ Орда билеушісі болып отырған Тоқтамыс Алтын Орда ханы Мамайдың әлсіздігін пайдаланып, оны тақтан құлатып, өзін әмірші етіп жариялайды. Тоқтамыстың осы әрекеті мен Мәуеренахр жеріне көз тіге бастағаны Әмір Темірге ұнамай қалады. Бірнеше ескертуден кейін құлақ аспаған соң, билеуші Алтын Орда ханына қарсы жорыққа аттанады.

«Әмір Темір Тоқтамысқа бірнеше рет жеріне шабуылдамауын өтінген. Бірақ майда-шүйде ұрыстарымен әбден зығырданын қайнатқан Тоқтамыс үл­кен соғыс тілеп алады. Билеуші қалай Тоқ­та­мысқа білдірмей жақындауды ойлас­тырады. Оның иелігіне жетудің ең төте жолы – Бетпақдаланы кесіп өту. Бұл ең қысқа жол болғанымен, өте ауыр жо­рық болды. Елсіз ми даланы кесіп өту әрине оңай емес. Әмірші қалың қолмен Түр­кістан, Саураннан өтіп, Жентті басып, Сарысу арқылы Ұлытауға жетеді. Екі жарым ай арып-ашып жол жүреді. Сол жерде әр жауынгерге бір-бір тас әке­лу­ді бұйырып, тарихта артынан өш­пес із қалдыру мақсатында оба үйдіреді. Ұлытауды таңдаған себебі, бұл жер Алтын Орданың шы­ғыстағы шекарасы еді. Екі күн­нен соң Аманқарайға барып аңшылық құрады. Сонда сарбаз­да­ры ашыққандарын басып, тоя тамақтанады. Тоқтамыстың әс­ке­­рімен кездесу үшін Тобыл мен Жайық өзендерін жүзіп өтіп, Ресейдің Самара жеріне табан тірейді. Бірінші соғыста жеңілген Тоқтамыс Вильнюске қашып кетіп, сол жерде өзін екінші рет Алтын Орда ханы ретінде жариялайды. Зерттеушілер Алтын­шоқыда от­тың күлдерін тапқан. Жанған тал­дар­дың қалдығын талдау барысында оның уақыты шын мәнінде 1390 жылдарға сәй­­­кес келетіні дәлелденген. Бірақ Әмір Темір не үшін Алтыншоқыда алау тұ­тат­қан. Ол соғыс тәсілінің бір құпиясы да емес немесе жылыну, тамақ әзірлеу мақ­­сатында да болмаған. Мұнда бір рухани рәміз жатыр. Ол біздің түсінігімізше, әмір­­ші моңғолдардың ескі ғұрпы бойын­ша таулардың піріне құрмет көрсетіп, Шың­­ғыс тұқымына деген ізетін осылайша біл­дірген. Яғни төбенің басында алау жа­­ғып, әруақтарға тағзым еткен», деді ғалым.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Дешті қыпшақ даласындағы үлкен ұрыс Алтын Орданың ыдырауына, кейін оның орнына қазақ хандығының бой көтеруіне жол ашты. Шыңғыс хан өз заманында Қытайды жақсы көріп, соған еліктесе, Әмір Темір Иранды ерекше қадірле­ген. Оны артына қалдырған сәулеттік ескерткіштердің стилінен-ақ байқауға болады. Соның бірі – Түркістан жеріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Әмірші стратегиялық маңызы жоқ бірнеше майда шабуыл болмаса, үлкен жорықтардың ешқайсысында да жеңіліп көрген емес. Оның бұлай болуына әскери тактикаға енгізен реформалары да септігін тигізген болса керек. Мәселен, ол дәстүрлі әскерге инженерлік топтарды, жеңіл кавалерияны қосқан. Ал басқа тәсілдері бойынша барынша Шыңғыс ханға ұқсағысы келген.

Ғалым Әмір Темірдің ішкі жан дүниесі бір-біріне қайшы келген өте құпия адам болғанын айтады. Ол миллиондаған жанның қанын судай ағызған әрі жа­уыз, әрі сәулет өнерін ерекше қастерлеп, «дала архитекторы» деген атпен тарихта есімін қалдырған тұлға болды. Тіпті оның жауыздығы Шыңғыс ханнан да асып түскен. Моңғол әміршісі бағынған халыққа тимеген, қалаларды өртеп, тұрғындарын жоймаған. Бірақ бұл қасиет Әмір Темірде жоқ еді. Ол алдына тізерлеп келсе де, адамдарды аяусыз қырған. Сондықтан да адам қаңқасынан қамал тұрғызған жантүршігерлік іс-әрекеттері осы күнге дейін тарихтағы ақтаңдақ болып қалды.

 

ШЫМКЕНТ