Білім • 25 Сәуір, 2024

«Тіл-Қазына» орталығы Оксфорд университетімен келісім орнатты

70 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмеронның Астанаға ресми сапары аясында қазақ тілін үйрену және Қазақстанда британдық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуға бағытталған меморандумдарға қол қойылды, деп жазады Egemen.kz.

«Тіл-Қазына» орталығы Оксфорд университетімен келісім орнатты

Іс-шара барысында Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Оксфорд «Birsöz» қоғамдық компаниясы бастаған жоба аясында Оксфорд университетімен әріптестік келісім орнатты.

Ынтымақтастық меморандум негізінде бірнеше ауқымды жобалар жүзеге аспақ. Солардың қатарында «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Оксфорд ғалымдарымен салалық терминологиялық сөздіктерді құрастыру, Оксфорд университеті лингвистикалық зертханаларының тәжірибесін негізге ала отырып, аталған оқу орынының мамандарымен бірге «Тіл-Қазына» зертханасын құру және қазақ тілін шет тілі ретінде оқыту әдістемесін жүйелеу мен халықаралық стандарттау т.б ана тілімізді дамытуға тың серпін беретін іс-шаралар бар.

258

Бұл кешенді келісімге «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығынан бөлек, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ қатысты. Бағдарлама Oxford Birsöz initiative CIC бастамасы арқылы әртүрлі колледждермен және факультеттермен ынтымақтастықты қамтиды.

Айта кетейік, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек биылғы қаңтар айында Ұлыбританияда жоғарыда аталған меморандумдарды іске асыру туралы келіссөздер жүргізу барысында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген Oxford Qazaq Dictionary сөздігінің бірінші басылымын ұсынған еді.