Аймақтар • 25 Сәуір, 2024

Поэтикалық жекпе-жек

42 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жамбыл облысы әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен өңірдің 85 жылдығы аясында «Жыр жауһары» атты поэтикалық дуэль өткізілді. Жергілікті жас ақындардың басын қосқан іс-шара соңғы бірнеше жылдың бедерінде тұрақты түрде өткізіле бастағаны көңіл қуантады.

Поэтикалық жекпе-жек

Өңір жастарының поэзия мерекесі бірнеше кезеңді қамтыды. Әуелі өтініш білдірген отызға жуық жас таланттың шығармаларымен танысқан қазылар алқасы олардың ішінен он алты мықты­ны іріктеп, финалдық кезеңге өткізді.

Қара өлеңнің қасиетін тереңнен түсінген он алтының басым көпшілігін осал деп айта алмайсың. Әрине, ішінде бірді-екілі өлең жазуды машыққа айнал­дырып, техниканы меңгеріп ал­ған­дар бар. Ал қалғандарының жазбасынан көркем әдебиеттің элементтерін айқын байқайсың. Осыған қарап-ақ ақын атымен аталатын өңірде поэ­зияның көркемдік деңгейі жоғары екенін аңғару қиын емес.

Үздік он алты ақын бастапқыда сегіз жұпқа жұпталды. Оза шапқандары жүлделі орындарға таласу үшін екінші кезеңге жолдама алды. Олардың қата­рында талай жыр бәйгесінде оза шапқан Данияр Әлімқұл, Арайлы Жақ­сылық, Ғайникен Маралтайқызы секіл­ді есімі елге таныс ақындар да бар.

Поэтикалық дуэльде әдемі тіркес­те­рімен, тосын теңеулерімен өзге­лерден дараланған Қазақстан Жазу­шы­лар одағының мүшесі Данияр Әлімқұл­дың өлеңдері көрерменді бейжай қалдырған жоқ.

«Бір тілегім бар еді қайта маздап,

Келем тағы...

құстар да қайтады аздап.

Сенің күлкің шашылған көшелерді,

Менің мүлкім деп елге айта жаздап»,

деп жырлаған жас талаптың шығар­маларына қошемет көрсеткендер аз болған жоқ.

Жаңа форматта өткен іс-шара қоры­тындысында таластық ақын Данияр Әлімқұл топ жарса (сыйақысы 500 мың теңге), жуалылық Арайлы Жақсылыққа екінші орын (300 мың теңге) бұйырды. Тараздық Ғайникен Маралтайқызы мен Жұматай Көксубай үздік үштіктен (200 мың теңге) көрінді.

«Жаңа форматта өткізіліп жатқан «Жыр жауһары» поэтикалық дуэліне қатысушылардың қарасы көп болды. Жүлде қоры өткен жылға қарағанда қомақты болғаны да әсер еткен шығар. Ең бастысы осы іс-шараға қатысқан ақындардың деңгейі өсіп келе жатқаны қуантты», дейді облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар.

Дуэль форматында өткізілген әде­би іс-шара өз мақсатына жетті. Бір жақсысы, әдебиетке, поэзияға аңсары ауған жастардың қатары көбейіпті. Мұ­ны көрермен ретінде қатысқан аза­маттардың әңгімелерінен де байқадық. Әр қатысушының өлеңіне қатысты байыпты ойларын айтып отырғандардың көбейгені расында да деңгейдің өскенін көрсетсе керек.

«Бұл – поэзия мерекесі. Алматыдан Таразға оралғандағы басты мақсат дуэль­де міндетті түрде топ жару емес. Қа­тар­­ластардың өлеңін тыңдағым келді. Жаңа есімдерді кездестірсем деген ниет­пен қатыстым. Сол мақса­тымның үде­сі­нен шыққан сияқтымын», дейді жүл­дегерлердің бірі Арайлы Жақ­сылық.

 

Тараз