Өндіріс • 26 Сәуір, 2024

Бетперде бизнесі

241 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кіргенде көргеніміз – қатарласа қойылған құрылғылар. Оның екеуінде ызылдаған дыбыс. Цех ішін көреміз дегенде даң-дұң, тарс-тұрс дыбысқа құлақты бейімдеп барғанбыз. Жоқ, мұнда бәрі ың-шыңсыз. Әлгі екеуі өз міндетін сол «ызылымен-ақ» атқарып жатыр. Жанында жүрген қызметкерлер болмаса, бұл аппарат-станоктар өзгелердің көмегіне мұқтаж емес сияқты. Тек «жанды жеріндегі» түймелерін дұрыс баса біл. Қалған шаруаны өзі бітіреді.

Бетперде бизнесі

Суретті түсірген – Қырмызы Жұмағалиқызы

Сүзгінің де сан түрі бар

– Мынауыңыз тым жылдам екен, – дедім мен олардан көз айырмаған күйі.

– Оныңыз рас, жұмысы өте тез, – деді өзін инженер-механик деп таныстырған Арқалық Кендебай.

– Әр күні түскен тапсырысқа байланысты. Бүгінгі жұмыстарды орындауға екі аппарат үлгереді. Тапсырыс көбейсе, қалған үш аппарат та жұмысын бастауға дайын. Жалпы, бір аппарат 8 сағатта үш мың бетперде шығарады.

мим

– Сонда мына бетперделер өндіріске арналған болды ғой?

– Әрине.

– Өзі қаттылау емес пе? Жер басып жүргелі медициналық бетпердемен ғана бет-аузымызды тұмшалап өскен маған бұл дүниенің қолыма жұмсақ тимегені рас-етін.

– Оныңыз рас, – деді Арқалық. – Қатты болатын себебі бар. Өйткені бұл үш қабатты ғой.

– Бәсе, өзінде салмақ та баршылық. Ойыма тағы да үп еткен желден көкке қалықтай жөнелетін кәдімгі бетперде келді.

– Иә, әлгінде айтқанымдай, үш қабатты. Мұны өндіріске пайдаланамыз. Дұрысы, кен орнында, металлургия, автомобиль өнеркәсібі, жерасты шахталарында, тері өңдеу, ағаш пен темір станоктарымен және басқа ауа көлемі лас жерлерде жұмыс істейтін мекеме қызметкерлеріне таптырмас дүние. Қатты әрі салмақты болатын себебі де сол. Екіншіден, қолыңыздағы бетперденің астыңғы қабатын біз өз арамызда «кече» деп атаймыз. Ал негізгі аты – needle punch. Орысша «хлопковое войлок» деп жатады. Мұның міндеті – бетперденің негізгі қалпын беру. Арнайы аппарат ыстық үтікпен шығарып береді ғой, – деді Арқалық дұрыс түсіндірдім бе дегендей жүзіме қарап.

 – Бұл сонда астыңғысы...

– Иә, ал үстіңгісі – spunbond деп аталатын мата. Бетпердені адам кигенде, оның таза көрінісін береді. Екі қабаты туралы айттық. Үшіншісі – фильтр. Әлгі spunbond фильтрдің сыртқы тазалығын ұстап тұрады.

– Әрқайсысының өз міндеті бар десеңізші.

– Тіпті фильтрдің де сан түрлі қызметі бар.

– Иә, зиянды ауаны тазалайды ғой.

– Жо-жоқ, бәрі бірдей емес.

– Сонда..?

ми

– Бұл фильтріңіздің өзі үшке бөлінеді: FFP1, FFP2 және FFP3. Бұлар – лас ауаны сүзгіден өткізу дәрежесіне байланысты қойылған таңба. Мысалы, FFP1 – ауаны 75%-дан 80%-ға дейін сүзгіден өткізсе, FFP2 ауаны 85%-дан 90%-ға дейін тазалап береді. Ал бетпердедегі FFP3 фильтрі толығымен 95-97% ауаны сүзгіден өткізеді. Сондай-ақ тұтынушылар тапсырысына сәйкес бетпердеге белсендірілген көмір талшықты мата қосып та жасаймыз. Бұл улы газға толы жер астында жұмыс істейтін азаматтарға арналады. Әсіресе көмір шахталарында...

 

Цех ауқымы ұлғаяды

Біз бұған дейін «MFA MASKE TİCARET SANAYİ A.Ş» түрік компаниясының инвестиция құйып, жергілікті «MFA International» серіктестігінің FFP1, FFP2 және FFP3 класындағы респираторлы бетперделер шығаратынын естідік. Әрі онысын аты жер жарар көптеген өндіріс ошағы да пайдаланатынын білдік. Сол қызығушылықпен цех орналасқан Астана қаласы маңындағы №1 индус­триалды паркке тартып кеткенбіз. Ал көргенімізді жоғарыда бірсыпыра баяндап та қойдық.

Жалпы, «MFA International» ком­паниясындағы технологиялық өндірістік желі саны қазір бесеу болса, енді бір үш-төрт жылда 10 аппаратты пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Бұл жыл са­йын 20 миллионға дейін респиратор шығаруға мүмкіндік береді. Әзірге бір жылда 10 млн бетперде шығаруға күші жеткілікті.

– Шикізат шетелден келеді. Мата мен құрылғыларды Англия, Франция, Түркия, Қытай мемлекеттерінен алдырып отырмыз. Барлығы 21 адам жұмыс істейді. Қызметкерлерді тасымалдау үшін арнайы көлік қарастырылған. Түскі ас тегін ұсынылады. Орташа жалақы 350 мың теңгеге жуықтайды, – дейді директордың орынбасары Әлихан Қами.

Әлиханның айтуынша, компанияның ендігі мақсаты – фильтрлі бетперделерді еліміздің барлық аумағында шығару. Қазірдің өзінде шағын өндірістерден бөлек, компания өнімін «Қазақмыс», «Qarmet», «Қазцинк» «ҚазАтомПром» «ҚазМұнайГаз», «ERG», «АК Алтын­алмас» АҚ және «KAZ Minerals» сияқты алпауыт кәсіпорындар пайдаланып отыр.

Алда шетелдік тапсырыстарды қабыл­дауды жолға қоймақ. Қырғызстанға бір партиясын жіберіп үлгерген. Өйткені өнім еуропалық стандартқа сәйкес келеді. Өнім 8 сағат қолдануға арналған, яғни бір жұмыс күніне жарамды. Жұмыс орнында ауа лас болса, пайдалану мерзімі де қысқарады.

 

«Масканың маңызын түсінбедік...»

Цех басшылығы инженерлерді жұмысқа қабылдағанда мүлдем өндірісте тәжірибесі жоқ, жасы 20-30 маңайындағы жігіттерді ғана таңдаған. Олай етуге себеп – жас буын жаңа дүниені тез үйренуге бейім. Екінші себеп – бұрыннан келе жатқан инженерлердің жоғары жалақы талап етуі. Талапты орындайын десе, ардагер инженерлер жаңа технологияларды игере алмайды.

– Жоспар бойынша 120 адам алуы­мыз керек. Жоба 2020 жылы басталды. Одан кейінгі жылы цех құрылысы басталып, 2022 жылдың аяғында толық бітті. Былтырғы жылдың басында цех жұмысын бір ғана аппаратпен бастап кеттік. Түрік және қытай азаматтары заманауи технологияның қыр-сырын үйретті. Қазір жыл өтті, өзіміздің жас инженерлер технологияны толық игерді. Қазір де осындай аппарат әкелген жағдайда, өзіміздің мамандар құрастырып, іске қоса алады. Дұрысы, мұнда толығымен өз азаматтарымыз жұмыс істейді. Заманауи аппарат бұзылса да, оның кейбір құрылғыларын өз елімізде жөндеуге болады, – дейді компания бас директоры Нұралы Егенов.

им

Денсаулыққа қажет мұндай дүниені шетелде қатты бағалайды. Ластанған ауа бар жерде қызмет істейтін жұмысшы алдымен қолын бетпердеге созады. Нұсқаулықты оқып, сүзгіден өткізу мерзіміне қатысты сұраққа жауап іздейді-міс.

– Сізге бір ғана мысал айтайын. Техникалық қауіпсіздікке қатысты арнайы оқыту-семинарда жұмысшыларға жұмыс киімі мен басқа да қажеттіліктер көрсетіліп, ұсынылады. Сонда олар жапатармағай етік пен сырт киімге ғана ұмтылыпты. Бірде-біреуі бетпердеге жоламаған. Сонда шетелдік инженердің бірі таңғалысын жасырмады. Шын мәнінде, зиянды жерде жұмыс істеуде алдымен бетперде маңызды емес пе? – деді бас директор.

Компания басшылығы мемлекет тарапынан қолдау болса дейді. Сонда цехтан шығатын 9 түрлі өнімді ел ішінде толық танытып қана қоймай, алыс-жақын шетелге де жөнелту мүмкіндігі ашылар еді. Жоғарыда өнімнің еуропалық стандартқа сай екенін тілге тиек еттік. Ендеше, не кедергі?!