Мәселе • 26 Сәуір, 2024

Шіркейге қарсы дезинсекция

217 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Дернәсілдері ағын судың астыңғы қабатына бекініп, ал қанаттанғандары судан тыс та тіршілік ететін шіркей бүгінде жұрттың жиі шағымдануына себеп болып тұр. Негізінен таңертең, ымыртта шағатын, сілекейі улы кішкентай шіркейіңіз Түркістан облысында үлкен мәселенің біріне айналған.

Шіркейге қарсы дезинсекция

Сырдария өзенінің бойы мен Көксарай су реттегіш қоймасы маңындағы елді мекендерде кейінгі жылдары көбейіп, тұр­ғындарды тұмшаланып жүруге мәжбүр еткен шіркеймен күрес 20-30 жылға созыла беруі де мүмкін екен. Ғалымдар осылай деп болжап отыр.

«Шіркейді 100 пайыз жо­йып жіберу мүмкін емес. Бір аналығы неше жүздеген жұ­мыртқа салады. Сондай-ақ бір жазда 4-5 рет жұмыртқалауы мүм­кін. Биыл дәрілеу жұмысын жүр­гізбесек, келесі жылы дәл бұ­рынғы қалпына келеді. Бұл – құ­рымайтын нәрсе. Көксарай су реттегіші тұрған кезде шіркейден құтылмайсыздар», дейді ғалым Қаршыға Көшкімбаев.

Дегенмен жауапты мекемелер құтылмайды екенбіз деп қа­рап отырған жоқ. «Көксарай» су реттегіш қоймасы маңындағы елді мекендерде шіркейлердің кө­беюіне байланысты Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Оты­рар, Шардара, Мақтаарал, Ке­лес аудандары дезинсекция жүр­гізу аймақтары ретінде бел­гіленген. Биыл шіркеймен күрес ерте, яғни наурызда басталды.

мс

«Жалпы, биылғы дезинсекция шараларына 655,9 млн теңге қаржы қаралып отыр. Қазіргі таңға мердігер «Өсімдіктерді қор­ғау-К» ЖШС тарапынан ғылыми топ құрылып, шіркей­лер­дің көбею ошақтарын анық­тау жұмыстарын бастады. Топ құрамына Алматы қаласындағы Зоо­логия институтының аға ғы­лыми маманы Қаршыға Көш­кімбаев, басқа да білікті мамандар тартылған. Шіркейлердің санын азайту кезінде биологиялық және химиялық препараттарымен өңдеу жұмыстары жүргізіледі», дейді энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков.

Мамандардың мәліметіне қарағанда, өткен жылмен са­лыс­тырғанда биылғы шіркей, шегірткелердің таралу аймағы бірнеше есе ұлғайып, 270 мың гектардан асқан. Тиісінше, шы­ғын да өскен. Өңірде қолайлы фи­тосанитарлық ахуалды қам­тамасыз ету мақсатында, хи­миялық өңдеу жұмыстарын 25 күнде аяқтау жоспарланған. Облыс әкімі бұл жұмыстарды ширатып, 10 күнде аяқтауды міндеттеп отыр. Өңірде марокко шегірткесі көп таралған. Негізгі ошақтары Арыс, Сарыағаш, Келес аудандары болса, кейінгі жылдары Бәйдібек, Ордабасы, Қазығұрт, Төлеби, Сауран, Шар­дара, Отырар аудандарында да кездеседі. Фитосанитарлық шаралардың жүргізілуіне облыстық аумақтық инспекция тарапынан 20-дан аса жұмыс тобы, 40 инспектор, өзге облыс­тардан, болжам орталығынан 100-ге жуық маман және аудан, қала әкімдіктерінен қосымша 245 анықтаушы қатысып жатыр.

«Биыл ерте басталған жұ­мыстар өз нәтижесін береді. Жүр­гізілген ғылыми зерттеу қо­ры­тындысымен шіркейдің екі түрі анықталды. Оның зияны жоқ. Дәрілеуден пайда болары сөзсіз. Тек бір айтарым, шыбын-шіркейді түбімен жойып жіберу мүмкін емес. Оның қауіпсіз дең­гейі болады. Сол деңгейге жет­кізу керек. Шілденің басына дейін жұмысты тоқтатпаймыз», деді Қ.Көшкімбаев.

Шіркейге қарсы дезинсекция жұмыстары барысында алдымен облыс аумағындағы ұзын­дығы 352 шақырым Сыр­дария өзені 6 бөлікке бел­гі­леніп, әрбір 60 шақырымы дәрі­ленеді. Мамандардың айтуын­ша, дәрілік заттың төрт тү­лікке, ара, балық және басқа да тіршілік иелеріне зияны жоқ. Дернәсілдермен күресуге био­логиялық препараттарды суға жіберу әдісін, ал су қорғау аймақ­тарын, яғни жағалаудағы ағаш­тардың бұталары мен елді мекен, демалыс аумақтарында химия­лық өңдеу әдісі қолда­ны­лады. Бұл бағыттағы жұмыс­тарды қамтамасыз ету үшін 42 техника, 96 жұмысшы күші жұмылдырылған.

Айта кетелік, экологияға қатысты проблемаларды шешу жолдары талқыланған облыс әкімдігінің аппарат мәжілісінде экология департаменті бас­шысының міндетін атқарушы Нұржас Нұрболат басқа өңір­лермен салыстырғанда эколо­гиялық жағдай қолайлы екенін атап өтті. Арыз-шағымдар бо­йынша жүргізілген 109 тексеру жұмысының нәтижесінде 431 жеке және заңды тұлғаға ­­ 2 млрд 120 млн теңге көле­мін­де әкімшілік айыппұл са­лын­ған. Кей аудандарда атмосфе­­­ралық ауаға шығатын шы­ғарындылардың шекті нормадан асып кету дерегі мен су нысандарының ластану фак­тілері анықталған. Уран өн­дірушілердің кен орындарында күкірт қышқылдарының заң­сыз төгілу деректері орын алған. Ол бойынша айыппұл са­лынып, бүлінген жерлерге тазалау, қайта қалпына келтіру жұ­мыстарын жүргізу туралы тапсырма берілген.

 

Түркістан облысы