Саясат • 26 Сәуір, 2024

Халықаралық қауіпсіздік мәселесі қозғалды

23 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Санкт-Петербург қаласында қауіпсіздік мәселелеріне жетекшілік ететін жоғары өкілдердің XII халықаралық кездесуі өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов қатысты.

Халықаралық қауіпсіздік мәселесі қозғалды

Фото: akorda.kz

Ресейдің Қауіпсіздік кеңесі ұйым­дастырған іс-шарада қауіпсіздік кеңес­­терінің хатшылары, ұлттық қауіп­сіздік жөніндегі кеңесшілер, әлемнің 106 елінің құқық қорғау және арнайы органдарының, қорғаныс ведомство­ларының басшылары, сондай-ақ ШЫҰ, ҰҚШҰ, ТМД, АӨСШК, АСЕАН, ЕАЭО, Араб мемлекеттері лигасы сияқты халық­аралық ұйымдардың жетекшілері мен өкілдері бас қосты.

Пленарлық отырыста полиорталыққа негізделген әлемдік жағдай қалыптастыру және халықаралық қауіпсіздіктің, бейбіт­шілік пен тұрақтылықтың ажырамас бөлігі саналатын ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды.

Сонымен қатар жиынға қатысушылар заңсыз көші-қонға қарсы тұру және әскери қақтығыстар, табиғат апаты мен техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде халықты қорғау салаларындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы өз сөзінде киберқауіп­сіздікке төнетін қатердің артқанын, соның ішінде ақпараттық-коммуникациялық техно­логиялар экстремистік және терро­рис­тік топтардың негізгі құралының бірі­не айналғанын атап өтті. Осы орайда Ғизат Нұрдәулетов Халықаралық ақпараттық қауіпсіздіктің жаңа архитектурасын құру қажеттігіне назар аударды. Бұл ретте аталған архитектура тең құқылық, сенім, ашықтық қағидаттары негізінде және барлық елдің мүддесін ескере отырып, БҰҰ аясында құрылуға тиіс.

Форум аясында Қазақстан Респуб­ликасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы бірқатар шетелдік әріптесімен келіссөздер жүргізіп, екіжақты ықпалдастық мәсе­лелерін қарастырды.