Руханият • 26 Сәуір, 2024

Қазақ капиталисі Баймұхамбет Қосшығұлов

403 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Ақмола-Астана тарихына қа­тысты ескі деректі кітаптарда, алғашқы ұлттық баспасөзде аты мен заты аталатын тұлғалар Баймұхамбет пен Құрманғали Қосшығұловтар туралы бүгінде біреу білсе, біреу білмейді.

Қазақ капиталисі Баймұхамбет Қосшығұлов

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

ХІХ ғасырдың аяқ шені мен ХХ ғасырдың басында қазақтың ірі капиталисі атанған, миллионер, 1-гилдиялы көпес, сол кезше айтсақ, Сібір-қырғыз (қазақ) аймағындағы беделді сауда-өнеркәсіп иесі Қосшығұл әулетін ұмыту елдікке де, ақиқатқа да қиғаш.

Халық «Байкөп» деп кеткен Бай­­мұхамбет Қосшығұловтың ата-тегі – Қуандық ішіндегі Алтай. Оның Алсай – Қожамқұл – Бигелді – Шақа тармағынан, одан тағы 9 ата тараған. Соның бірі – Дәуітбай, одан ағайынды Қосшығұл, Меңді­ғұл тарайды. Қосшығұлдан – Бай­мұхамбет. Меңдіғұлдан – Тамашал, олардың да ұрпақтары баршылық. Біз Шақа­ның үлкені, Дәуітбайдың ағасы Тілеп­тен тараймыз. Әйгілі әдебиетші-педагог, академик Серік Қирабаев – біздің аталарымызға немере. Ақмола өңірі – ежелден Алтай, Қарпық, Есен, Қарт, Өмір, Темір ұрпағы жай­лаған құтты мекен.

Таяуда «Egemen Qazaqstan» газе­тінде (03.04.2024 жыл) Л.Н.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлттық университетінің док­торанты Са­мат Жұматайұлы біртуар тұлға Шаймерден Қосшығұл туралы «Мем­лекеттік Дума депутаты, дін қайрат­кері» атты мақала жарияла­ды. Ол сонда марқұм Жайық Бектұ­ров, Шалқарбек Кәрібаев «жазып алған шежіре» дегенге сүйеніп (өзі­нің айтуынша), Баймұхамбет пен Шаймер­ден­ді бір атадан туған аға-іні етіп шығарыпты. Бұл – оқыр­манды адастыратын мүлдем қате дерек. Баймұхамбет туралы «Жаңа­арқа» энциклопедиясында, мер­зімді мәдени-танымдық басылым­дарда елеулі мақалалар жарық көрді. Біз жас ғалымға ауызша дерек­терге емес, ғылыми жарияланым­дарды салыстыра оқуға кеңес береміз. Егер тұлғаларды тегіне (фамилия­сы) қарап қана «ағалы-іні» етсек, өте ұят жағдайға тап болуымыз мүмкін.

мп

Баймұхамбет Қосшығұлов 1848 жылы туып, 1918 жылы қайтыс болған. Халық оның байлығына қарап, бірде Байкөп, кейде Майкөп деп атап кеткен. Оның туып өскен жері – қазіргі Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы аумағындағы Қарағаш, Келтетал, Өркендеу, Ақ­түбек мекендері. Ол әке-шешесінен ерте жетім қалып, ағайындары ара­сында ержетіпті. Сол кездері Ақмо­ладан келіп-кетіп кіре тартатын татар көпестеріне басында көмекші, кейін делдал бола жүріп, ақыры солар­ға ілесіп, біржола қалаға кете­ді. Оның пысықтығын көріп өзіне тартқан Мағсұт Ноғаев деген қаны татар, заты қазаққа жақын көпес екен. Ол Баймұхамбеттің ісі алға басқан соң пысықтығына риза болып, оған қызы Мәдинаны қосады, еншісін береді. Уақыт өте келе сауда ісін меңгеріп, дөңгелетіп әкеткен Баймұхамбет тез арада қаланың ірі байлары қатарына қосылады. ХІХ ғасырдың аяқ шенінің өзінде орыс, татар байларымен теңескен ол өзінің кәсіпкерлік ісін жан-жақты жүргізе бастайды. Ірі көлемдегі сауда ісімен қатар өндіріс орындарын да ашады. Соның ішінде кондитер фабрикасы, тері-терсек зауыты, сабын зауыты, кірпіш зауыты, шаруашылық құрал-жабдықтар шығаратын зауыт сияқты бірнеше кәсіпорыны болғанын көне көздер мен бірқатар деректі құжаттар да айғақтайды. Ол ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында-ақ кәсіпкерлік және сауда ісімен Ресей, Батыс Еуропа, Орта Азия елдерімен тығыз байланыс жасаған. Оның мұндай көпестік дәрежесінің өсуін 1906 жылы алған «2-гилдия көпесі», 1911 жылы алған «1-гилдия көпесі» атағы дәлелдейді. Дамыған Батыс Еуропада, қала берді патшалық Ресейде ірі көпестерге берілетін бұл шен осы екі дәрежелі атақпен айқындалған. Гилдия атағы әрбір ірі көпестің сауда-өнеркәсіп саласының ақша айналымына қосқан жарнасына қарай Ресей өнеркәсіп және сауда министрлігі тарапынан беріліпті. Бірінші гилдиялы көпестер ірі қаржы көлемінде Ресейден тысқары шетелдермен ірі мөлшерде көтере сауда жүргізуге, кәсіпкерлік қарым-қатынастар жасауға мүмкіндіктер алған. Осыған қарағанда Б.Қосшы­ғұлов жалғыз сол кездегі қазақ даласында ғана емес, Ресей патшалығындағы ірі кәсіпкер-көпестер қатарынан көрінгені сөзсіз. Мұны төмендегі дәйектерден аңғаруға болады: Санкт-Петербургте жылма-жыл шығарылып тұратын «Сибирский торгово-промышленный ежегодник» атты басылымда 1-гилдия кө­песі Баймұхамбет Қосшығұ­ловтың аты мен оның айналысатын кәсібі жөнінде мәлімет берілген. Мәселен, соның бірі «Сибирский торгово-промышленный ежегодник 1913 года, С-Пб. 1913 г.» басылымында Б. Қосшығұлов туралы мәліметпен бірге оның негізгі айналысатын қызметтері көрсетілген. Атап айт­қан­да, онда бакалея, керосин, мұнай, бояғыш (москательные) тауарлары, ыдыс және шаруашылық заттары, шай мен қант, пірәнік, кәмпит сияқты т.б. айналысатын тауарлары мен өндірістері жөнінде мағлұмат жазылған. Ол туралы мәлімет «Торгово-промышленный путеводитель и адрес-календарь Акмолинской области, г. Омск, 1911 г.», «Сибирский торгово-промышленный и справочный календарь 1894-1907 гг., г. Томск» атты басылымдарда да жүр.

Б.Қосшығұлов – тарихи Ақмо­­ла қаласын көтеруге атсалыс­қан тұлғаның бірі. Сол кезеңнің сәулетіне қарай жаңа құрылыстар салғызумен де айналысқан. Салғыз­ған екі қабатты бірнеше үйі, кәсіпорындары ғимараттары кешегі күнге дейін елге қызмет етіп келді. Сонымен қатар ол екі мешіт, медресе салдыртқан. Соңғысын ақмолалық ірі көпес Нұркей Забировпен бірлесіп көтеріпті. Мұны үлкен көк мешіт-медресе деп атаған. Ол 70-жылдардың басында бұзылып, орнына обком басшыларының үйі салынған. Қызыл кірпіштен тұрғызылған медресе ғимараты бүгінде банк кеңсесіне айналған.

Ал кондитер фабрикасы ғима­ра­ты бертінге дейін кеңестік талай кеңселер (бас­пахана мен газет редакциялары) орналасыпты. Бұл да 70-жылдардың басында бұзылған, бүгінде орнында Аш­тық құрбандары ескерткіші мен мейрамхана-орталық (бұрынғы «Тұрмыс үйі» ғимараты) тұр.

Сол сияқты Б.Қосшығұлов өзінің қара шаңғырағымен қоса енші алған 4 бала­сының бас-басына салғызған екі қабатты 5 зәулім үйі болған. Оның бәріне кейін (кеңестік кезең) облыстық, қалалық партия комитеттері, атқару комитеттері, кейін түрлі басқармалар мен мекемелер орналасқан. Мұның бәрі бас қаланың ескі орталығы саналады.

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр­дың бас кезеңдерінде қазақтар үшін қала атауы әлі жат болып, еті енді ғана үйреніп келе жатқан бетте Б. Қосшығұлов – ел азаматтарын қалаға қоныстануға шақырған азаматтың бірі. Оларға қаладан баспана салып беріп, кәсіпке бау­лығаны, талаптанғандарын оқыт­қаны туралы жиі айтылады.

Қосшығұлов әулетінің ең ірі істерінің бірі – Ақмолаға төрт жақ­тан да қиып өтетін Түмен-Ақмола-Ташкент және Орск-Ақмола-Се­мей магистралдары жобасымен темір­жол тарту жөніндегі Ресей теміржол қатынасы министрлігінің жоспарын жүзеге асыру үшін 1913 жылы шетел және орыс капиталистері бірлесіп құрған акционерлік қоғамға мүше болып, қаржы салғаны.

Бұл қалалық қазақ әулеті әрқа­шан ұлт салт-дәстүрін, мұсылман­шылықты берік ұстанды. Олар сау­да-өнеркәсіп қызметімен қатар мал шаруашылығын да өркендетіп, асылдандыру ісімен де айналыс­қан, сол кездегі зоотехникалық тәсілдерді пайдаланып, дамытқан. Ақмола қаласынан 10-15 шақырым жерде, Нұра өзені бойына жақын жайлауы мен қыстауы болған. Мыңдаған жылқы, ірі қара, отар-отар қой өсірген. Байкөптің өзі жаз бойы көбіне жайлауда жатады екен. Ақшаңқан үй тіктіріп, бие байлап, елдің игі жақсыларымен кеңескен. Тіпті егін егіп, бау-бақша салған. Мұны бізге Баймұхамбеттің (Байкөп) әйелі Мәдинаның немере сіңілісі Ноғаева (Мағсұтова) Әшірап Кәрімқызы әжеміз 90-нан асқан шағында әңгімелеп беріп еді. Ол кісі 1994 жылы Ақмолада қайтыс болды.

Баймұхамбет Қосшығұлов ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Қоянды, Атбасар, Қарқаралы, сол сияқты Ресей, Батыс Еуропа жәрмеңкелеріне белсене қатысып, ірі ұйымдастырушылар қатарын­да болғанын айта кету керек. Мұның өзі Қосшығұлов әулетінің сол кезде қазақ даласына еніп келе жатқан экономикалық өзгерістерді тиімді пайдалана білге­нін көрсетеді. Бір ғана Ақмола қала­сында өнеркәсіп орындарын сана­мағанда 16 сау­да-саттық және тамақтану (мейрамхана, асхана) орындары болыпты (Дубицкий А.Ф. «Пройдемся по улицам Целиног­рада», 1990). Бұрынғы ЦУМ, қазіргі әкімдік басқармалары орналасқан, ертеде жергілікті халық «Ақжапа» немесе «Көкдүкен» атаған, орысша «Зеленый ряд» немесе «Гостинный двор» деп атап кеткен зәулім сауда ор­ны да негізінен осы әулетке тиесілі.

Ел аузындағы бір әңгімені де айта кетейік. Бірде Ақмоладағы Бай­мұхамбетке аталас туысы әрі құр­дасы, Алтай-Қарпықтың мыңдап жылқы айдаған айтулы байы Жайма Ақпанұлы келеді. Байкөптің төрінде жантайып жатып: «Сенің байлығың менің пәлен мың малымнан түсетін байлыққа жете ме?» деп сұрапты. Сонда Байкөп есепшотты қағып-қағып жіберіп: «Сенің бүкіл мал-мүлкің маған бір аптада түсетін ақшаға жетпейді...» деген екен.

Сондай-ақ оның қазіргі Респуб­лика даңғылы мен Абай көшесінің қиылысында орын тепкен «ат қора­сы» кейін «Заря» кинотеатры­на, жартылай бөлігі дүкенге айналға­нын да көпшілік біледі. Бұл да 1972 жылы бұзылған.

Баймұхамбет Қосшығұлов 1918 жылы 70-ке қараған жасында тырысқақ (холера) ауруынан қайтыс болды. Сүйегі бүгінгі «Жастар» шағын ауда­нындағы ескі зиратқа жерленген.

Білімі аз болса да, білігі көп, сол кездегі да­мып келе жатқан капи­талистік қоғамның үрдісіне тез бейімделіп, жан-жақты ізденген Бай­мұхамбет Қосшығұлов еңбегі – бүгін де өнеге. Оның жолын көзі тірісінде-ақ биік деңгейге көтерген – үлкен ұлы Құрманғали еді.

Ол – 1878 жылы туған, жас­тайынан әке тәрбиесін сіңіріп өскен, Ақмолада медресе, гимна­зия бітіріп, Санкт-Петербург технология институтынан инженер-тех­­но­лог мамандығын алған алғаш­қы қазақ­тың бірі. Сол кезеңде Қос­шұғыл әуле­ті кә­сібінің оза дамуына, өрлеуіне не­гіз сал­­ған, сыртқы экономикалық бай­ла­ныс­­тарын жетілдіруге, өнеркәсіп саласын орнықтыруға, қаржы-банк жүйесін жүргізуге бастама жасап, іске асыру осы Құрманғали есімімен тығыз байланысты. Заманындағы Ресей, Еуропа экономикасын көріп-біліп, оқып-тоқып келген Құрманғали Баймұхамбетұлы ХХ ғасырдың алғашқы жылдарынан-ақ әкесінің ісін жаңаша прогресшіл жолмен жалғастырды. Екі дәре­желі гилдия атағының 1-іне ие болуы да – оның білімі мен еңбегі. Ол – Ақмола уезі­нің мүшесі, әскери-лауазымдық шен иесі. Құрманғали әкесінің кәсі­бін кеңейте отырып, Ресейден де әрі шығып, Германия, Англия, Аустрия сияқты мемлекеттермен сауда-эко­номикалық байланыс орнатты.

Баймұхамбетұлы Құрманғали – Санкт-Петербургте оқып жүргенде-ақ автомобиль жүргізудің оқуын қоса игеріп, оны айдау жарыстарына қатысқан алғашқы спорт­шы. Ол сол автомашинаны шамамен 1903-1905 жылдары алғаш Ақмолаға жеткізген. Тіпті өзімен әріптес, қалтасы қалың байлар­дың тапсырысымен автомобиль сау­дасын жүргізген. Ол алғашқы авто­мобильді Ақмоладағы фотограф К.П.Шаховқа, қала мэрі, көпес А.Куб­рин­ге сатқан. Дей тұр­ғанмен Құман­ғали алыстан ойланған. Бұл жоспар Ақмолада автомобиль зауы­тын салып, осында темір көлік шығару еді. Оның кенже інісі, Баймұхамбетұлы Бек­мұхамбеттің айтуына қарағанда, «Құр­манғали Германия кәсіпкерлерімен 1912-1913 жылдары Ақмолаға автомобиль зауытын соғу (кейбір де­рек­терде «Опель» компаниясы дейді) жөнінде келісімшарт жасас­қан». Бұған негіз де бар еді. Мәсе­лен, Ат­басарда, Ақмолада Құрман­ғали­дың ұйымдастыруымен герма­ния­лық атақты «Зингер», «Сала­ман­дра», «Якорь» ком­пания­лары­­ның өкілдіктері мен филиалдары жұмыс істеген. Кәсіпкер Қосшы­ғұлов әулеті осы компаниялар жұ­мы­сын қазақ даласында алғаш ұйымдастырушылар ретінде танылған.

Бұл үлкен істің аяқсыз қалуына 1914 жылғы Германия мен Ресей арасында басталған, арты бірінші дүниежүзілік соғыс­қа ұласқан халықаралық ахуал кедергі болған. Алаш автономиясы, Алаш­орда үкіметі орнаған кезде Қосшы­ғұлов әулеті ұлт мүддесін қорғаған. Әли­хан Бөкейхан бастаған тұлғалармен байланыс жасаған. Соның ішінде ақын Мағ­жан Жұмабаймен кездескен, 1917 жыл­дың жазында Ақмола облыстық қазақ сиезін өткізуге көмек көрсеткен. Құр­ман­ғали Ақмола облысы атынан Мәскеу­ге Бүкілресейлік мұсылман сиезіне Мағжан­мен бірге барып қатысқан.

Сәкен Сейфуллинмен де жақсы қарым-қатынас жасап, Ақмоладағы «Тіршілік» ұйымы мен осы аттас газетке қаржылай қолдау көрсеткен.

Кеңес өкіметі орнаған соң, Қосшығұлов әулеті де қуғындалып, барлық мүлкі тәркіленіп, кеңес өкіметіне көшеді. Күллі дүние-мүлкін, өнеркәсіп, сауда-саттық, басқа да орындарын санамағанда банктегі қаржысыннан 1 миллион сом өткізген деген дерек бар.

Большевиктік, таптық өкімет Қосшы­ғұлов әулетінің тоз-тозын шығарып, Құр­манғалидің інісі Бекмұхамбетті, баласы Хасенді ұзақ жылға (20-25 жыл) соттап жібереді. Уәли, Мұхаметқали, Нұрмұхамед, Қадыркей тағдыры айтуға да ауыр. Содан Құрманғали 1928-1940 жылдар аралығында отбасымен Жаңаарқа жақтағы атамекені Келтетал, Өркендеу, Бөтей бойында біраз болады. Қайда барса да, қуда­лау көреді. Содан Қарағанды жаққа барады. Елге соңғы рет 1951 жылы отбасымен (қасында ұлы Хасеннен туған немерелері Рүстем мен Шыңғыс болған) келіп, жаз бойы біраз тынығып, «енді оңтүстікке кетіп бара жатқанын» айтып, қошта­сып кетеді. Сөйтіп, Шымкент жаққа ауып кеткен қарындасы Райхан мен күйеубаласы Ғалидің (Бегишев) қолына барып паналайды.

Кейбір дерекке қарғанда, Құр­ман­ғали Баймұхамбетұлы 1954 жылы Шымкент қаласында қайтыс болған. Немере қарын­дасы Мәдинұр (Қосшығұлова) Бегишева пікірінше, Қырғызстанның бұрынғы Ош, кейінгі Жалалабад облысы Алай ауылында 1954 жылы қайтқан.

Құрманғалидің Хасен деген ұлы түрме­ден шығысымен әбден әлсіреп, ауырып, Ақмолада қайтыс болыпты. Одан туған Рүстем, Шыңғыс деген балалары көп уақыт Қырғызстанды паналаған. Хасеннен туған Найб атты ұлы 2003 жылы осы Астана қаласында дүниеден өтті.

Жалпы, Баймұхамбеттен 6 ұл, 1 қыз туған. Олар – үлкені Құрман­ғали, одан кейін­гілері Мұхаметқали (Мүкам, Шым­кент жақта қайтқан деседі), Мұхаммет-Уәли (Уәли, 1922 жылы құсадан өлген), Нұрмұхам­бет (Нұркей, 1932 жылы аштықта өлген), Қадыркей (1920 жылы қайт­қан), Бекмұхамбет (Бике, 1981 жы­лы қайтты), қызы Райхан (Шым­кентте 1970 жылы қайтқан). Осылардың ішінде Уәлидің ғана ұрпағы қазір Астанада тұрып жатыр. Жоғарыдағы шежіреге күдік келтіргендер ақиқатты осы кісілерден де сұрай алады.

Енді біздің ерекше тоқталатыны­мыз – Баймұхамбеттің кенже ұлы Бек­мұхамбет (Бике) туралы. Біз осы атамыздың қолына су құйып, қасында жүріп, біраз жайға қанық­қан едік.

Бике атамыз 1896 жылы Ақмола қаласын­да туған. Әкесінің көпейі, ағаларының ортасында ерке өскен ұл бола отырып, жергілікті медресе, гимназияда оқып, үздік тә­мам­даған. Жастайынан өте зерек, қазақ­ша­сынан басқа татарша мен орысшаны былай қойғанда, араб, неміс, француз тілдерін жақсы білген. Бекмұхамбет 1914 жылы Мәскеу Политехника институты ағаш өңдеу өнеркәсібі мамандығына түскен. Институтты аяқтауға шамалы уақыт қалғанда 1917 жылы қазан төңкерісі басталып, кеңес өкіметі келіп, аумалы-төкпелі заман орнап нақақ қудалауға түскен. Содан елге, Ақмолаға қашып келеді. Мұнда алғашқы жылдары кеңес өкіметіне қызмет етеді. Алайда бай баласы болған соң, әрине, тағы қуғындалады. Бекмұхамбет 1928 жылы бай тұқымы деген айыппен 25 жылға айдалып кете барған. Ол атақты Колыма лагерінде жан азабын тартады. Білімінің, бірнеше тілді еркін меңгеріп, жаза білуінің арқасында лагерь түрме кеңсесінде іс жүргізуші, аудармашы болып, аман қалады. 18 жылдан соң 1946 жылы елге аман-есен оралады. Ақмолаға келгенмен де НКВД-ның үнемі аңдуында, қуғын көруінде болады. Ақыры олар күн көрсетпегесін ел жаққа жылжып, ауылдағы ағайындар ортасына барып қосылады. Оның қалған өмірі басында Жаңаарқа өңіріндегі әлі көшіп-қонып жүрген ауылдарда, кейін Қаражал қаласында өтті. Өте қағидатшыл, әділ болатын. Өмірлік жары Люба апамызды түрмеден келе жатып жолда кездестіріп, не­міс­­ше сөйлесе келе тіл табысып, елге бірге ала келеді. Өмірінің соңы­­на дейін Бике атаның қасы мен қаба­­ғына қараған Любовь Карловна Қос­шы­ғұлова мұсылмандық парызын орындап, қазақ тілі мен салт-дәстүрін берік ұстанды. Бике атамыз қайтқан соң «жалғыз өзіңізге тұру қиын ғой» деген ағайындар «Бай атамыздың, Бикенің шаңырағын құлатпаймын», деген сөзін естіді. Бике (Бекмұхамбет) атамыз 1981 жы­лы Қаражал қаласында дүниеден озды.

Қазақтың капиталисі атанған Баймұ­хамбет, Құрманғали Қос­шы­ғұлов әулетінің трагедиясы – қазақтың трагедиясы. Бәрі өз қал­пында жүрсе, осыдан жүз жыл бұрын-ақ өндірісті елге айналар едік, амал бар ма?

Бике атамыз айтып отыратын: «Құр­манғали ағам Ақмоланы қазақтың ордасы етсек, анау Петер­бург, Мәскеу, Еуропаның қалалары сияқты өнеркәсібі, мәдениеті көркей­ген орталыққа айналдыр­сақ деп армандаушы еді. Адамнның дегені болмайды екен...», деп.

Кәмпескеден кейін 1929-1930 жылдары Құрманғали отбасымен елге келгенде, жұрттың әбден жү­деген түріне қарап: «Әттең, мына таршылық заман басымдағы бақ-дәулетімді жұлып алды», дегенін 2001 жылы 90-ға жақындап өмірден өткен Нұрмағамбетқызы Жаңылшақ әжеміз есіне алып, әңгімелеп отыратын.

Бүгінде байырғы Ақмола, қазіргі қазақтың астанасында Қосшығұлов әуле­тінің ізі көрінбейді. ХХ ғасыр­дың 70-жыл­дарының ортасына дейін болған осы шаһар­дағы «Бай­көптің үйі», «Байкөптің ат­қорасы», «Байкөптің дүкені» деген атаулар­ды көнекөздер ғана біледі. 2-гилдиялы көпес М.Кубрин атында көше, тіпті үйінің жаңғыртпасы бар. Ал Ақмолаға өлшеусіз еңбек сіңірген әкелі-балалы Баймұхамбет, Құрманғали Қосшығұловтар тағдыры мен тарихы «Ұрпағым-ау, бұларың қалай? Аруақ аттамаңдар!» деп тұрғандай...

Біздіңше, елордалық ономастика комиссиясы осы мәселені кешіктірмей күн тәртібіне шығару керек. Ескі қала ортасындағы бір көшені «Көпес Қосшығұловтар» атауын берсе деген ұсынысымыз бар.

Айтқандайын, осы мақала даяр­­ланып жатқанда, докторант Самат Жұматайұлы бізбен хабарлас­ты. Көрсеткен нақты дерек, фото, мәліметтерімізден соң 3 сәуірдегі мақаласындағы біржақты мәліметі үшін ғафу өтінді. Бірақ бізге оның ГосДума депутаты, сүйегі ашамайлы Шәймерден Қосшығұл туралы ізденісі ұнады. Осы тұлға­ның есімінде Астанада үлкен даң­ғыл бар. Жас тарихшы келешекте Баймұхамбет, Құрманғали Қос­шығұловтарды танытуға белсене атсалысатынын жеткізді.

 

Ерлан Күзекбай,

өлкетанушы