Қазақстан • 29 Сәуір, 2024

Отандық өндірушілер үшін сатып алу ережелері жетілдірілді

124 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Жолдауында офтейк-келісімшарттар жүйесін толыққанды іске қосу және отандық өндірушілермен үлесті кемінде 10%-ға дейін жеткізу қажеттігін атап өткен еді. Осыған орай «Самұрық-Қазына» қоры бірқатар шараларды қарастырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отандық өндірушілер үшін сатып алу ережелері жетілдірілді

Фото: sk.kz

Атап айтқанда, отандық өндірушілер үшін сатып алу үдерісін жеңілдетуге бағытталған өзгерістер енгізілді.

Қабылданған шаралардың ішінде отандық тауарларды сатып алу бойынша міндеттемелерді орындамаған жағдайда құрылыс-монтаждау жұмыстарының мердігерлері үшін жауапкершілік күшейтілді, сондай-ақ Қор компаниялар тобы сатып алатын жұмыстар мен қызметтерді жеткізушілерге жергілікті өндірушілерден тауарларды сатып алу міндеттелді.

Skstore.kz электрондық дүкен арқылы шекті сатып алу сомасы 4 мыңнан 20 мың АЕК-ке дейін (74 млн теңге) ұлғайтылды, бұл шағын және орта бизнестің Қордың сатып алу қызметтеріне қолжетімділігін жеңілдете түседі.

Сонымен қатар бірқатар процестерді автоматтандырудың арқасында жеткізушілердің Қорды сатып алу қызметіне қатысу рәсімі жеңілдетілді. Яғни, техникалық сипаттамалар, электрондық шот-фактуралар, тендерлік өтінімді қамтамасыз ету және тағы басқа процестер кіреді.

Сондай-ақ Жаңа өндірістер құру жөніндегі бағдарламаның жаңа әдістері талқыланды, бағдарлама ішкі нарықта өнім тапшылығы болған кезде 20 жылға дейінгі мерзімге офтейк-шарттар жасасу мүмкіндігін көздейді.

Импортты алмастыруға арналған тауарлар пулы жалпы сомасы 966 млрд теңге болатын 7 754 позицияға дейін кеңейтілді.

«Бұл ретте, келісімшарт жасасу кезінде өндірушілерге, оның ішінде ірі кәсіпорындарға өз өндірісінің айналасында шағын бизнес белдеуін құру жөніндегі міндеттемелер белгілеу мүмкіндігі көзделген», деді Қордың құқықтық сүйемелдеу, қамтамасыз ету және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директоры Николай Казутин.

Айта кетейік, қолданыстағы бағдарлама аясында 2018-2024 жылдары Қордың жасалған офтейк-келісімшарттарының саны 531 құрады, жалпы сомасы - 128,5 млрд теңге.

Биыл портфельдік компаниялардың басшылары үшін офтейк-келісімшарттардың үлесін сатып алу қызметтерінің жалпы көлемінен 10% кем түспейтін деңгейде ұлғайту бойынша пайдалы әсер коэффициенті (ПӘК) белгіленді.