Қоғам • 29 Сәуір, 2024

70 адамды 78 млн теңгеге алдап кеткен: Қостанайда алаяқ ұсталды

74 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұсталған келіншекке екі немесе одан да көп адамға қатысты бірнеше рет ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып тағылды, деп хабарлайды Egemen.kz

70 адамды 78 млн теңгеге алдап кеткен: Қостанайда алаяқ ұсталды

фото: kz.oqu.news

Турагент 2021 жылдың ортасынан бастап өзінің жеке кәсібі арқылы келісімшарттық қарым-қатынаста жұмыс істеген туроператорлардың турпакеттерін сатумен айналысқан.

«2022 жылдың маусымынан 2023 жылдың маусымына дейін ол турагенттің атын жамылып, азаматтарға туристік пакеттер ұсынған. Іс жүзінде ол Жапония, БАӘ, Түркия, Дубай, Египет, Таиланд, Вьетнам және басқа елдерге бару үшін төленген ақшаны жымқырған», делінген Жоғарғы Соттың хабарламасында.

Жәбірленушілер туристік сапарлардың құнын алдын ала толық төлеген.

Әйел адам азаматтардан жымқырған қаражатты толығымен қалтасына басқаны анықталды. Ал жәбірленушілер іс жүзінде ешқайда саяхаттай алмайтынын, ақшасынан қағылғандарын тек әуежайда білген.

«Алаяқ тергеу амалдары жүргізіліп жатқан кезде тағы екі азаматты алдап үлгерген, оның бірі - сыныптасы», делінген хабарламада.

Оның қылмыстық әрекеті салдарынан 70-ке жуық жәбірленушіге 78 миллион теңгеден астам ірі көлемдегі материалдық шығын келтірілген.

Турагенттің кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен, банк шотынан үзінді көшірмелермен, сондай-ақ басқа да іс материалдарымен дәлелденді.

Жалған турагент өз кінәсін толық мойындап, зардап шеккендерге өтемақы төлеуге уәде берді.

«Сот айыпталушыны туризм саласындағы қызметпен 6 жылға айналысу құқығынан айыра отырып, 4 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды», делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.