Аймақтар • 30 Сәуір, 2024

Көрдік біз барып Күршімді

43 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Журналистер мінген шағын автобус Өмеш асуынан асып, Самар мен Ұлан аудандарын басып, паромға жетіп тоқтаған. Баспасөз турының бағыты – Күршім. Мақсат – Бұқтырма суқоймасына салынып жатқан көпір құрылысын көру, аудандағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралау.

Көрдік біз барып Күршімді

Суреттерді түсірген – автор

Көпір құрылысы жыл соңында аяқталады

Күршім – көрікті өлке. Етегі Ертіс пен Зайсанға малынып жатса, желке тұсы – Нарын жоталары мен Алтай тауының күнгейі. Асты-үсті байлыққа толы құйқа­лы даланы қақ жарып, Күршім өзені ағады. Осынау ғажап өлкеге табанымыз тие сала аудан тұрғындарына арман болған көпір құрылысына қарай тарт­тық. 1960 жылдардан бері пароммен қатынап жүрген күршімдіктер мен мар­қа­көл­діктердің аралда қалғандай күй кешіп келгені шындық. Екі жақты жалғап тұрған көпір құрылысы жоспардағыдай жыл соңына қарай аяқталса, келер жылы жолаушылар сарылып, паром күтпейді. Керілген көпірмен зулайды.

р

Қыстың күні техникалық көпір ашылып, жұмыс ширай түсіпті. Алды су түбіне соңғы колонналарды қағып жатса, енді бір тобы негізгі көпір үстінде арматура темір тоқуға кірісіп кеткен. Өрмекшінің торындай айқыш-ұйқыш арматураға қарап, көпірдің беріктігін байқауға болатын сияқты.

– Аспалы көпір құрылысының 85 пайызы орындалды. Қазір үш тіреуді бұрғылау жұмыстары жүріп жатыр. Оны бұрғылап болған соң бетон құямыз. Мұн­дай нысан елімізде алғаш рет салынып жатқандықтан, өте мұқият болуымыз керек. Қазір жұмыстар кестеге сәй­кес жүргізіліп жатыр. Осы қарқынмен жалғасса, желтоқсанда аяқталып, ел игілі­гіне беріледі, – деді «Облшығысжол» ЖШС директорының көпір құрылысы бойынша орынбасары Нигматулла Абдулхаков.

Құрылыс басында жұмысшы мен техника жеткілікті. Қазір 184 адам екі ауысымда жұмыс істеп жатыр. Әр жұмысшы арнайы тапсырма бойынша жұмыс істейді. Әркімнің өз міндеті бар.

Еліміздегі ең ұзын көпірдің бас-аяғы 1 300 метрден асады. Ал тіреулер – 40 метрден аса тереңдікте. Көпір қол­данысқа берілген соң Күршім, Мар­қакөл, Тарба­ғатай және Зайсан тұрғын­дары облыс ор­талығына емін-еркін қатынай алады. Өткел тәулігіне 20 мың­­нан аса авто­мобильді қабылдауға қау­қарлы деседі.

Айта кетейік, өткел мәселесі «Egemen Qazaqstan» газетінде көтерілген. Оны оқыған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дереу Үкіметке тапсырма беріп, 2021 жылы көпірдің құрылысы басталып кетті. Жалпы, бұл жолғы баспасөз турында аралайтын бірқатар нысандағы орын алған мәселелер газетімізде жа­зыл­ған. Соған қарағанда, шешімін тап­қанға ұқсайды. Мәселен, «Балтыр батыр­маған бассейн» деп осыдан екі жыл бұ­­рын құрылысы қаңтарылып тұрған бас­сейн­нің жырын айттық. Рас, қыруар қаржы бөлініп, орта жолда қалған нысан қаншама? Әйтеуір, Күршімнің кіребе­рі­сіндегі бұл бассейннің құрылысы толық аяқ­талып, тұрғындардың игілігіне бері­ліпті. Аудан әкімінің пікірінше, бассейн шығынды өте көп қажет ететін нысан.

с

– Бассейнді ұстап тұру өте қиын. Жылу үшін айына 6 млн теңге төленеді. Суды 27 градуста ұстап тұру үшін қаншама энергия қажет. Маған салса, бассейн емес, денешынықтыру сауықтыру кешенін салар едім. Ескі ғимаратты спорт кешені ретінде ашып қойғанбыз. Жаттығып жүрген жастар сонда көп. Ауылда 8 мың халық тұрса, оның 3,5 мыңы – жастар. Денешынықтыру сауықтыру кешенінің жобасын жасадық. 1 млрд 600 мың теңгеге шықты. Бәрі жоспардағыдай болса, Күршім аулының ішіне үлкен бір спорт нысаны салынады, – дейді аудан әкімі Алмат Ақышев.

 

Жеті учаске – жіті бақылауда

Күршім – сулы өңір. Сондықтан да тасқынға тосқын қою жұмыстары мұнда мықтап қолға алынған. Себебі жеті ауылды су басу қаупі әлі де бар. Қазір 7 учас­кеде биіктігі 3,5-4 метр болатын бөгеу салынып жатыр. Атап айтсақ, су басу қаупі бар ауылдар – Топтерек, Бірлік, Бурабай, Маралды, Үшбұлақ ауылдары. Сондай-ақ Қалғұты өзенінің бойына да бөгеттер тұрғызылды.

– Күршім өзенінің бойындағы су басу қауіп бар 7 учаскеде жағалауларды нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың бірі – Бірлік ауылы. Бұл жердегі дамбының ұзындығы – 760 метр, биіктігі 3,5 метрді құрайды. Қалған ауылдардағы дамбылар – 500-800 метр аралығында. Мөлшермен екі-үш күнде барлық жұмыс аяқталады, – деді «Amanat» партиясы Күршім аудандық филиалының төр­ағасы Данияр Қалиев.

Ауданда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Жағдай – жергілікті биліктің үнемі бақылауында. Алда-жал­да су ауылдарға жайылса, тұрғындар үшін төсек-орынмен, басқа да қажетті заттармен жабдықталған эвакуациялық пункттер дайын.

– Біздің жақта таудың қары маусымға дейін жатады. Демек қауіпті кезең жазға дейін созылады. Қазір барлық күш­ті жағалауларды нығайтуға жұмсап жа­тыр­мыз. Судың көлемін 24 сағат бақы­лауда ұстап отырмыз. Техникалар саны жеткілікті. Тасқынның екінші толқынына дайынбыз, – дейді аудан әкімі Алмат Талғатұлы.

Өзен ғана емес, кезінде құрғап қалған каналдар да суға толыпты. Қайбір жылы Жауғашты каналына су шықпай, бойын­дағы ауыл тұрғындарының бақша­сы құрғап қалған-тұғын. Бұл мәселені де аудан әкімі дереу қолға алып, каналға су көтерілді дегенді естігенбіз. Бүгін БАҚ өкілдері көзбен көріп, анық-қанығына көз жеткізген.

 

Жабылған ауыл ашыла ма?

Ауданда атқарылып жатқан жұмыс­тар аз емес. Халық қалаға үдере көшіп жат­қан мына заманда жабылып қалған ауылдың қайта түлегенін естіп пе едіңіз? Біз көрдік. Аудан орталығына таяу жер­дегі Бесжылдық ауылы «ауыл» мәр­тебесінен айырылып қалғанымен, аудан басшылығы көңіл бөліп, қайта қалпына келтіру үшін ауыз толтырып айтатындай жұмыстар жүргізіп жатыр.

Сарыөлең ауылдық округіне қарасты Бесжылдық ауылы халық санының күрт азаюына байланысты «ауыл» мәрте­бесінен айырылған еді. Қазір ауылға асфальт төселіп, балаларға арналған ойын алаңы салынған. Көпбалалы отбасылар үшін 4 бірдей баспананың құрылысы жүріп жатыр.

мс

– Былтыр жолға асфальт төселді. Алдағы уақытта жарық тартуды да жоспар­лап отырмыз. Қазір бой көтеріп жат­қан 4 баспанаға кем дегенде 25 адам көшіп келеді. Бізден келіп жер сұрап, көшіп келуге ниет танытып отырғандар бар. Яғни тұрғындар саны біртіндеп көбейеді. Біздің мақсат – осы елді мекенге ауыл мәртебесін қайтару, – дейді аудан әкімі Алмат Ақышев.

Заңды парақтасақ, ауыл мәртебесі болуы үшін ауылдағы тұрғындардың саны ең кемі 50 адам болуға тиіс. Қазіргі таңда Бесжылдық ауылында 58 тұрғын бар. Төрт үйдің құрылысы аяқталып, көпбалалы отбасылар көшіп келсе, тұрғындар саны да әлі де артады.

 

Көпқабатты үйге жылу тартылды

Ауыл-ауылды аралаған баспасөз өкілдері аттың басын аудан орталығына бұрған. Мұндағы басты мәселенің бірі – орталықтандырылған жылу. Күршім ауылында 36 көпқабатты үй болса, оның үшеуі ғана орталық жылу жүйесіне қосылған. Көпқабатты үйде тұрады деген аты ғана. Әйтпесе, жер үйдегідей от жағып, күл шығарады. Паром арқылы жеткізілген көмірдің бағасы удай. Ал электр желісін қосып отырғандар айына кем дегенде 40-50 мың теңге төлейді.

Аудан әкімі Алмат Ақышев отыз жылдан бері шешілмей келе жатқан бұл мәселеге бірден назар аударып, орталық аурухананың қазандығын әкім­діктің теңгеріміне алған. Сол арқылы ауылдағы көпқабатты үйлерге жылу тарта бастаған. Мәселен, былтыр екі көп­қабатты үй мен екі әлеуметтік нысанға жылу жеткізген.

– Көпқабатты үйде пеш жағу оңай емес. Электр тоғы да қарапайым халық­тың қалтасына салмақ түсіреді. Аудан­дағы жылу мәселесімен айналысып, шешімін таптық. Қазір аурухананың жылу қазандығын әкімдіктің теңгеріміне алдық. Өткен жылы 3 жылу қазандығын қойып, №3 мектепке, балабақшаға және 2 көпқабатты үйге жылу тартқан едік. Ешқандай проблема шыққан жоқ. Биыл да жұмысты жалғастырамыз, – дейді
аудан әкімі Алмат Ақышов.

Бұл игі істің басталғанына отыз жыл от жаққан Күршім аулының тұрғын­дары әлбетте қуанып отыр.

– Бұған дейін үйді электр желісі ар­қы­лы жылытып отырдық. Айына 40 мың теңгедей кететін. Аязды күндері 70 мың­ға дейін төледік. Пеш жақсақ, 6-7 тон­­на көмір аламыз. Оның тоннасы – біз­ге жеткенше 30-35 мың теңге. Бұлай жүр­генімізге 30 жылдай уақыт болып­ты. Биыл содан бері бірінші жыл орта­лық­тың жылуымен шықтық, жақсы. Ешқан­дай проблема болған жоқ, – дейді аудан тұрғыны Көбеген Нұғымаров.

Жергілікті әкімдік өкілдері бұл жұ­мысты жалғастыру үшін Қазпошта ғимаратының жылу қазандығын да сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

– 2024 жылы кем дегенде 5-6 көпқабатты үйге және 9 әлеуметтік нысан­ға жылу тартамыз. Оның өзі бюджетке үлкен үнем әкеледі. Сондай-ақ тұрғындардың өмір сүру деңгейі артып, жағдайларын жақсартуға да ықпал етеді, – дейді аудан әкімі.

Осы уақытқа дейін аудандағы екі мектеп пен балабақша да электр желісі арқылы жылытылған. Биыл орталық жы­луға қосылған соң бюджеттен 43 млн теңге қаржы үнемделіпті. Аудан әкі­мінің айтуынша, қазандық халықтың қал­тасына ғана емес, жергілікті бюджетке де оң әсер еткен. Ауылдағы 36 үй мен әлеуметтік нысандарды бір-екі жылдың көлемінде толықтай орталық жылуға қосу мүмкін емес. Ең бастысы, бұл ба­ғытта жұмыстар басталды. Нәтижесін ел көріп отыр.

Күршімнің көркейіп келе жатқанын көрген БАҚ өкілдері көз байлана паромға жетіп тоқтаған. Биылдан кейін көпірмен зытып бара жатармыз...

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Күршім ауданы