Әскер • 30 Сәуір, 2024

Әскери теңізшілердің әлеуеті зор

41 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің қорғаныс іс­тері құрылымдары қа­та­­рында әскери-теңіз күш­терінің де өзіндік орны бар. Бұл бірегей әске­ри бөлім 1993 жылғы сәуірде Президенттің Жарлығымен құрылды.

Әскери теңізшілердің әлеуеті зор

Қарулы Күштердің бұл әскер түрі батыс стратегия­лық бағытында қол сұғылмау­шылықты, еліміздің аумақтық тұтастығын қорғауға арналған. Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы мемлекеттің аумақтық тұтастығын көздің қарашығындай қорғау, ел еге­мендігі мен экономикалық мүд­делерін сақтау сынды ауқым­ды міндеттерді орын­­дайды. Теңізде жүзу­дің на­вигациялық-гидрогра­фиялық қауіпсіздігін қамтама­сыз етеді, Төтенше жағдайлар минис­трлігінің қызметтерімен бірге іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізеді, мемлекеттік орган­дарға табиғатты қорғау және бақылау функцияларын жү­зеге асыру кезінде көмек көрсетеді.

Қазіргі кезеңде Әскери-теңіз күштеріне жағалаудағы байланыс, теңіз жаяу әскерлері, арнайы мақсаттағы және қам­та­масыз ету бөлімшелері кіре­ді. Әскери кемелер зама­науи қару-жарақпен жасақ­талған.

Биыл «Бірлестік-2024» оқу-жаттығуын өткізу жоспар­ланған. Жаттығу барысында теңіздегі көріністер, десант түсіру, бірлескен артил­ле­риялық атыстар мен жауын­герлік жаттығулар пысықта­лады. Әскери-теңіз күштерінің құрамында отандық және шетелдік соңғы үлгідегі кемелер бар. Елдің қорғаныс-өнеркәсіптік кешені бұл әскерді заманауи техникамен қамтамасыз етеді.

Былтырдан бері Әуе қорға­нысы күштерінің әс­кери институтында әскери теңізшілерді «әскери істегі теңіз техникасы және технологиялар» ма­ман­дығы бойынша даярлау жүзеге асырылып келеді. Теңіз мамандығының негіздерін болашақ штурмандар мен механиктер Ақтөбе әскери оқу орнындағы әскери-теңіз пәндері кафедрасында, ал бейіндік пәндерді үшінші-бе­сін­ші курстарда – Ақтау қала­сының Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің базасында меңгереді. Әскери теңізшілерді Ақтау қаласы Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығу орталығында да оқы­та­ды, онда жас буын кеме қызметінің ұйымдас­тыры­луымен және олардың құры­лысымен танысады.

Әскери-теңіз күштері офицерлерінің біліктілігін арттыру және оқыту Германия, Қытай, Ресей, АҚШ, Түркия және Оңтүстік Кореяның жетекші әскери оқу орындарында ұйымдастырылады.

Кәсіби шеберлік, жанқияр­лық қызмет және рухтың беріктігі – әскери теңізшілерді ерекшелейтін қасиеттер. Оларға елдің бірлігін, аумақ­тың тұтастығын және эконо­микалық мүдделерді қорғау жөнінде аса жауапты міндеттер жүктелген. Әскери теңізшілер құрылған уақыттан бергі отыз жылдан астам уақыт ішінде қарт Каспийдің атырабында ұйымдастырылған барлық кешенді жаттығуда өздерін білікті маман ретінде танытты, жүктелген оқу-жаттығу, жауынгерлік міндеттерді абыроймен орындады. Әскери-теңіз күштері алдағы уақытта да Каспий теңізі секторында егемен еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін, тәуелсіздігі мен ел тұтастығын сақтау жолында қапысыз қызмет ете беретін болады.