Басылым • 03 Мамыр, 2024

Оқырманға жол тартты

91 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық ака­демиялық кітапханада қоғам қайрат­­кері, қарымды қаламгер Әкім Ысқақ­­­­­тың өнер кеші өтті. «Адам іздеп жүрмін!» атауымен өткен кездесуде жазушы-журналист, сазгер, сатириктің «Менің Қосжаным», «Күн ұлымын», «Біздің Бапақ» кітаптарының тұсауы кесілді.

Оқырманға жол тартты

Тағлымы мол рухани­ іс-шара­да оқырман қо­лына енді тиген туын­дының біреуі ақын Қос­жан Мүсі­ре­пов туралы болса, қал­ғаны бала­ларға арналған. 30-ға­ жуық кіта­бы жарық көрген жазушының «Қоша­қандар» өлеңі 1974 жылы жария­ланыпты. Сол жылдар­дан бастап ол «Жү­рек­тегі жазуларын» жалғастырып келеді.

– Адамда жүрек болса ғана бір-бірін іздейді, сағыныш болады. Кездескенде жаттанды сөз емес, жүрек үнін айтады. Мен үшін бұл кеш сондай болды. Атам жарықтықтың қай­тыс болғанда кабинетіндегі үсте­лінен екі қалың дәптері табыл­ды. Осы­дан елу жыл бұрын жазылған: «Ешқашанда жақ­сы­лықтан үміт үзбеңдер. Жаман­дық іздеме. Адал адамдар іздеңдер, олар өмірдің мәні мен мағы­насын ұғындырады», деген өсиет сөздер ешқашан жадымнан шық­қан емес. Шынында мен өмір бақи адам іздеп жүрмін. Кіта­­бым­­ның аты да «Адам іздеп жүрмін», – деді жазушы Әкім Ысқақ.

Қаламгердің «Ерте есей­ген қыз», «Темір табыт», «Асқа­ров­тың кадры», «Көңіл қым­бат», «Алтыным» туындылары­ оқыр­ман­­ның әлі жадында. Әдеби-саз­­ды кеште өнер иесінің әндері шыр­қалып, көпшілік қауым көр­кем­­сөз шеберінің жырларымен су­­сындады. Шығар­машылық жиында Сенат депутаты Әли Бек­таев Сенат төр­ағасы Мәулен Әшім­баевтың құт­­тықтау хатын тапсырды. Сон­дай-ақ Мәдениет және ақпа­рат, Оқу-ағарту минис­трінің де құт­тықтаулары оқылды.

Әкім Ысқақ – тұңғыш қазақ тілін­де жазылған «Халық­тың көші-қоны туралы» заңның авто­ры. Депутат болған тұста Ауған­стан мен Пәкстаннан 700 қазақ­тың Қазақстанға келуіне жәрдем­дескен. Бұл туралы мемлекет және қоғам қайраткері Мұхам­бет Көпеев «Бір жылдың көле­мінде Әкім осы заңды алып шық­ты. Қаншама қандасымыз елі­мізге оралды. Бұл заң өмір­шең заң болды», деп пікір біл­дір­ді.

Рухани кешке Сенат, Мәжі­ліс депутаттары, мемлекет қайрат­керлері, тағы басқа белгілі тұлға­лар қатысты.

– Әкім Ысқақтың шығар­ма­лары адамдарды жақсылыққа, адам­гер­шілікке, ұстамдылыққа, шы­дам­­дылыққа, сабырға шақы­ра­ды. Қарасөздері, «Алтыным» деп басталатын сөздерінің астарында үлкен мән-мағына бар. Сондықтан кейінгі жастарға беретін тәлім-тәрбиесі мол, – деді қала тұрғыны Ырысжан Шамұратова.