Өнер • 03 Мамыр, 2024

Атағы Айға жеткен Арыстан

25 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өнерде шекара жоқ. Та­лан­тың жетсе, әлемнің кез келген нүктесінде атың аталуы әбден мүм­кін. Мәселен, бүгінде Арыс­тан Әбілдинді алыс-жақын шетел тыңдар­маны жақсы таниды. Ел арасында да Арыстанның есімі тек жетістігімен әйгілі.

Атағы Айға жеткен Арыстан

Осыдан бірнеше жыл бұ­рын кеншілер ас­та­насындағы Тәт­тім­бет атындағы өнер кол­лед­жін тәмамдаған Арыстан Әбіл­дин өнер жолындағы ең үлкен табы­сына қол жеткізген еді. Дарын­ды жас аса танымал «Slava Marlow & Morgenshtern» есімді әншілердің «Быстро» деген туын­дысын орындап, каверді 45 миллион адам тыңдаған. Қара­лым­ның бәсі артқан қазіргі уақыт­та бұл дегеніңіз сұмдық нәти­же. Осындай жемісті шы­ғар­ма­шылық табысы үшін ол екі бір­дей платина дискісіне ие болды.

Иә, Арыстанды алғаш «Қа­зақ­станның 100 жаңа есімі» жеңімпаздарының арасынан таныған едік. Жас музыкант жазған кавер әлемдік «Shazam»-ға іліккен-ді. Сонымен қатар ол – танымал рэпер «Jah Khalib» ұйымдастырған музыкалық байқаудың жеңімпазы. Айта кетейік, «Мәдениет және спорт» аталымында жеңіске жеткен жас дарынға 2 790 үміткер қатысқан байқауда топ жару да бағымен қатар елеулі еңбекті қажет етеді.

Өнерпаздар отбасында өс­кен ол музыкаға бала кезі­нен әуес­тенген. Әкесі музыка мектебінің директоры болса, анасы – хор жетек­шісі. Бес жасынан бастап форте­пиано мен барабанда ойнай бастапты. Ата-анасы музыкант болған соң перзентінің өнер­ден алыс кетпеуі заңдылық шығар.

Жастайынан өмірлік жолын айқындаған Арыстан өз шығармашылығы туралы: «Ал­ғашқы авторлық әнімді сүйік­­ті қызыма арнаған едім. Оны әлеуметтік желі қолда­ну­шылары жоғары бағалап, му­зыкамен мақсатты түрде ай­на­лысуыма жігер берді. Бұл мені жаңа шығармалар жазуға шабыттандырды»,  дейді.

Colorit лақап атымен өнер көрсететін өнерпаз TikTok және Instagram әлеуметтік желі­лерінде танымалдылыққа ие бол­ды. Ол отандық, ресейлік, шетел­дік әр­тістердің әндеріне кавер жазады. Оның роликтері мил­лион қаралымға жетіп, жан­­күйер саны күн санап артып келеді. Ол жазған шетелдік әуендер нұсқасына Егор Крид, Клава Кока басқа да танымал әртістер бей­не­көрініс түсіріп жүр.

Осындай нәтижеден соң жас өреннің тарапына танымал ресейлік Black Star және Sony Music лейблдан ұсыныстар түскен. Қазір музыкант Zivert, Feduk, Иван Дорнды насихаттау­мен айналысатын P.M.I. Music музыкалық ұйымымен келісім­шартқа отырды. Шағын жеке альбомы да жарыққа шықты.

«Біздің компания әріптестік орнатқан ресейлік бірлестік Иван Дорн, Зиверт, Филипп Кир­­­коров сияқты танымал орын­дау­шылармен жұмыс істей­ді. Осы мүмкіндікті пайдала­нып көптеген жаңа хиттер шыға­рамыз деп үміттенемін», дейді музыкант.

Арыстанның әлеуметтік желілердің музыка алаңындағы көрсеткішіне тағы бір тоқталсақ, «Slava Marlow & Morgenshtern» айтатын «Быстро» трегі ресми түрде пайда болғаннан кейін VK мен Apple Music чарттарында ғана емес, сонымен қатар Shazam әлемдік топ-чартында жетекші орынға ие болған еді. Ол Dua Lipa мен Billie Eillish-тен де озып түсті. Осылайша, трек ресейлік және қазақстандық TikTok-тағы трендке айналып үлгерді. Ал кавер төрт мил­лион­нан аса рет қаралып, оған 190 мың бейнекөрініс түсіріл­ді. Музыканттың өкілдері бұ­ның TikTok-тағы ең танымал қазақстандық трек екенін мәлім­деген еді. Каверге өлең авторы Slava Marlow да өз бағасын берді.

Адамды алға жетелейтін – арман. Жастайынан толағай табысқа жеткен Арыстан әлемдік сахналарда ән салып, шы­­­­­­ғар­машылық иесіне айна­луды армандайды. Жас таланттың арманы мен алар биігі аласармасын дейміз.

Өнер иесі бүгінгі таңда да шығармашылықпен қызу айналысып жүр. Еске салсақ, Арыс­­тан талай халықаралық музы­ка­лық байқауда бақ сынап, оза шапқан еді. Бірнеше рет АҚШ, Франция, Германия, Англия сынды мемлекеттерден қатыс­қан музыканттарды шаң қаптырған. Алдағы уақытта да әлемдік аренада қазақ елінің атын шығарады деп сенеміз.

Бүгінде атағы Айға ұшқан Арыстанның шығармашылық жолында «100 жаңа есім» жоба­сының орны елеулі екені даусыз. Осындай жалпыхалықтық додаларда көп арасынан аты озып, жеңіп шыққан тарландар болашақта елдің жан-жақты дамуына қомақты үлес қосатыны хақ. Егемен елдің ұрпақтары, әсіресе өнер саласында, кейінгі жылдары әлеуметтік желілерде алғаусыз атаққа ие болып, ше­тел­дік тыңдарманның да сүйік­­­тісіне айналып үлгеріп жатыр. Бұл да тәуелсіздік ұрпақ­та­ры­ның жаңа кезеңі, жаңа келбе­ті болса керек.