Саясат • 03 Мамыр, 2024

Әзербайжан – Армения: Алматы келісімінен не күтеміз?

54 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бүгінде бұрынғы КСРО, қазіргі ТМД-ның кейбір елдері арасында өңірдегі геосаяси ахуалды күрделендіріп тұрған шекара даулары аз емес. Мұның басты себебі ретінде анклав мәселесі тұрса, екінші жағынан делимитация және демаркация ісінің дер кезінде қолға алынбағаны да айтарлықтай салқынын тигізіп тұр. Әсіресе шекара дауы кейінгі жылдары Армения мен Әзербайжан елдері арасында ушығып, тіпті адам шығынына әкелген әскери қақтығысқа дейін ұласты. Бұған халықаралық қауымдастықпен бірге Қазақстан да қатты алаңдаулы.

Әзербайжан – Армения: Алматы келісімінен не күтеміз?

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Бұл даулы мәселеге нүкте қою мақсатында халықаралық беделді ұйымдардан бөлек, бірлі-жарым жекелеген мемлекет басшылары да біраз араласып көрді. Араағайындық танытқандар қос көршінің қол алысып, бітімге келуіне қанша әрекеттенсе де, нақты нәтиже шықпай келе жатқанына ширек ғасырдан асты.

Енді, міне, Қазақстан билігі кезекті бейбіт келісім үдерістерін өткізуге ұйыт­қы болып, Алматы алаңын ұсы­нып отыр. Қос ел Сыртқы істер ми­нистр­лері­нің Алматыдағы келіссөз үсте­лін­де бас қосатыны жөнінде дүйсенбі күні Сырт­қы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров хабарлаған болатын. Бұл нәтижеге қол жеткізуге ең алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сеп болғанын айта кету керек.

Биыл Наурызда Бакуге барған Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев Әзер­байжан Президенті Ильхам Әлиевпен келіссөз жүргізіп, екіжақты кездесу барысында тараптар сауда-экономика­лық, көлік-транзиттік, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, сондай-ақ цифрландыру, азық-түлік қауіпсіздігі және жаңартылатын энергия көздері салаларындағы ықпалдастық мәселелерін талқылады. Бір қарағанда, бұл басымдықтар тек екі арасындағы стратегиялық ынтымақтастық аясында қолға алынатын шаруа болғанымен, түптеп келгенде сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, энергетикалық ба­ғыт­тардың өңірдегі бейбітшілік пен тыныштыққа белгілі бір деңгейде тәуелді болатыны заңдылық.

Әзербайжан – Армения шекарасының түйткілі Бакудегі кездесуде арнайы талқыланбаса да, өз кезегінде Әзербай­жан Президенті Ильхам Әлиев мемле­кеттік сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Транс­каспий көлік дәлізінің аймақтық ынтымақтастық деңгейін анықтайтын нақты бағыт екенін атап өтті. Сол сапар қорытындысында БАҚ өкілдерімен болған кездесуде И.Әлиев көрші елдермен жақсы қарым-қатынас орнатпай, транзиттік елге айналу мүмкін еместігі жөнінде пікір білдірген еді.

«Бұл ретте Қазақстан да, Әзербайжан да өңірлік ынтымақтастыққа, көрші­лермен қарым-қатынасын нығайтуға бейілді екенін танытып отыр. Біздің арамызды тек Каспий теңізі ғана бөліп жатыр. Алайда бүгінде оның өзі кедергі емес. Керісінше, Каспий тек елдерімізді ғана емес, көптеген мемлекеттердің арасын жалғайтын көпір саналады. Себебі Транскаспий көлік бағыты өзінің әлеуетін толық ашуға кірісті», деген Ильхам Әлиевтің сөзінен ресми Бакудің көрші елдермен тату-тәтті тұруға мүдделі екенін аңғаруға болады. Әрине Арменияның Транскаспий көлік бағытына әзірге қатысы жоқ болса да, қос елдің Таулы Қарабақ төңірегіндегі қаруға жүгінген қырғиқабақ қақтығысы шиеленісе берсе, аталған көлік бағытынан да береке кетуі бек мүмкін.

Ал араға айға жуық уақыт салып 15 сәуір күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Арменияға барған сапарында ел Премьер-министрі Никол Пашинянды Армения мен Әзербайжан арасындағы қатынасты тезірек реттеуге шақырды.

Ереванда өткен келіссөздер бары­сында Қ.Тоқаев пен Н.Пашинян Оңтүс­тік Кавказда тұрақтылық пен қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ету мәселесін тал­қыла­ды. Мемлекет басшысы Арме­ния мен Әзербайжанның бейбіт келі­сім жасау жөніндегі қадамдарын жоға­ры бағалап, Ереван мен Баку арасын­да тезірек берік әрі ұзақмерзімді бей­біт­шілік орнағаны маңызды екенін айрық­ша атап өтті. Ал келіссөздерге Қазақстан өз алаңын ұсынуға дайын екенін мәлімдеп, еліміз бұл бағыттағы барлық іс-әрекетті қолдауға әзір екенін де айтты. Қазақстан Президентінің бұл ұсынысын қабыл алған Пашинян Армения мен Әзербайжан арасындағы уағдаластықтарды нақты жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыруға келісті.

Еревандағы келіссөздердің қорытын­дысы жөніндегі баспасөз мәслихатын­да Қасым-Жомарт Тоқаев осы диалог мәселесіне тағы да тоқталды: «Біз алда­ғы уақытта да бірлесе жұмыс істеуге, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығай­ту үдерісіне белсене атсалысуға келіс­тік. Армения мен Әзербайжанның бейбіт­шілік шартын жасауға ұмтылысын толық құптаймыз. Құрметті Премьер-министр мырза жаңа ғана айтқандай, Қазақстан барынша қолдау көрсетіп, ізгі қызметтер миссиясын қолға алуға дайын. Яғни екі ел арасындағы келіссөздерді жүргізу үшін өз алаңын ұсынады», деген Президент ең басты мақсатымыз – біздің достас елдерімізді жақындастырып, мызғымас тату көршілікке, аймақтағы бейбітшілік пен тұрақты дамуға жол ашу екенін нықтай түсті.

Әзірге келіссөздің қай күні, қан­дай ауқымда өтетіні жөнінде ресми ақпарат жоқ. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі бұл бағыттағы жұмыстар басталып кеткенін, бірақ нақты ақпарат кейінірек берілетінін мәлімдеді. Себебі Қазақстан өз қаласы мен оның диалог алаңын ғана ұсынып отыр, ал келіссөздің қашан және қалай өтетіні аталған екі елге байланысты. Ең бастысы, Қазақстан қабылдауға дайын, бірақ қандай да бір мүддені көздеп отыр­ған делдал емес.

Бұл жөнінде еліміздің Сыртқы іс­тер минис­трлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров апталық брифингте де айтып өтті: «Біз Әзербайжан мен Армениядағы әріптестерімізбен байланыстамыз. Алдағы келіссөздер тек қана екі тарап ара­сында жүргізіледі. Астананың делдал­дығы туралы сөз жоқ екенін атап өткім келеді. Біз тек қана «Good office» деп аталатын ізгі ниет қызметтерін көрсетеміз. Өтетін күні немесе басқа да ақпарат қосымша хабарланады», деді.

Сонымен бірге А.Смадияров бұл келіссөзге жұмсалатын қаражат мәсе­лесіне тоқталды: «Бұл сондай ауқым­ды іс-шара емес. Қазақстан қандай да бір шығындарды өтеуі мүмкін, бірақ қос тарап мәмілеге келіп жатса, оның пайдасы тұтас аймаққа септігін тигізеді», дейді ол.

Бұл ретте дәл Бірлік күні – 1 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжан мен Армения арасындағы Алматыда өтетін келіссөздер үдерісіне қатысты мәлімдемесін де атап өткеніміз жөн. Мемлекет басшысы мәлімдемесінде бұл маңызды іс-шараның Алматыда ұйымдастырылуының рәміздік мәні бар екеніне тоқталды. Себебі 1991 жылы желтоқсанда қабылданған Алматы декларациясы – ТМД елдерінің тәуелсіз дамуына негіз болған және мемлекетаралық шекараны анықтау қағидаларын бекітіп берген бірден-бір тарихи құжат.

Алдағы болатын Алматы келіс­сөзі бүгінде АҚШ тарапының да қы­зығушылығын туғызып отыр. Есте­ріңізге сала кетсек, Қазақстан Прези­дентінің мәлімдемесінен үш күн бұ­рын Әзербайжан Президенті АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блин­кенмен телефон арқылы сөйлесіп, әңгіме барысында Блинкен екі ел арасындағы шекара сызығын белгілеу жұмыстарының басталғанын құптайтынын жеткізген. Сондай-ақ ол АҚШ та Армения мен Әзербайжан қарым-қатынасының тұрақталуына, түйткілдердің бейбіт шешілуіне барынша қолдау білдіруге дайын екенін атап өтті.

Ал И.Әлиев Блинкенге Әзербайжан бейбітшілік күн тәртібін алға жылжыту үшін Баку барынша күш салатынын, оған саяси әлеуеті мен күш-жігерінің жететінін мәлім етті.

Армения тарапы да бұл іске мүдде­лілік танытып жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Біз Бірлік күнін атап өтіп жатқанда армениялық бір топ депутат келіссөз мәселесі бойынша мұ­хит­тың арғы бетіне барып, АҚШ Кон­г­ресінің Армения мәселесі жөніндегі комиссиясының тең төрағалары Фрэнк Паллонемен және Джим Костамен кездесіп, кеңесіп қайтты. Бұл жөнінде Армения парламентінің депутаты Айк Конджорян өзінің Facebook-тегі парақ­шасында көпшілікпен бөліс­ті. «Конгрессмендерді Армения-Әзер­бай­жан бейбітшілік күн тәртібі мен аймақ­тық даму мәселелері қызықтырып отыр. АҚШ-тың, Арменияның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына қолұшын созуы біз үшін өте маңызды екенін жеткіздік», деді депутат әлеуметтік желі­дегі жазбасында.

Өткенге көз жүгіртсек, екі ел арасын­дағы жер дауына кейбір елдер сырттан араағайындық жасап, араласқанымен мардымды нәтиже шығара алмай келе жатқанына отыз жылдан асып бара жатыр. Бұл жолы Баку мен Ереван ешкім­­ді араластырмай шешімді өздері шығар­мақ. Демін ішке тартып, диалогтің қа­лай өрбитініне қызығушылық білдіріп отырған елдердің бәрі осы жолы Алматы алаңында нүкте қойылар деп үміттеніп отыр.

Біз бұл үдерістің барысынан еліміз­дің дипломатиялық қадамының нәти­же­лі­лігін байқадық. Қос елмен де байланысымыз, стратегиялық серіктестігіміз жоғары деңгейде орныққан. Болашаққа бағдарланған ортақ жобалар да аз емес. Сондықтан Кавказдағы бейбіт те бе­рекелі өмірдің біздің ел үшін страте­гиялық маңызы бар. Ең бастысы, біздің дипломатиялық қадамдарымыз Кавказ­дағы тыныштық аймақтың қауіп­сіздігі үшін де ауадай қажет екеніне екі ел бас­шыларының көздерін жеткізіп, келіссөз үстеліне отыруға көндіре алды.