Шаруашылық • 03 Мамыр, 2024

Егіс көлемі екі есе артты

103 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жетісулық шаруарлардың былтыр мол өнім алғаны белгілі. Биыл да сол үдеден шығуға бел байлап, егіс көлемін екі есеге ұлғайтып отыр. Мәселен, осы жылы Алакөл ауданында 85 130 гектар жер игеріледі. Бұл бұрынғы межеден әлдеқайда көп. Әсіресе қант қызылшасын егумен айналысатын шаруашылықтар өнімділігі жоғары тұқымға сұранысты молынан бергені байқалады.

Егіс көлемі екі есе артты

Алакөл даласына дәнді және майлы дақылдар, мал азығы, қант қызылшасы, бақша өнімдері мен көкөніс себіледі. Бүгінде тұқымдар зертханалық тексе­ру­ден өтіп, керекті тыңайтқыштар дайын­далған. Жұмысты нәтижелі аяқтау үшін 882 дана ауыл шаруашылығы тракторы, 404 дана соқа, 189 дана дәнсепкіш, 130 дана қопсытқыш, 372 дана жер тырмасы техникалық тексеруден өтіп, науқандық жұмысқа кірісіп кетті. Көктемгі дала жұмысына керекті жанар-жағармай қоры жеткілікті. Алдағы уақытта 52 246 гектар жер жыртылып, 13 500 гектар ылғал жабылады, ал 19 384 гектар жерді тырмалау жұмысы жүргізілмек.

Көктемгі дала жұмысына алакөлдік шаруа қожалықтары қызу кірісті. Оны Көлбай ауылындағы «Самат Агро» жеке шаруашылығына барғанда байқадық.

рп

«Жеке шаруашылықтың құрыл­ға­нына 5 жыл болса да, мемлекеттік қол­дау мен жұмысты жүйелі жүргізудің нәтижесінде тамыр жайып келеміз. 1000 гектар жеріміз бар. Осыған дейін арпа, бидай, күнбағыс, соя, жүгері егумен айналысып келгенбіз, өткен жылдан бастап қант қызылшасын егуді қолға алдық. Былтыр 20 гектар жерге қант қызылшасын сеуіп, гектарынан 400 центнерден өнім жинадық. Биыл 120 гектарға қант қызылшасын себуді жос­парлап, іске кірісіп кеттік. Қолымызда 5 трактор, 2 комбайн, «КамАЗ» көлігіміз, дән сепкіш бар. Биыл лизингпен 500 млн теңгеге қант қызылшасын себетін және қазатын, жер жыртатын бірнеше техника алдық. Көктемгі дала жұмыстарына 20-дан астам адам жұмылдырдық. Ал жаздыкүнгі және күзгі жиын-терін кезінде жұмысшылар саны арта түседі», дейді «Самат агро» жеке шаруашылығының жетекшісі Самат Мұқанов.

Аталған шаруашылық Көлбай ауы­лы­ның өзінде 1000 гектарға жуық жерге арпа, бидай сепсе, Сарқан, Алакөл, Ақсу аудандарынан жерді жалға алып, жылына 3 мың гектардай жерді игереді. Сонымен қатар 700 тұяқ қой, 300 бас сиыр, 150 бас жылқы өсіріп жатыр.

Шаруашылықтың жұмыс орнындағы қуатты тракторлар мен жаңадан алынған техниканы дайындықтан өткізіп жатқан дәнекерлеуші, механик, жүргізуші-тракторшылардың тәжірибесіне көңіл толады. Ауыл шаруашылығына жауапты мамандар жеткілікті. Сол қатарда шаруа қожалығының агрономы Саят Қамзановты сөзге тартып едік.

«Халқымызда «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз бар. Осы жұ­мыс­ты Саят бастап, біз білгенімізбен көмектесіп келеміз. Егіс дақылдары болсын, қант қызылшасы болсын, оны ғылыми жолмен егіп, үнемі баптап отырғанда ғана мол өнім алуға болады. Өткен жылы қант қызылшасынан гектарына 400 центнерден өнім алдық. Жалпы, өнімділік көңілдегідей болды. Бірақ былтырғы тәжірибені жи­нақтай келе қант қызылшасының тұ­қы­мын жақ­­сарту керектігін түсін­дік. Көлбайда су жеткілікті. Биыл Германияның «Каре­до­ния КВС» тұқымын арнайы алдырдық. Тыңайтқышымен қоса есептегенде бір гектарға 365 мың теңгенің тұқымы кетеді. Есесіне өнімді мол береді және күздің қара суығына ұрын­дырмай жинап алуға қолайлы. Күз­де қант қызылшасының гектарынан 650-700 центнерден өнім аламыз деген ойдамын», дейді С.Қамзанов.

Көлбайда шаруашылықты өркен­детумен қатар ауылдың түрлі түйткілді мәселесін шешуге қаржылық және моральдық тұрғыда ықпал ететін азамат­тар­дың қатары өсіп отыр.

«Ауыл жыл сайын өркендеп келеді. Әсіресе Талдықорған-Үшарал авто­жо­лының салынуы тұрғындардың тір­шілігіне тыныс берді. Азаматтардың ұмты­лысы жаңа леп әкелді десек болады. Ауылдың инфрақұрылымын нығайту мақсатында біз де аянып қал­май еңбек етудеміз. Көшелерге толық асфальт төселіп, аулалар реттелді. Ал­дағы уақытта Мәдениет үйі және аурухана салынады. Ауылды көркейтуге бағытталған өзге де жоспарларымыз рет-ретімен орындала бермек», дейді Көлбай ауылының әкімі Ержан Шәкерұлы.

Осы тұста айта кетейік, талдық­ор­ған­дық шаруа қожалықтары да бірі қант қызылшасы егістігінің көлемін бір­ден екі есе ұлғайтуда. Мұндай мүм­кін­дікке шаруашылық заманауи ауыл шаруашылығы техникасы мен сапалы тұқымдарды қолдану, сол сияқты агротехнологияларды сақтау арқылы қол жеткізіп отыр. Қант қызылшасын себу барысымен облыс әкімі Бейбіт Исабаев шаруалардың еңбегіне оң баға берді.

«Самай» ШҚ басшысы Еркінбек Сіләмовтің айтуынша, биыл шаруа­шы­лық­тың 40 гектардан астам жеріне қант қызылшасы себілуде. «Біздің жеріміз тас­ты. Сондықтан техникасыз ештеңе жасай алмаймыз. Топырақты арнайы өңдемесе, ештеңе өспейді. Алдымен тас жинайтын техниканы жібереміз, бір жүріп өткенде ол шамамен 2 тонна тас жинай алады. Содан кейін біз топырақты қопсытатын, арамшөптердің тамырларын алып тас­тайтын компакторды қолданамыз. Ол топырақты жұмсартады. Осыдан кейін ғана тұқым сепкіш жүреді. Біз «Conviso Smart» брендінің тұқымын екінші жыл қолданамыз. Шығымы, өнімділігі өте жақсы. Өткен жылы қант қызылшасын 20 га ексек, биыл 40 га астам егуді жос­парлап отырмыз. Әр гектарынан 450 центнерден алып, Көксу қант зауытына 900 тонна өңдеуге тапсырдық. Биыл кем дегенде 2 мың тонна өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз», дейді Е.Сіләмов.

Фермердің айтуынша, шаруашылықта 15 трактор және басқа да ауыл шаруа­шы­лығы техникаларының заманауи түрлері бар. Қолда бар техника жеткілікті, бірақ оны да үнемі жаңартып отыру қажет, олай болмаса жоғары өнімділікке қол жеткізу мүмкін емес дейді шаруашылық жетекшісі. Сонымен қатар фермер ауыс­палы егіс қағидаты қатаң сақталатынын атап өтті. Шаруашылық биылғы жылы қант қызылшасынан басқа 100 гектарға дәнді дақыл, 300 гектарға соя, 60 гектарға жүгері, 50 гектарға көпжылдық шөп екпекші. Сондай-ақ өсімдік шаруа­шылығымен қатар «Самай» ШҚ ірі қара мен жылқы өсіреді. Ауыл шаруа­шылығы кәсіпорнында 25 адам жұмыс істейді.

Фермерлермен әңгімелескен Бейбіт Исабаев қант қызылшасының отандық тұқымын пайдаланудың перспективалары жайлы мәселені олармен бірге талқылап, қызықтырған сұрақтарына жауап берді.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәлі­метінше, Жетісуда ауыл шаруа­шы­лығы дақылдарының егіс алқабы 7 мың гектарға ұлғайтылып, 524,8 мың гектар болмақ. Бұл ретте егісті әртараптандыру аясында басым дақылдар алқабы, оның ішінде қант қызылшасы, майлы және жем­шөптік дақылдар жалпы 18,1 мың гек­тарға ұлғаяды. Өңірде қант қызыл­­шасы биыл 11,5 мың гектарға себіледі.

 

Жетісу облысы