Қоғам • 03 Мамыр, 2024

Ардақ – Аркадий

124 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақша сөйлегенде қазақты жаңылдыратын бұл жігіттің кіндігі қара шаңырақ – Қарсақбайда кесіліпті. Сол ауылдағы Ж.Жабаев атындағы мектептің орыс сыныбында білім алған. Әкесі Николай ертерек қайтыс болып, ал анасы Марина Қарсақбай кенті әкімдігінде қызмет атқарған.

Ардақ – Аркадий

– Қазақ тіліне қызығушы­лы­ғым­ды қазақ тілі пәнінен сабақ бер­ген Гүлмира Әбілдақызы оятты. Аулада қазақ балалармен бір­ге ойнап өскендіктен, тілді онсыз да білетінмін. Бірақ дұрыстап ден қойғаным мұғалімімнің ар­қасы. Ол кісі мені аудандық, об­лыстық, республикалық тіл бай­қауларына қатыстыратын. Сөйтіп, қазақшаны қазақтан кем білмейтін дәрежеге жеттім, – деген Аркадий Побединскийдің әңгімесін тыңдаудың өзі жаныңды жадыратады.

Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген ол 2022 жылдан бері С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық-драма теат­рының қуыршақ труппасында аккомпониатор қызметінде. Алайда Аркадийдің әке-шешесі қойған ныспысы қазір ұмытыла бастаған. Өйткені...

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Ғалым Мұхамедин бірде театрға келгенде қазақшаны судай сапырып отырған сары­до­малақты көріп, әуеліде «орыс­пын» дегеніне нанбапты. Кейін­нен оның қазақшасына сүйсінгені соншалық, «Сен бұдан былай мен үшін Аркадий емес, Ардақсың», депті. Ғалым ағаның қойған есімі әріптестеріне де ұнап, қазір оны барша жұрт «Ардақ» дейтін көрінеді.

Ол әлем ертегілерін қуыр­шақ тілімен қазақша сөйлетеді. Жүрген ортасына сыйлы, көрер­ме­ні – балаларға сүйкімді. Жақын білетіндер Аркадийдің ізденім­паз­дығына тәнті. Ол Жезқазған музыкалық колледжіне оқуға түсуге келгенде бар болғаны көркемсөз оқитын. Музыкалық аспаптарда ойнай алмайтын. Қазір домбыраның құлағында ойнайды. Қазақтың басқа да бірқатар ұлттық аспабын да мең­геріп алған. Мұның бәрі – ізденіс­тің жемісі.

Аркадий осы жылды ең бе­рекелі жылға балайды. Өйт­кені жуырда ғана «Шапағат» медалімен марапатталды.

– Медальді Ақорданың төрін­де Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алғанымды ерекше мақтанышпен айта аламын. Мен марапат алған осы сәтті ғұмыр бойы аса зор мақтанышпен айтамын, – дейді Аркадий. Біз кейіпкерімізді құжаты бойынша жазып отырмыз. Әйтпесе, бұл азаматқа «Ардақ» деген есім әбден жарасымды секілді.

 

Жезқазған қаласы