Спорт • Бүгін, 08:35

Жарыс күнделігі

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

* Ұлттық құрама көшбасшысы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева Италия астанасы – Рим қаласында каратеден өткен премьер-лига жарысының финалында британдық Рошель Уолтерсті 2-1 есебімен ұтты.

Жарыс күнделігі

Кумите сайысында +68 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен жерлесіміз мерейімізді асырды. Ақпан айында Түркия астанасы – Ыстанбұлда өткен премьер-лига додасында да Софьяның бағы жанып, топ жарған болатын. 61 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Әсел Қанай финалда жапон спортшысы Сарара Шимадаға есе жіберіп, күміс медальді місе тұтты. Ерлер додасында айқасқан спортшыларымыздың арасынан тек Мирас Әбдіқадырға (60 кг)  ғана жүлде бұйырды. Мұндай дүбірлі додаға алғаш рет қатысқан Мирас қола медаль үшін жекпе-жекте түрік Бурак Өздемирді жеңді.

* Жеңіл атлетикадан еліміздің ұлттық құрамасы Жапонияның Номи қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында бір жүлдеге ие болды. Құрлықтың таңдаулы атлеттері жиналған аламанда жерлесіміз Ясмина Тоқсанбаева спорттық жүрістен күміс жүлдегер атанды. Жартылай марафон сынында Жасминаның алдын тек қытай қызы Чжан Тин орап, Азия чемпионы атанды. Қола медаль да Қытай спортшысы Лю Хайяньға бұйырды.

* Таиланд астанасы – Бангкокта бокстан 19 жасқа дейінгі жастар арасында өткен Futures Cup халықаралық турни­рінде спортшыларымыз 11 медаль олжалады. World Boxing ұйымы ұйымдастырған бәсекеде Досжан Жұмақан (60 кг),  Бейбарыс Әшірбай (70 кг), Хамза Мақсатұлы (75 кг) турнир чемпионы атанды. Қыздар арасында Айдана Убайдуллақызы (80 кг) алтын медаль иеленді. Күміс жүлдені Тимур Тайбеков (80 кг), Жалғас Өтебеков (90 кг), Владислав Саможонов (+90 кг) еншіледі. Жарыстың қола медалі Ақнұр Тұрсынғали (57 кг), Зарина Толыбай (75 кг), Нұрсұлтан Қыстаубайға (85 кг) бұйырды. Таиландтағы турнирде жазда Дакарда өтетін жасөспірімдердің Олимпиадасына лицензия таратылды.

* Еліміздің бірінші ракеткасы, теннисші Елена Рыбакина  WTA (Women’s Tennis Association) қауымдастығының жаңартылған рейтингінде жоғарылап, 2-сатыға орнықты. Елена АҚШ-та өткен  Indian Wells Open турнирінің финалында әлемнің бірінші ракеткасы, беларусьтік Арина Соболенкоға есе жіберді. Дегенмен WTA 1000 санатындағы турнирдің финалына жеткен жерлесіміз 7 783 ұпай жинады. Көш басындағы Аринаның еншісінде 11 025 ұпай бар. Поляк Ига Швентек 7 413 ұпаймен үштікті түйіндеп тұр. Тағы бір теннисшіміз Анна Данилина да әлемдік рейтингтегі көрсеткішін жақсартып, жұптық нәтижеде 4-орынға көтерілді.

* Польша астанасы – Варшавада дзюдодан ересектер арасында Еуропа кубогі өтті.  Еліміздің балуандары  1 алтын, 1 күміс, 3 қола жүлде олжалап, жалпы нәтижеде  5-сатыға орнықты. Ерлер арасындағы тартыста 60 кг салмақта үш бірдей спортшымыз жүлдегер атанды. Сұңғат Нұрлатұлы мен Тоқтар Үмітәлиев финалда белдесіп, Тоқтар чемпион атанса, Сұңғат күмісті місе тұтты. Бұл салмақтың қола медалі Асылхан Зинуллинге бұйырды. Ол поляк Ксаверий Игнасякты жықты. 90 кг салмақта белдесуге түскен Айбол Нысанәлі қола жүлде жолында украиналық Олександр Токтамышты тоқтатты. Әйелдер арасынан тек Кәмила Берліқаш  (+78 кг) қана жүлде алды. Ол қола медаль үшін өткен тартыста италиялық Алессия Джорданодан басым түсті. Еуропа кубогіне 27 елден 320 балуан қатысты.

* Түркияның Анталья қаласында өткен спорттық гимнастикадан әлем кубо­гі кезеңінде Зейнолла Ыды­рысов күміс жүлде олжа­лады. Ат снаряды жат­ты­ғуының финалында ол 13 733 ұпай жинады. Әлем кубогінің алтын медалі 13 900 ұпай алған ир­ландиялық Рис Макк­лена­ганға бұйырса, қола жүлде де сол елдің спаортшысы Джеймс Хиккиге (13 566 ұпай) бұйырды.

* Триатлоннан жасөс­пірімдер арасын­дағы Азия чемпионаты Гонконгте өтіп жатыр. Қыздар арасындағы тартыста Диана Ержанова 01.01.59 уақытпен құрлық чемпионы атанды. Күміс медаль жапон қызы Канаде Сугиураға, қола жүлде Оңтүстік Корея желаяғы Пак Со Ынға бұйырды. Ұлдар арасында сенім артқан саңлағымыз Рамазан Әйнеков 55.39 уақыт көрсеткішімен қола медаль еншіледі. 

Соңғы жаңалықтар

«Жасыл» энергия – жаһан үдерісі

Энергетика • Бүгін, 09:00

Ұлыс пен ырыстың негізі

Наурызнама • Бүгін, 08:50

Қарлығаш – құт-береке рәмізі

Наурызнама • Бүгін, 08:45

Кемел әулетінің кемеңгері

Қоғам • Бүгін, 08:40

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 08:35

Ақтүтек боран әбігерге салды

Аймақтар • Бүгін, 08:30

Заманауи медициналық нысандар

Аймақтар • Бүгін, 08:25

«Amanat» партиясының үндеуі

Партия • Бүгін, 08:22

Брайль қарпіндегі Ата заң

Ата заң • Бүгін, 08:20