Қоғам • 03 Мамыр, 2024

Сайлаушы мүддесі және сайлау тәжірибесі

165 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясы жанындағы Сарапшылық кеңестің төртінші отырысы өтті. Жиында сарапшылар сайлауда дауыс берудің баламалы нысандарын, кандидаттардың ел аумағында тұрақты тұру дерегін анықтау бөлігінде отырықшылық цензі, дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді фотобейне тіркеуге тыйым салуды енгізу мәселелерін талқылады.

Сайлаушы мүддесі және сайлау тәжірибесі

Талқылауға конституциялық және басқа да құқық салаларының ғалымдары, сайлау саласының сарапшылары, практиктер, ОСК жанындағы Жас сайлаушылар клубының мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров ке­ңеске қатысушыларға Сарапшылық кеңес­тің жаңа мүшелері – Мәжіліс депутаты, Заң­нама және сот-құқықтық реформа коми­теті­нің төрағасы Снежанна Имашева және Қа­зақ­­станның Азаматтық Альянсының Пре­­­зи­денті Бану Нұрғазиеваны таныстырды.

Нұрлан Әбдіров күн тәртібінің бірінші мәселесін талқылау Президенттің «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғырту жолы» Жолдауында сайлау үдерісін ұйым­дастырудың, сондай-ақ дауыс берудің баламалы түрлерін, оның ішінде электрондық, мерзімінен бұрын, қашықтан, көпкүндік дауыс беру тәсілдерінің үздік әлемдік тәжірибесін зерделеу аясында өтіп жатқанын атады. Ғалымдар мен практиктердің қатысуымен электронды және қашықтан дауыс беру бөлігіндегі зерттеулер әлі де жалғасып келеді. Комиссия төрағасы қағаз бюллетеньдерді пайдалану арқылы қолданылатын көпкүндік және мерзімінен бұрын дауыс беруге назар аударуды ұсынды.

Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институтының қызмет­кері Николай Турецкий мерзімінен бұ­рын дауыс беру институты Аустралия, Канада, Жаңа Зеландия, Норвегия, Ресей, АҚШ, Түрікменстан, Түркия, Финляндия, Швейцария және Швеция сияқты елдерде жұмыс істейтінін айтты. Олардың кейбіреулерінде дауыс беру қашықтан – пошта немесе интернет арқылы өткізіледі. Италия, Лихтенштейн, Норвегия, Чехияда көпкүндік дауыс беру тұрақты негізде қол­да­нылады. Сонымен қатар ғалым отырыс­қа қатысушылардың назарын ықтимал тәуекелдерге, оның ішінде, ең алдымен, дауыстарды санау рәсімінің қауіпсіздігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге аударды.

Сарапшылық кеңестің мүшесі, профессор Марат Қоғамов елдік және өңірлік деңгейдегі сайлауда дауыс беру үшін түр­лі мерзімдерді көздей отырып, сайлау субъек­тісіне байланысты көпкүндік дауыс беруді жіктеу мүмкіндігі туралы пікір білдірді, сондай-ақ мұндай жаңалықтар алдын ала сынақтан өткізуді талап ететінін нақтылады.

Сарапшылық кеңестің мүшесі Снежанна Имашева: «Қазақстанда сайлауға жүйелі түрде төмен қатысатын өңірлер бар, сондықтан бұл мәселені зерделеп, дауыс берудің баламалы нысандарын пайдалану туралы шешім қабылданған жағдайда, осы өңірлерді қанатқақты жобаға енгізу қажет. Бұл ретте сайлауды ұйымдастырушылар тарапынан нақты әкімшілендіру мен ашықтық қамтамасыз етілуге тиіс», деді.

Кеңес мүшесі Ерлан Бұзырбаев пікір­сайыс барысында көпкүндік дауыс беру нысандарын референдумдарда қолдануды ұсынды. Сонымен қатар ол отырысқа қатысушылардың назарын кері әсер ету тәуе­келдеріне аударып, уақытты созу элек­торалды оқиға маңыздылығының төмендеуіне әкелуі мүмкін екенін айтты.

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистранты Айсана Рақымова сайлауға жастардың қатысуын арттыру үшін ішінара қашықтан электронды дауыс берумен бірге көпкүндік дауыс беруді енгізуді ұсынды. Ал саясаттану магистрі Нұрғазин Әмірлан электронды дауыс беруді пайдалану туралы шешім қа­был­дағанға дейін ақпараттық қауіпсіздік және қор­ғауды күшейту тақырыбын көтерді.

Нұрлан Әбдіров көпкүндік, мерзімі­нен бұрын дауыс беру тақырыбындағы пікірталас Сарапшылық кеңес алаңында алғашқы рет талқыланғанын атап өтті. «Кәсіби талқылауды жалғастыру қажет, жан-жақты пысықтау, талқылаулар негізінде неғұрлым перспективалық ұсыныстарды бірлесіп іске асыру, зерттеулерді өрістету және олардың нәтижелерін сынақтан өткізу қажет. Мұның бәрі ведомствоаралық ынтымақтастықты қажет етеді», деді ол.

Ел аумағында тұрақты тұру фактісін анықтау бөлігінде кандидаттардың отырық­шылық цензі мәселесі бойынша Ортсай­лаукомның басшысы Мәжіліс депутаттарын сайлау барысында сайлау органдары «отырықшылық цензді» тексеру проблемасына тап болғанын атап өтті.

2023 жылғы электоралды науқанда сайлау органдары мен сотқа кандидаттар тарапынан сайлау комиссияларының Қазақстанда «тұрақты тұру» талабын бұзу­шы­лықтарды анықтау фактісі бойынша кандидаттарды тіркеу туралы шешімдерден бас тарту немесе күшін жою туралы шешімдеріне шағым келтірілген бірқатар өтініш түсті. Тәжірибе көрсеткендей, кей­бір депутаттыққа үміткерлер зерттеу кезеңінде (кейінгі 10 жыл) әртүрлі себептермен тұрғылықты жері бойынша тіркеуді үзіп, бірнеше рет, тіпті ұзақ уақыт тіркеусіз өмір сүрген. Бұл жағдайлар кандидаттың отырықшылық фактісін анықтау үшін сайлау органдарының жұмысында белгілі бір қиындықтар туғызды.

ІІМ Көші-қон қызметі комитеті­нің төрағасы Аслан Аталықов ведомство канди­даттардың «отырықшылық цензіне» қатысты мәселелерді құқықтық реттеуде бірқатар ұсыныс дайындағанын хабарлады.

«Халықтың көші-қоны туралы» заңға «ҚР аумағында тұрақты тұру» ұғымымен толық­тыру бөлігінде түзетулер әзірленді. Егер ел азаматы Қазақстаннан тыс жерде он екі айдан аспайтын мерзімде үздіксіз болса, онда ол елде тұрақты тұрады деп есеп­теле­ді. Бұл ретте шетелде болу ел аумағын­да тұрақты тұрудың үзілуі ретін­де ескеріл­мейтін азаматтардың нақты санат­­­тарын белгілеу жоспарланып отыр. Про­­­фессор Марат Қоғамов «отырық­шы­лық цензі» қажет екенін, ал «Халықтың көші-қоны туралы» заңға жоспарланған түзетулер аясында олардың Қазақстан азаматтығы туралы заңнама нормаларымен үйлесімділігін қамтамасыз ету қажет екенін айтты.

Үшінші мәселе бойынша ОСК басшысы дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді фото-бейне тіркеуге тыйым салуды енгізу мәселесі кеңестің екінші отырысында жан-жақты талқыланғанын еске салды. Комиссия төрағасы сайлау күні дауыс беру және сайлау құпиясы мен үгіт тәр­ті­бін бұзу тәуекелдерін болдырмау мақ­сатын­да толтырылған бюллетеньді фотобейне тіркеудің алдын алу шараларын қабыл­даудың маңыздылығын атап өтті.

Мемлекеттік басқару академиясының Элек­торалды оқыту орталығының сарапшысы Мархабат Ыбырайханова сайлау күні тол­тырылған бюллетеньнің фотобейнесін тарату тыйым салынған үгіт екенін айтты. Себебі мұны инфлюенсерлер сайлау нәтижесіне әсер ету мақсатында қолдануы мүмкін.

Академия магистранты Асан Әміренов толтырылған бюллетеньді тарату үшін суретке түсіру мәселелері, ең алдымен, азамат­тардың сайлау мәдениеті мәселесі деген пікір білдірді. Оның пікірінше, бұл тыйымды енгізу үшін барлық мәселені жан-жақты пысықтап, мұқият зерттеу маңызды.

Сарапшылық кеңестің мүшесі Бану Нұрғазиева толтырылған бюллетеньді суретке түсіруге тыйым салу керек деген пікір­де. «Себебі бұл, ең алдымен, дауыс беру құ­пия­сын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар азаматтық борыштың орындалуын және дауыс беруге келуге шақыруды көрсететін сайлау учаскелерінен алынған селфи, керісінше, жағымды және дауыс беру құпиясын сақтауға қайшы келмейтін құбылыс», дейді сарапшы.

«Конституцияда бекітілген дауыс беру құпия­сын сақтау құқық емес, міндет» еке­нін атап өткен Снежанна Имашева толты­рыл­ған бюллетеньді фотобейне тіркеуге тыйым салуды енгізу сөзсіз керек екенін айтты.

Пікір алмасу қорытындысында кеңес мүшелері ОСК-ға дауыс беру күні толты­рыл­ған бюллетеньді фотобейне тіркеуге тыйым салу мүмкіндігін зерттеуді ұсынды. Отырыс соңында Нұрлан Әбдіров Ортсай­лауком қыз­метінің негізінде қолданыстағы сайлау тәжі­рибесін жақсарту арқылы сайлау­шы­лар­ға барынша қолайлы жағдай жасау қажет­тігін атап, айтылған пікір-ұсыныстар жинақ­талып, мұқият пысықталатынын хабарлады.