Өнер • 04 Мамыр, 2024

Әкемнің кім екенін білгенде, таңғалдым: Мейрамбек Беспаев ата-анасы туралы сыр шертті

4654 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Танымал әнші Мейрамбек Беспаев балалық шағын есіне алып, ата-әжесінің тәрбиесінде болғанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әкемнің кім екенін білгенде, таңғалдым: Мейрамбек Беспаев ата-анасы туралы сыр шертті

“Сәлем, папа” жобасына қатысқан өнер иесі бала күнінде әке-шешесінің кім екенін білмегенін де жасырмады.

- 1976 жылы туғанмын. Балалық шағым Жамбыл облысының Талас ауданында өтті. Ол кезде заман сондай ма, ата-әженің баласы болдық. Әке-шешем маған аға-әпке сияқты еді. Олар қалада тұрды. Мен ата-әжеммен ауылда тұрдым. Әке-шешемнің солар екенін естігенде қатты таңғалдым. Оған дейін мені әжем туған деп ойлап жүріппін. Мектепке баратын кезде әкемнің атамнан жалынып сұрап алғаны есімде. “Қаланың өмірін көрсін, мектепке барады” дегесін атам рұқсатын берді. Екі әкенің тәрбиесін көрдім деп айта аламын. Өнердегі әкем – Алтынбек Қоразбаев. Ол кісі де әкемдей қамқорлық жасады, – деді әнші.

Сондай-ақ өнер иесі баланың өмірінде әкенің алатын орнын айтып, бала тәрбиесі туралы да ойын бөлісті.

- Әкемнің мінезі ақкөңіл, әзілге жақын. Ортасын жадыратып, күлдіріп отыратын. Шешем –салмақты, көп сөйлемейтін адам. Мен екеуінің де қасиетін теңдей бойыма сіңіргенмін. Салмақтылығым да, әзіл айтып күлдіріп отыратыным да бар. Балаға әкенің өсиеті мен берген тәлімі өте маңызды. Қазақ әкені асқар тауға теңейді. Бүгінде балаларыма жақсы әке болуға тырысамын. Мен бала күнімде “Бозторғай” деген әнді айтқанмын. Жетім баланың зары мен мұңын суреттейді. Сол кезде Алтынбек көкем жетімдер үйіне алып барған. Әнді түсініп айтсын деген ниеті болуы керек. “Мына балалардың әкесі де, шешесі де жоқ” дегенде өмірде әке-шешесі жоқ балалар да болады екен ғой деп қатты таңғалғаным бар, – деп жан сырын ақтарды эстрада жұлдызы.