Аймақтар • 06 Мамыр, 2024

Тобыл өңірін түлеткен апталық

123 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өңірде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұр­пақ» күндері аясында бірыңғай сенбілік апталығы өтті. Апталық аясында бү­кіл облыс аумағында ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің аулаларын, қарттар үй­лерінің айналасын тазарту, тал егіп, ағаш әктеу жұмыстары атқарылды.

Тобыл өңірін түлеткен апталық

Аллеяны ассамблея мүшелері күтіп-баптайды

Сәуірдің сегізінен басталған тазалық акциясына үлкен-кішінің бәрі атсалысып жатыр. Көптің күшімен қыруар шаруа тындырылды, қалаға көрік бітіп, ауылға ажар кірді. Бұлақтардың көзі ашылып, саябақтар жасарып шыға келді. Айнала құлпыра түсіп, көңілге көктем қонақтады. Жүрекке шуақ ұялап, адам да, табиғат та бір-бірімен үйлесім тауып, тең серпіліп, кең тыныстап қалғандай.

Халық бірлігі мерекесінен кейін де жалғасқан «Жасыл аймақ» күндері об­лыс­тық ассамблеяның айналасына топ­тасқан 20 шақты этномәдени бір­лестік Қостанайдағы Гашек көшесінің бо­йын­дағы «Достық» аллеясына сенбілікке шық­ты. 2019 жылы жергілікті корей ұлт­тық орталығының бастамасымен тұр­­ғызылған аллея бүгінде қала тұрғын­дарының ең сүйікті демалыс орынд­арының біріне айналған. Бұл маңда қызыл қайың көп өседі. Оны да осыдан біраз жыл бұрын ассамблея мүшелері орнат­қан.

«Этномәдени орталықтар бес жылдан бері осы аллеяны күтіп-баптаумен айналысып келеді. Волонтер жастарымыз мұнда жиі келіп тұрады. Жаз бойы суару кестесіне сәйкес ағаш суарады. Аптасына бір айналаны жинап, өсіп кеткен арамшөптерден тазартып отырады. Кейбір көшеттер қыста үсіп, өспей қалатын жағдайлар болады. Бүгін солардың орнына жас тал егіп жатырмыз. Мұнда әрқайсымыздың өзіміз арнайы егіп, белгілеп қойған атаулы қайыңымыз бар. Соны әктеп, түбін қопсытып, тыңайтып, күтім жасадық. Жалпы, сары бидайы мен сан салалы дамыған өнеркәсібімен даңқы шыққан қазыналы Қостанай өңірінің әсем табиғаты, соның ішінде қызыл қайыңы да мақтауға тұрарлық», дейді корей ұлттық орталығының басшысы Ульяна Ким.

Экологиялық акцияға облыстық «Ассамблея жастары» жастар қозға­лы­сының өкілдері де қатысты. «Мемлекет басшысының игі бастамасы өңір жас­тары тарапынан қолдау тауып, жер-жерде жастар белсенділік көрсетіп жатыр. Қоршаған ортаны тазарту жұмыс­тарын жүйелі түрде жүргізіп, ұр­пақ­тар сабақтастығын сақтай отырып, өс­келең ұрпақтың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру маңызды. Көппен бірге атқарылып жатқан сенбіліктерге ассамблея жастары ай бойы атсалысып келеді», дейді «Ассамблея жас­тары» жастар қозғалысының төрағасы Руслан Мырзағалиев.

ва

Мамыр айында басталған «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы «Өнегелі ұрпақ» апталығына облыстың халық көп шоғырланған ірі елді мекендерінің бәрі белсенді атсалысып жатыр. Мәселен, аталған экоакция аясында Қостанай жоғары педагогикалық колледжінің студенттері мен оқытушылар ұжымы колледж аумағын тазартып, қыстай жиналып қалған қоқыстан арылтты.

Колледж аумағында өткен сенбілікке облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұ­хаметқали келіп қатысып, студенттермен бірге жер қазып, ағаш отырғызды.

«Аталған акцияны көктем айларында ғана емес, жыл бойы жүргіземіз. Қазір облыс әкімдігінде осы бағытта жеке іс-шаралар жоспары қабылданды. Соған сәйкес, қала аумағындағы ескерткіштер мен қоғамдық орындар түрлі мекемелер мен кәсіпорындардың қарауына бекітіліп беріледі. Жауапты мекеме жыл бойы сол ұсынылған жерді абаттандырып, гүл отырғызып, көркейтумен айналысады. Бұл тәжірибені облыс аудандарында да қолдануды жоспарлап отырмыз», деді әкім орынбасары.

Сенбілік барысында студенттер мен оқытушылар 100-ге жуық ағаштың түбін қопсытып, қураған бұталарды қырқып, әктеу-сырлау жұмыстарын жүргізді. Одан кейін колледж ауласын абаттандыру мақсатында 50 шақты түп ағаш көшеті, 100 шақты лалагүл отырғызылды.

«Жалпы, осындай сенбіліктердің тек қоршаған ортаға ғана емес, адам денсаулығына да тигізер пайдасы зор. Көңілің көтеріліп, жаның тазарып, бо­йың жеңілдеп қалады. Өзіңнің қоғамға кішкентай болса да бір көмегің тигенін сезіну де – үлкен қуаныш. Табиғатты қорғау арқылы біз, ең алдымен, өз өміріміздің қауіпсіздігін арттырамыз. Осы жердегі студенттердің бәрі – болашақта мұғалімдер. Сондықтан өкшемізді басып өсіп келе жатқан кейінгі іні-сіңлілерімізге өз ісіміз арқылы үлгі бола білуіміз керек. Әрбір бала табиғат пен қоршаған ортаға қамқор болуды кішкентай кезінен үйреніп, соны әдет-дағдыға айналдыруы керек», дейді Қостанай жоғары педа­гогикалық колледжінің 1-курс студенті Виктория Шулика.

Колледж студенттері Тобыл тасыған кезде де табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындарға қол көмегін тигізіп, саяжайларды қалпына келтіру жұмыстарына белсенді қатысқан еді. Жастар алдағы 16 ма­мырда өтетін «Жас ағаш» бірыңғай республикалық акциясынан да қалыс қалмаймыз деп отыр.

 

Жаркөл – жасыл мекен

Тазалық апталықтарының алыс-жа­қын ауылдарда да көрініс тауып жатқаны қуантады. Мысалы, Федоров ауданында өткен экологиялық акцияға бір күнде 700-ден аса адам қатысты. Олардың ішін­де білім, мәдениет, денсаулық сақ­тау саласының қызметкерлері, бизнес өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, жас­тар, еріктілер, сондай-ақ өңірдің еңбек ардагерлері бар. Аудан тұрғындары «Жасыл мекен» іс-шарасы аясында мыңнан аса ағаш көшетін отырғызды.

2021 жылдан бастап аудан орталығы Жаркөлде жергілікті тұрғындар ауданы 1,3 га болатын жеміс бақшасын еккен. Сол бақша жылдан-жылға жетіліп, былтыр алма, алмұрт, шырғанақ, шие тәрізді ағаштардың алды жеміс бере бастаған. Жеміс бағына биыл 820 пирамида терегі, 200 қарағай, қайың көшеттерін отырғызу жоспарланып отыр. Таяуда ауда­н ор­талығын абаттандыру жұмыстары ба­ры­сында бірнеше демалыс орны мен алаңқайлар көгалдандырылды.

«Үш жыл бұрын аудан әкімі Тәуба Исабаев пен ардагер ұстаз Сәуле Нұркинаның бастамасы жастар тарапынан үлкен қолдауға ие болып, Жаркөлде 500-ге жуық жеміс ағашы бар бақ салынды. Бұл игі үрдіс одан әрі жалғасын тауып, биыл Первомайка ауылында 5 га жер аумағындағы жеміс бағы қалпына келтірілді. 400-ге тарта алма, таңқурай, алмұрт, көкжидек, шие ағашын қайта отырғыздық. Биыл аудан әкімдігі Қоржынкөл ауылдық округінің аумағынан 487 га болатын жер телімін тағы бөліп берді. Мұнда «Assyl Orman» ЖШС жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр. Серіктестік алдағы уақытта 12,5 га аумаққа жеміс ағашын отырғызуды көздеп отыр», дейді Федоров аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Инна Бекмұхамбетова.

Жалпы, Жаркөл өңірі табиғаты көркем, топырағы құнарлы болып келеді. Ауданды көгалдандыру жөніндегі жоспарлы іс-шараларға экобелсенділер ғана емес, сонымен бірге Усаков орман шаруашылығы да білек сыбана кірісіп жатыр. Аталған орман шаруашылығы биыл 84 гектарға жуық қарағай, 29 гектар қайың отырғызды. Бұл ауданда жас көшеттерді күтіп-баптап, суарып отыруға жауапты мекеме, кәсіпорындар бекітілген.

Жалпы, биыл Қостанай облысында көгалдандыру жұмыстарына баса көңіл бөлініп отырғанын айта кеткен жөн. Мысалы, көктем, күз айларында өңірде 10 мыңға жуық көшет отырғызылады.

 

Көпбалалы отбасы көп іс тындырды

Лисаков қаласында өтіп жатқан «Таза Қазақстан» акциясына белсенді атсалысып, ай бойы қыруар шаруаның басын қайырған еліміздегі ең көпбалалы отбасының еңбегін елеусіз қалдыруға болмас. Ерлі-зайыпты Рустам Шүкіров пен Муаззама Мансұрованың 55 бала бағып отырғанын бұған дейін де жазғанбыз. Ерлі-зайыптылардың отбасында 10 ұлттың өкілі тәрбиеленіп жатыр. Оның үшеуі – туған балалары, 52-сін жетімдер үйінен алып асырап алған.

«Әр адам тазалықты өз үйінен, өз ауласынан бастау керек. Біз балаларымызды тек өзіміз тұрып жатқан үйдің іші-сыртына ғана емес, осы қаладағы мектептің, саябақтың, көшенің, өзен-көлдің, орманның тазалығына да аса жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеп отырамыз. Мұны, қателеспесем, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы да жиі айтады. Тазалық пен тәртіп адамды үлкен жетістіктерге жетелейді. Сон­дықтан биыл өз ауламызды, біздің үймен іргелес жатқан аумақтарды тазартып алған соң, қала шетіне шығып, бірталай жерді күзгі жапырақтан арылтып, ағаштардың шіріген бұтақтарын кестік. Өзен жағалауын плас­тик құ­тылардан, полиэтилен қаптардан тазарттық», дейді отағасы Р.Шүкіров.

Көпбалалы отбасы 3 мамырда қала тұрғындарымен бірге «Таза Қазақстан» акциясының «Өнегелі ұрпақ» күніне орай бірнеше тыл еңбеккерінің үйіне барып, ауласын тазартып, гүл егіп кетті.

 

Қостанай облысы