Өндіріс • 14 Мамыр, 2024

Өрмекті өнімге сұраныс жоғары

99 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«AZALA Textile» – елімізге кеңінен танымал бесаспап компанияның бірі. 2004 жылы жіп иіру және тоқыма фабрикасы ретінде құрылған. Араға 11 жыл салып бояу, әрлеу және тігін ісін атқаратын екі өндірістік нысаны іске қосыл­ды. Бүгінде аталған өндіріс орны мақта талшығын өңдеуден бас­тап, тігілген дайын өнімін нарыққа шығаруға дейінгі жұмыстарды түгел атқарады.

Өрмекті өнімге сұраныс жоғары

Мата өз мақтамыздан

Елдегі тоқыма өнеркәсібі көшбас­шыларының бірі саналатын бұл компания өнімдерін Қытайға және ТМД мен Еуропаның жетекші елдеріне экспорттайды. «AZALA Textile» мемлекеттік қорғаныс тапсырысымен елдегі құқық қорғау органдарына киім тігуге арналған костюм және көйлек маталарын шығаратын жалғыз отандық кәсіпорын болып отыр.

«Сапасына сәні сай дайын өнім­дері­міз нарықтағы өз орын жоғалт­қан жоқ. Керісінше, алдымыздан жаңа мүмкіндіктердің жолы ашылып жатыр», дейді «AZALA Textile» комбинатының директоры Бекет Дәулетханұлы.

ва

Мақта матасын өндіру үшін кә­сіпорын оңтүстік өңірдің отандық мақ­­тасын пайдаланады. Ал көмекші шикізатты (бояғыштар, химиялық заттар, байыту материалдары) Германия, Түркия, Үндістан, Украина, Ресей, Өзбекстан сияқты алыс-жақын шетелдерден сатып алады. Мақта матасын шығару үшін мақта талшығы жеткілікті. Бірақ мақта матадан бөлек, аралас маталар да шығарады.

«Осынау ауқымды істі өзіміздің отандық мамандар атқарып жатыр. Әйтсе де, саланың кәсіби білгірлерінің тәжірибесі қажет болатын сәттер де болады. Кей жағдайда отандық мамандарды дайындау деңгейі зауыттың толық қуатында жұмыс істеуі үшін жеткіліксіз болуы мүмкін. Бұл білім беру бағ­дар­ла­масының жоқтығынан, прак­ти­калық тәжірибенің жетіспеу­ші­лігінен немесе білікті мамандардың қызмет ауыстыруынан. Бұл жағдай зауыттың тиімді жұмыс істеуіне кері әсер етеді», дейді кәсіпорын басшысы.

Мемлекет тарапынан отандық кәсіп­кер­лерге жеңілдіктер жасалып, қолдау көр­сетіліп жатыр. Ондай қолдаудың шара­патын «Azala Textile» компаниясы да көрді.

«Бірқатар салықтан босатылдық. Же­ңіл­детілген несиелерге де қолымыз жетті. Қазір Қазақстан даму банкінен бөлін­ген қаржылай кредиттермен жұ­мыс істеп жатырмыз», дейді комбинат директоры.

Кәсіпорында 450 адам жұмыс істейді. Қызмет­керлерге қолайлы жағдай жасал­ған. Еңбек құқығы жақсы қорғалған. Компания қауіпсіз жұмыс ортасын, әділ жалақыны, жеңілдіктер мен мансаптық өсу мүмкіндіктерін қамтамасыз ету үшін барлық қолданыстағы еңбек заңнамасы мен ережесін сақтайды. Еңбек жағдайы бойынша аттестаттау негізінде зиян­ды жұмыс орнында істейтіндер еңбек­ақы­сы­на 30% үстеме алады.

Комбинат өндірген өнімдердің негізгі тұтынушылары – әуелден ұзақ мерзімге келісімшартқа отырып, әріптес ретінде жұмыс істейтін шетелдік серіктестері. Экспортқа өңделмеген маталар жөнел­тіледі. Бір өкініштісі, комбинат толық қуа­тымен жұмыс істеу жағдайына әлі жете қойған жоқ. Негізі бір жылда 4,5-5 мың тонна шикізат алып, оны толық өңдеп шығаруға мүмкіндігі бар. Компания басшылығы ондай жақсы күнге жетудің жоспарын кезең-кезеңге бөліп, нақты жүйесін түзіп қойған. Қазір өндірістік қуаттың 40%-на жуығы ғана жұмыс істеп тұрғандықтан жылына 2,5 мың тонна шикізат алып, содан дайын өнім жасап шығарып жатыр. Оның 60%-ы алыс-жақын шетелдерге экспортталады.

Мақта мата өнімдері біздің елге сырттан да көп әкелінеді. «Azala Textile» компаниясы шығарып жатқан төсек-жабдық жиынтықтары Қытай, Түрікменстан, Өзбекстан елдерінен әкеліп сатылады.

«Оған тосқауыл қою ойымызда жоқ. Өйткені нарықта нақты өз орнымызды алуға әрекет жасап жатырмыз. Қазір электронды сатып алу үрдісі қатты дамып келеді. Онлайн-дүкендерге – «Kaspi Market», «Halyk market»-ке өз өнімдерімізді салып жатырмыз. Жақын арада ресейлік маркетплейстерге де өнім шығаруды көздеп отырмыз. Табиғи өнімдерге сұраныс үнемі болады және біз жасап жатқан өнімдер өз бағасына лайықты екеніне сеніміміз кәміл», деді Б.Тұрсынханов.

Айтуынша, компанияның келешек даму жоспарын қалай құрып, қандай нарықта жұмыс істеуінің бәрі шығарған өнімді сата білуге келіп тіреледі. Әу баста төсек-жабдықтары мен орамал сияқты мақта маталарын шығарса, 2015 жылы бояу, әрлеу және тігін цехын іске қосты. Қазір костюмдік маталар мен арнайы киімге арналған маталар шығаруды негізгі бағыт етіп отыр.

Азалалықтар айтылған жұмыстармен ғана шектеліп қалмай, компанияны дамытудың түрлі жолын іздестіріп жүр. Мәселен, жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен де келісім жасалып жатыр. Оларға қажет заттарды зерттеп, зерделеп сұраныстарын нақты біліп, соған сай жұмыс атқаруда. Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның да әскери киім-кешегін тігіп беріп, сұра­нысын қанағаттандырып отырған осы – «Azala Textile» компаниясы.

«Мақтадан жасалған өнімдерге деген сұраныс қай уақытта да кемі­мей­ді. Сондықтан маркетингтік жұмысты кү­шейтіп, тұрақты тұтыну­шыла­ры­мыз­ды қажетті өніммен қамтамасыз етуге бағытталған жобаларды дамыта береміз», деді Б.Тұрсынханов.