Шаруашылық • 14 Мамыр, 2024

Өндіріске өріс кеңейді

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Ауыл аманаты» жобасы аясында былтыр облыста құны 3 млрд теңге болатын 406 өтінім мақұлданған. Іспен айналысқысы келетін елдегілердің қомақты шаруаны бірден бастап кетуге шамасы келе бермейді. Осыдан да өңдеу, кооперативтерді дамыту, егін және мал шаруашылығы өнімдерін өндіруге арналған жоба ауыл халқының қолайына жағып тұр.

Өндіріске өріс кеңейді

Фото: jambylinfo.kz

Өткен жылы несиелі болған­дар арасында 107 елді мекеннің тұр­ғындары бар. Бастама шең­бе­рінде қаржыландырылған 3 ірі құс етін өндіретін жоба мен 34 жылыжай кешені биыл алғашқы өнімдерін береді. Сонымен қатар өзге өңірлерден 840 млн теңгеге 2 359 бас асыл тұқымды мал әкелінбек. Жалпы, жоба аясында 713 жаңа жұмыс орны ашылады.

«Amanat» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы негізінен ша­­ғын цех, жылыжай өндірісі, омар­та, ба­лық және құс ша­руа­шы­­лы­ғы секіл­ді жеке қосалқы шаруа­шы­­лық­тардың өндірістік жоба­ларын дамытуға бағытталды. Пар­­тия­ның облыстық филиалы жанындағы Экономика, кәсіп­керлік және аграрлық сектор мәсе­лелері жөніндегі өңірлік кеңес пен партиялық бақылау комис­сиясының мүшелері бірлесіп, жоба шеңберінде іске қосылған кәсіпкерлік нысандар жұмысымен ұдайы танысып отырады.

Қызылорда қаласына қарасты Ақсуат ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер Сәрсенкүл Аралбаева жоба аясында өткен жылы 5 млн теңге несие алып, шұлық өнім­дерін шығаратын құрал-жаб­дықтар сатып алып алған. Қазір үйінің алдынан шағын цех ашып, жұмысын бастап кетті. Күніне 400 данадай шұлық шығарып отырған кәсіпкер болашақта іс ауқымын кеңейткісі келеді.

Жоба есік алдындағы шағын жылыжай кешендерін де дамытуға сеп болды. Қызылордалық Нұр­ғазы Сүлейменов ауласын­дағы 300 шаршы метр болатын жылыжайда қияр егіп отыр. Жеке кəсіпкер несиеге алған қаржыға жылыжай жиынтығын сатып алып, шаруа бастап кеткен. Бүгінде өнімін ауыл, қала тұрғындарына сатып отыр.

Манты, самса, түшпара, котлет секілді жартылай дайын өнімдерді өндіретін Гүлзира Ерниязова да  –жоба қолдауына сүйенген іскер­лердің бірі. Кәсіпкер «Ауыл ама­наты» шеңберінде 2,5 пайызбен 8,6 млн несие алып, карантин ке­зін­де бастаған ісін кеңейте түсіп­­ті. Бұрын 2 адам жұмыс істесе, қазір тағы 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қаладағы 6 дүкенмен жұмыс жасайтын цех 14 түрлі жартылай дайын өнім әзірлейді.

«Ауыл аманаты» шеңберінде 2023 жылы Шиелі ауданынан жалпы сомасы 584 млн теңге болатын 79 жоба қолдау тауыпты. Со­ның бірі – Бидайкөл аулындағы қы­­за­­нақ өңдеу цехы. «Barly Bai & K» өн­дірістік кооперативін бас­қа­ратын Қанат Мұсаев 27,6 млн теңге несие алып, шетелден томат пастасы мен консервіленген өнімдерді өндіру желісін жеткізген. Жалпы, жобалық құны 48 млн теңге болатын цех тәулігіне 2 тонна өнім өндіре алады. Алғашқыда сынама ретінде 25 мың банка томат пастасы, аджика, салат дайындалып, өнімдер сапа сертификатын алды.

Жобаны іске асыруға кооператив мүшесі ретінде ауыл тұр­ғын­да­ры да үлес қоса алады. Олардың өнім­­дері цехқа тиімді бағамен қа­был­­данады. «Barly Bai & K» өнімі ал­дағы уақытта облыстың бар­лық әлеуметтік дүкенінде сатылмақ.

Құрылыс қарқыны артатын жаз бен жұрт еккен өнімін жи­най­тын күзде кәдімгі қап та қат тауар­ға айналып шыға келетіні бар. Осыдан да жалағаштық кәсіпкер Рүстем Құдабай «Ауыл аманаты» аясында несие алып, қап тігетін өндіріс орнын ашқан. Өндіріс ошағының әлеуеті күніне 10 мың қап шығаруға жетеді. Қазір цехтан 4 адам тұрақты жұмыс тапқан. 

Бір сөзбен айтқанда, «Ауыл аманаты» жобасының өндіріске өріс аша­тынына елдегілердің көзі жетті.

 

Қызылорда облысы