Тағзым • 14 Мамыр, 2024

Жеңіс күніне жеткен жеті ардагер

42 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Бірі мініп келместің кемесіне, бірі күтіп әнеки жағада тұр», деп ақиық ақын Мұқағали жыр­лағандай, Екінші дүниежү­зілік соғысқа қатысқан майдангерлер қатары селдіреп қалды. Отан үшін от кешіп, оққа ұшқан ержүрек бабалардың ерлік істері мәңгі ұмытылмайды. Ал арамыздағы ардагерлерді ардақтау – айнымас парыз.

Жеңіс күніне  жеткен жеті ардагер

Бүгінде Алматы облысында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 7 майдангер тұрады. Атап айтар болсақ, Қо­наев қаласында тұратын 104 жастағы Оксана Бетебаева, 101 жасқа келген Талғар қаласы мен Іле ауданының тұр­­ғын­дары Вячеслав Легостаев пен Тәңір­­­берген Толғанбаев, Ұйғыр ауданы Кіші Ақсу ауылында тұратын ғасыр жасаған Алым Кибиров, Еңбекшіқазақ ауданындағы жүзге таяған Солтанбай Жарықбасов, Жамбыл ауданынан 97 жастағы Федор Ковалев, осы жасқа толатын Қарасай ауданының тұрғыны Павел Половой Жеңіс күнін қарсы алып отыр. Мереке қарсаңында  соғыс ардагерлеріне айрықша құрмет көрсе­ті­ліп, азық-түлік себеттері табыс етілді. Облыс әкімдігінің шешімімен ардагерлер 2 млн теңгеден алды.

Ұрпаққа Жеңіс сыйлаған ардагер­лер­дің бірі Еңбекшіқазақ ауда­ны­ның Құрметті азаматы Солтанбай Жарық­басов бүгінде 100-ге таяды. Алапат соғыс даласынан аман оралып, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбие­сіне арнаған ардагер бүгінде бәйтерек­тей тамырын тереңге жайып, бала-шаға мен немере-шөберелерінің, ауылдастарының ардақтысына ай­налған.

Іле ауданы Алға ауылында 1925 жылы өмірге келген Солтанбай Жарықбасов 1943 жылы Іле аудандық әскери комиссариаттан шақыру қағазын алып, майданға аттанған. Сол жылдың қаңтарында Ташкенттегі мергендер курсында оқып, сәуір айында әскерге аттанған сарбаз Забайкалье майданындағы 25-қызыл тулы механикаландырылған бригаданың құрамында 1-батальоны, 1-ротасының пулемет бөлімшесінің командирі болған. Жапондарға қарсы соғысқа қатысқан. Майданда мергендігімен көзге түсіп, талай ерлік жасаған.

Соғыстан соң Ресейдің Новосібір облысы Красноземск ауданының «Правда» ұжымшарында тракторист болған. 1950 жылдың сәуірінде туып-өскен ауы­лына оралып, ұжымшардың есеп комиссиясының төрағасы қызметін атқарады.

Еңбек ете жүріп, Түрген педагоги­калық училищесін, Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетін сырттай бітірген. Алғашқы еңбек жолын сол кездегі Алексеевка, Ключи орталау мектептерінде мұғалім болудан бастаған С.Жарықбасов кейін Алға бас­тауыш мектебінің меңгерушісі, он жылдан астам уақыт, яғни зейнеткерлікке шыққанға дейін мектеп басшысы қызметтерін абыроймен атқарды. 1992 жылдан бері Бәйтерек ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы болып, еліне елеулі еңбек сіңірген.

Майдангер  Солтанбай ата ІІ дәре­желі «Даңқ» ордені, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Отан соғысы» орденімен, Жеңіс­тің мерейтойлық медальдарымен марапатталған. Ақсақал сегіз баласынан немере, немерелерінен шөбере сүйіп үлкен әулетке айналған. Ұстаздық еңбегімен ел баласын ғана емес, өзінің кіндігінен тараған ұрпақтарын да мейірімді, қайырымды, білімді де білгір болуға тәрбиелеген ардагердің әулеті 2014 жылы Алматы облысы бойынша «Мерейлі отбасы» атағына ие болды. Бұл күнде Алға ауылының данагөйіне айналған қарияны ел-жұрты қадірлеп, ақ батасын алып жүр.

«Менен бұрын әкем мен екі ағайым соғысқа кеткен еді. Сондықтан мені ешкім майданға шығарып салған жоқ. Жалғыз өзім сұрапыл соғысқа бара жатып: «Егер аман қайтсам, үрім-бұ­тағымды өсіремін», деп өзіме серт еттім. Жаратқан осы тілегімді қабыл етсе керек, қазір бала-шағаның ортасын­да бақытты өмір сүріп жатырмын. Екі ағам соғыстан қайтпады. Ал әкем 1944 жылы майданнан жаралы оралды. Кейін сұрау салып, екі бауырымның соғыста қаза болып, бауыр­ластар зиратына жерленгенін білдім. Соғыс ешкімді аямады. Қазақ «орнында бар оңалар» деген, сол бір сұрапыл жылдарды да еңсердік. Енді заманымыз тыныш болып, Тәуелсіз еліміздің тұғыры биіктеп, айбыны арта берсін», дейді ғасыр жасаған майдангер.

 

Алматы облысы