Қаржы • 15 Мамыр, 2024

Қордағы қаржы құтаймай барады... Дағдарыстан сабақ алу қажет

200 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бюджеттің кем-кетігін жабу үшін Ұлттық қорға қайта-қайта қол сала беру әдетке айналды. Бұған дейін Ұлттық қордағы қаражатқа тәуел­ділік­тен арылу туралы бастама бірнеше рет көтерілді. Бірақ сәуірде қор тағы 200 миллиардқа – 28,8-ден 28,6 триллион теңгеге дейін қысқарды. Шөміш ұстаған шенділер қазанның түбіне қарамайтын секілді...

Қордағы қаржы құтаймай барады... Дағдарыстан сабақ алу қажет

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Қор ақшасына қашанғы қол сұғамыз?

Ұлттық қор активтері 2014 жылы 77,2 млрд доллар белесіне көтеріліп, шырқау шегіне жеткен еді. Қазір сол деңгейден 24,4 пайызға, яғни 18,8 млрд долларға дейін азайып кетті. Тәуелсіз сарапшылар ғана емес, депутаттар да қор қаражатын жұмсаудың тетіктері айқын емес, бұлыңғыр екенін жиі айтады. 2023 жылы Ұлттық қор баламалы құралдары портфелін басқарудың инвестициялық стратегия­сы бекітіліп, қор актив­терін «дәстүрлі емес бала­ма­л­ы құралдарға» инвес­ти­­циялау көзделген. Оның қандай нәтиже әкел­гені 2028 жылы 5 жыл қоры­тындысы бойынша кіріс­ті­лікке аралық бағалау жүр­гізілгенде белгілі болады. Ал әзірге жаңа стратегия да ескі проблемалардың сүр­леуінен шыға алмай жүр.

«2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы мен қор нарықтарының құлдырауынан кейін Ұлттық қордың жинақ портфелін басқару тәсілдері консервативті қағидат­тар­ға негізделді. Активтерді сақтау мақ­сатында портфельде дамыған елдердің облигациялары басым болып, үлесі 80%-ға жетті, ал акциялардың үлесі төмен, 20% ғана болды. Салдарынан кейінгі 10-15 жылда Ұлттық қор активтерін басқарудан алынған кірістілік әлемдегі ұқсас бірқатар тәуелсіз әл-ауқат қорының табысынан әлдеқайда төмен болды. Мысалы, Норвегияның зейнетақы қорынан көп артта қалды», де­лін­ген тұжырымдамада.

Ұлттық банк деректерінде айтыл­ған­дай, Ұлттық қордың 2000-2022 жыл­дар­дағы орташа табысы 3,02 пайыз, кейінгі 20 жылдағы шетел валютасындағы актив­тер­ді басқарудан түскен инвестициялық кірісі 15,1 млрд долларды құрапты. Қар­жы министрлігінің дерегінше, қордан 2010 жылы 1,2 трлн теңге трансферт алынған. 2015 жылы бұл көлем екі есе өсіп, 2 трлн 468 млрд теңге болды. 2017 жылы – 4 трлн 421 млрд теңге, 2020 жылы – 4 трлн 785 млрд теңге, 2021 жылы 4 трлн 519 млрд теңге шығындалды. Биылғы шығысы да осыған шамалас. Ұлттық қор трансферттерін 2 триллионға төмендету жоспары бізден алыстап бара жатыр деген қауіп бар.

Наурыз айының соңындағы көрсеткіш бойынша Ұлттық қорда 28,8 трлн теңге болған еді. Бір ай ішінде қор қаражаты 200 млрд теңгеге қысқарған. Еске салсақ, 1 қаңтарда Ұлттық қордағы қаражат көлемі 29,1 трлн теңге болған еді. Ал наурыз айын­да мақсатты трансферттер үшін Ұлттық қордан 411 млрд теңге алын­ды. Сәуір айында да дәл осындай сомада мақсатты трансферттер бюджетке аударылды.

2024 жылдың басынан бері Ұлттық қордан 1,9 трлн теңге қаражат алдық. Ке­пілдік берілген трансферттер 1,5 трлн теңгені құрады. Бір ай ішінде бюджетке кепіл­дік берілген трансферттер көлемі 480 млрд теңге болған. Қорды басқаруға, жыл сайынғы сыртқы аудитті жүр­гізуге байланыс­­ты шы­­ғыс­тарды жабу шығы­нына жыл басынан бері 5,2 млрд теңге жұм­са­лып­ты. Наурыз айын­­­­да бұл көрсеткіш 1,6 млрд теңге болған. Яғни қордың осы мақсаттағы шы­ғындары да бір ай ішінде 3,5 млрд теңгеге ұл­ғайған.

 

Биылғы шығын да біршама...

Сарапшылар биыл Ұлттық қордан бюджетке аударылатын трансферттер көле­мі ұлғаюы мүмкін екенін айтқан. Ұлт­­тық банктің дерегінше, Ұлттық қордан қаңтар айында – 1,05 млрд доллар валюта, ақпан айында – 609 млн доллар, наурыз айында – 700-800 млн доллар, сәуір айын­да 1, 06 млрд доллар валюта сатылған. Бұл қаржы республикалық бюджетке транс­ферттерді қамтамасыз етті. Ал мамыр айында бас банк Үкіметтің алдын ала өті­ні­­міне сай, Ұлттық қордан 750-850 млн дол­­ларға дейін валюта сатуды жоспарлап отыр.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған қатысты бірнеше рет тапсырма берді. Тапсырма қалай орындалып жатыр?» деген сауалды Ұлттық экономика министрлігіне (ҰЭМ) қойып, төмендегі жауапты алдық.

Министрліктің мәлімдеуінше, мем­лекеттің салық-бюджет саясатының, Ұлттық қорды қалыптастыру және пайдалану саясатының бағдарлары Мемлекеттік қаржыны басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасымен бекітілді. Салық-бюджет саясаты бюджеттің мұнай кіріс­теріне тәуелділігін төмендетуді, оның сыртқы факторларға тұрақтылығын арттыруды қамтамасыз ету үшін бюджеттің мұнай емес тапшылығы деңгейін 2030 жылы ІЖӨ-нің 5%-на дейін біртіндеп төмендетуге бағытталған.

«Бюджеттік қағида контрциклді сипат­қа ие және Халықаралық валюта қоры сарапшыларының оң бағасын алды. 2023 жылдан бастап Ұлттық қор­дан ке­піл­дендірілген трансферт мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетін түсім­дер көлемінен аспайтын мөлшерде айқын­да­лады. Осылайша, белгіленген кесімді бағаны ескере отырып, Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепіл­ден­дірілген трансферт мөлшері 2022 жылғы 4,0 трлн теңгеден 2023 жылы 2,2 трлн теңгеге дейін, 2024-2026 жылдары жыл сайын 2,0 трлн теңгеге дейін төмендеуде», дейді ҰЭМ өкілдері.

Ұлттық қордан ірі көлемде қаражат алғанның арқасында, қазір теңге бағамы тұрақты болып тұр. Тіпті кейінгі айда біршама нығайды. Сарапшылар бұл инфляцияға оң әсер ететінін айтады. Алайда күшті валюта бағамы Үкіметтің қордан түсетін трансферттерді азайту жос­парына қауіп төндіреді. Ел билігі биыл 3,6 трлн теңге трансферт бөлінеді деп жоспарлаған. Былтыр ұлттық компания акциясын сатып алуды қосқанда, Ұлттық қордан жалпы 5,3 трлн теңге шығарылған. Ал 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында Ұлттық қордан 1,4 трлн теңге жұмсалып қойды.

Оған қоса, бірінші тоқсанда негізгі салық жинау жоспары орындалмаған. Су тасқыны салдарын жоюға кететін үлкен шығын­дармен қатар, салықтың кем түсуі Үкі­метті жыл соңына дейін Ұлттық қордан көбірек қаржы алуға мәжбүр етуі мүмкін. Қордан көбірек қаржы алу өз кезегінде ІЖӨ өсімі, теңге бағамы, инфляция мен базалық мөлшерлемеге әсер етеді.

 

Тығырықтан шығудың жолы қандай?

Экономист Мұрат Темірхановтың айтуынша, бізге контрциклдік фискалдық сая­сат қажет. Ол экономиканың құлды­рауы кезінде Ұлттық қорды пайдалануды арттыруды, ал өсу кезінде керісінше азайтуды көздейді.

Сарапшылардың айтуынша, осы уақытқа дейін бірнеше дағдарысты еңсер­генімізбен тастасақ та, кем-кетіктеріміз мем­ле­кеттік деңгейде сараланбады. 2008 жылы басталған дағдарыстың ықпалынан әлі толық айығып шықпағанымызды қазіргі жағдайлар дәлелдеп тұр. 2015 жылдан бері еліміз орташа табыстың тұзағына түсіп, одан шығуымыз да қиындап барады.

Экономистердің айтуынша, тығырық­тан шығудың амалы – экономи­ка­ның бар­лық сегментінде бизнес субьек­ті­ле­рі­нің пайда болуына мүмкіндік беру. Себебі жағдай бақылаудан шығып барады. 2015 жылдардан бері Ұлттық қорға түсіп жатқан түсімнен шығынымыз басым болды. Қажеттіліктеріміз табысымыздан асып кетті. Сондықтан жаңа ережеге сәйкес, 2023 жылдан бастап кепілдендірілген трансферт мөлшері мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетін болжамды кірістерден аспайды.

Мұрат Темірхановтың есебіне сүйен­сек, экономикалық өсу кезінде Ұлт­­тық қордан аударылатын трансферттер 2,3 триллион доллардан аспауы керек. Себебі ішкі қаржыландыруға тәуел­діліктің артуы, қарыздар бойынша шығындардың шектен шығып кетуі қарызға қызмет көрсету және өтеу шығындарының өсуіне әкелуі мүмкін. Әлемдік рейтинг агенттіктері қазірдің өзінде шығындар өсе берсе, онда несиелік рейтин­гі­мізді төмендететінін ескертіп отыр.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қорды жұмсауға шектеу қою керек дегенде, дәл осы контрциклдік бюджет ережесін меңзеп отыр», дейді Мұрат Темірханов.

Экономист қазір геосаяси жағдайға қарамастан, мұнай бағасы жоғары болып, біздің ішкі жалпы өнім өсімі жыл сайынғы көрсеткіштен 4 пайызды құрағанын, яғни экономика өткен жылмен салыстырғанда қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Демек бюджет шығыстары мен Ұлттық қордан түсетін трансферттердің өсуін тоқтататын сәт келді. Бірақ бұл жолы да мүмкіндікті пайдалана алмай отырмыз.

«Қазір мұнай бағасы құбылып тұр. Жаһандық нарық 80 доллардан ұзай алмады. Brent маркалы мұнайдың рекордтық максимумы 2008 жылғы 4 шілдеде тіркеліп, әр бөшкесі 143,9 доллардан бағаланыпты. Сол қымбат ресурс дәуірі артта қалды. Бүгін барреліне 80 доллардан асып тұрған мұнайдың күні ертең 40 долларға дейін төмендеп кетпеуіне ешкім кепілдік бермейді. Егер осы баға үш жыл бойы сақталса, Ұлттық қорда тіпті зейнетақы төлеуге де ақша қалмайды, өйткені біз жақсы уақытта Ұлттық қордың ақшасын жұмсап тастадық, жинаған жоқпыз. Макроэкономикалық тұрақтылық тұрғысынан Қазақстан үшін үлкен тәуекелдер бар», дейді Мұрат Темірханов.