Білім • 15 Мамыр, 2024

Астанада әлемнің үздік жас биологтері бақ сынайды

64 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда биология пәнінен халықаралық IBO-2024 олимпиадасына дайындық жүріп жатыр. Олимпиадаға әлемнің 81 елінен 300-ден астам оқушы және 500-ден астам ғылыми жетекші мен қонақтар келеді деп күтіледі, деп хабарлайды Egemen.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астанада әлемнің үздік жас биологтері бақ сынайды

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

IBO-2024 биылғы жылдың 7-14 шілдесі аралығында Назарбаев университеті базасында теориялық және 4 практикалық тур (биохимия, молекулалық биология, биоинформатика, жануарлар анатомиясы және физиологиясы) бойынша өткізіледі.

Қазақстанның жас ғалымдары мен өткен халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарынан тұратын IBO-2024 ғылыми комитеті практикалық және теориялық турларға тапсырмалар әзірлеп, осы жылдың наурыз айында стресс-тест жүргізді.

«Биологиядан халықаралық олимпиаданы жоғары деңгейде өткізу мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің бірлескен қаулысы қабылданды. Әлемнің 81 елінен келген оқушылар елорданың мәдени орындарын аралайды және Қазақстанның інжу-маржаны – Бурабайға барады. Сондай-ақ команда жетекшілері кәсіби тәжірибе алмасуға, олимпиаданы ұйымдастыру мен өткізуге арналған семинарлар мен конференцияларға қатыса алады», дейді «Дарын» РҒПО директоры Ғаждембек Тұрсынов.

Биология пәнінен халықаралық олимпиада (IBO) – әлем елдерінің жоғары сынып оқушылары арасындағы ең ауқымды жарыс. Қазақстан оқушылары ғылыми жарысқа 1996 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде олар 2 алтын, 20 күміс, 54 қола медаль және 14 Құрмет грамотасын жеңіп алды, бұл жоғары көрсеткіш болып саналады. Қазақстанның осындай беделді іс-шараны өткізу орны ретінде таңдалуы да сондықтан.