Білім • 15 Мамыр, 2024

Бакалавриат, магистратура, докторантура. Биыл қанша грант бөлінетіні белгілі болды

136 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ғылым және жоғары білім министрлігі 2024-2025 жылдары жоғары білім берудің барлық деңгейлеріне арналған білім гранттарының тізімі мен санын жариялады, деп жазады Egemen.kz.

Бакалавриат, магистратура, докторантура. Биыл қанша грант бөлінетіні белгілі болды

Фото: Батыс Қазақстан облысы әкімдігі, gov.kz

Биыл жоғары оқу орындарында оқу үшін 112 мың грант бөлінген. Сондай-ақ осы жылы алғаш рет ішінара оқу ақысы бар сараланған гранттар енгізілді.

Гранттардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына бөлінді, олардың саны 19 344 грантты құрайды. Ал «Педагогикалық ғылымдарға» – 13 735 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 10 903 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына – 8 288 грант тиесілі.

Биыл алғаш рет ішінара оқу ақысы бар сараланған гранттар енгізілді. «Педагогикалық ғылымдар» және «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» БББТ бойынша 150 сараланған гранттан бөлінген.

Осы жылы «Серпін» бағдарламасы бойынша грант иеленген түлектер, енді оқу бітіргесін грант ақысын бұрынғыдай 3 жыл емес 2 жыл өтейді әрі оны өтеу орны 11 аймаққа ұлғайтылған.

«Гранттар тізімінде 5 000 халық тығыз қоныстанған және батыс өңірлердің жастарын жетекші жоғары оқу орындарында оқыту үшін мақсатты білім беру гранты бар, оның ішінде гранттар Атырау және Маңғыстау облысы түлектеріне арналған. Жалпы, бакалавриатқа түсу үшін 2024-2025 оқу жылында 79 мыңға жуық грант бөлінді», делінген Ғылым және жоғары білім министрлігі таратқан хабарламада.

Магистратураға түсуге 13 мыңға жуық, докторантураға түсуге 1 900 астам грант бөлінген.

2024-2025 оқу жылына арналған білім беру гранттарын бөлудің толық тізімі Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жарияланды. Тізімді мына сілтеме арқылы көруге болады.