Қоғам • 16 Мамыр, 2024

Саулыққа бастайтын игі іс

23 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада «Нашақорлықты спортқа айырбаста» акциясы өтіп жатыр. Науқан аясында елордалық спортшылар өтіп бара жатқан азаматтарға электронды темекіні спорттық құрал-жабдықтарға айырбастауды ұсынады. Осылайша, жастар тұрғындар мен қонақтарды темекі өнімдерін тұтынбауға үгіттеп жүр.

Саулыққа бастайтын игі іс

Жасөспірімдердің темекі өнім­де­ріне әуестігі қоғамның өзекті мәселесіне айналғалы қашан. Үй мен түзде көрген-түйген әдетті тез қабылдайтын мектеп оқушыларының әсіресе вейпті тұтынуы – бүгінгі пси­хо­логиялық-педагогикалық проблема. Түйткілмен күресте жүйелі әрі кешенді жұмыс қажет. Осыған орай Сарыарқа ауданы әкімдігінің, Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен науқан ұйымдастырылды.

– Қазір біз теріс бір тенденцияны анық байқап жүрміз. 25 жасқа дейінгі жастар арасында электронды темекі кең таралған. Акция аясында біз осы темекі, вейп өнімдерін тұтынатын жастарға қолдарындағы зиянды заттарды бокс қолғабына, допқа, турникетке айырбастауды ұсынамыз. Осылайша, елордалықтарды саламатты өмір салтына шақыра отырып, қаламызға, табиғатымызға деген жанашырлыққа, оң көзқарасқа тартамыз, – деді Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев.

Науқанға елордалық киокушинкай-кан каратэші Әлихан Асубаев қатысты. Ол мұндай шаралардың маңыздылығын атап өтіп, жастарды спортпен айналысуға шақырды.

– Акция арқылы біз жастарға спортпен шұғылданып, денсаулықтарын күту керектігін көрсеткіміз келеді. Біздің мақсат – жаман әдеттерден арылу үшін бірігіп жұмыс істеу. Бұл көпшілікке мотивация болады деп сенеміз, – деді Ә.Асубаев.

Астана қалалық мәслихатының депутаты Арсланбек Мағзұмның айтуынша, жанашырлықты жалау еткен науқан елордада жиі өткізіліп тұрады.

– Бір ай бұрын атақты қазақстандық спортшы Василий Тахтаймен бірге осындай акция жүргізген болатынбыз. Алдағы уақытта мұндай іс-шараларды жалғастырамыз. Игі істің оң нәтижесін кө­ріп отырмыз. Акция барысында жиналған электронды құрылғылар мамандандырылған зауытта жойылады, – деді ол.