Экономика • 16 Мамыр, 2024

«6,5 миллон теңге». Қызметкерлеріне негізсіз сыйақы берген мекемелер анықталды

213 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жоғарғы аудиторлық палата отырысында 2022 жылдың 1 қаңтары мен 2023 жылғы 31 желтоқсан аралығында Алматы қалалық бюджетінің атқарылуына сыртқы мемлекеттік бақылау жүргізілді. Бақылау қорытындысы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен жиында талқыланды, деп жазады Egemen.kz.

«6,5 миллон теңге». Қызметкерлеріне негізсіз сыйақы берген мекемелер анықталды

Фото: Astanatv.kz

Алматы қаласында қаржылық тәртіпті қамтамасыз ету және нығайту бойынша қабылданып жатқан шараларға қарамастан, Тексеру комиссиясы мемлекеттік қызмет туралы заңнама, бюджет және еңбек заңнамасы жеткілікті дәрежеде сақталмаған фактілерді анықтады.

Тексеру барысында орындалмаған қызметтер үшін қаржы бөлінгені белгілі болды. Оның ішінде 150,4 млн теңге көлеміндегі шығыстар басқа бағыттарға, негізгі бөлігі сыйлықақы ретінде төленген.

Алматы қаласы бойынша тексеру комиссиясы сыйлықақылар мен бонустарды төлеу мәселелерінде заңнама талаптарын толық сақтамаған. Бұл өз кезегінде бюджет қаражатын пайдаланудағы әділеттілік пен ашықтық қағидаттарын бұзады.

«2023 жылғы желтоқсанда Тексеру комиссиясының жекелеген қызметкерлеріне «лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны үшін» 6,5 млн теңге сомаға бірнеше рет сыйлықақы төленген. Атап айтқанда, жұмысқа қабылданған сәттен бастап бір тоқсаннан аз жұмыс істеген адамдарға 5 рет сыйлықақы берілген. Бұл жағдайлар іссапарға жіберілген қызметкерлерге тұрғын үй жалдауға тиісті соманы төлемеу және жекелеген мемлекеттік қызметшілерге тиесілі бонустарды төлемеу аясында болған», делінген Жоғарғы аудиторлық палата хабарламасында.

Бұдан бөлек, 2022-2023 жылдары жұмыс нәтижелерін бағалау жүргізілмеген және жоғары еңбек тиімділігі расталмаған инспекторларға сыйақылар төленген. Осы бағытқа 2022 жылы – 4,5 млн теңге, 2023 жылы – 17,2 млн теңге негізсіз жұмсалған.