Саясат • Бүгін, 07:57

Қытай блогері «Достық» орденімен марапатталды

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Миллиондаған оқырманы бар қытайлық блогер, Kazakh Tourism амбассадоры Тао Минсю Мемлекет басшысының атынан ІІ дәре­желі «Достық» орденімен марапатталды. Жоғары мемлекеттік награданы оған Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстады.

Қытай блогері «Достық» орденімен марапатталды

Марапат Тао Минсюдің Қытай медиакеңістігінде Қазақстанды танытуға, оның мәдени мұрасы мен туристік әлеуетін насихаттауға, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы гуманитарлық байланыс­тарды нығайтуға қосқан үлесі үшін берілді.

Марапаттау рәсімі барысында Аида Балаева Тао Минсюдің екі ел халқы арасындағы достықты нығай­тудағы еңбегінің маңызын атап өтті.

«ІІ дәрежелі «Достық» ордені –  Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен гуманитарлық байланыс­тарды нығайтуға қосқан үлесіңіздің жоғары мемлекеттік бағасы. Сіздің еңбегіңіздің арқасында миллиондаған адам Қазақстанды, оның бай мәдени мұрасын, көркем табиғатын және туристік әлеуетін жақынырақ таныды», деді Аида Балаева.

Тао Тао есімімен де танымал блогер Қазақстанға алғаш рет 2024 жылы қыркүйекте арнайы шақырылған медиа-инфлюенсер ретінде келген еді. Содан бері ол Астана, Алматы қалаларында, сондай-ақ Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында болып, жиынтық қамтылымы 1 млрд-тан асатын 100-ден аса материал жариялады. 2025 жылғы мамырда оған «Қазақстан туризмінің елшісі» құрметті мәртебесі берілді. Қазақстанға бесінші сапары аясында блогер Алматы – Ақтау – Түркістан бағытымен сапарлап, Амал және Наурыз мерекелеріне арналған іс-шараларға қатысты.

Қытайлық блогерді марапаттау – Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың кең ауқымды нығаю үдерісінің бір көрінісі. Бүгінде екі елдің қарым-қатынасы жан-жақты стра­тегиялық әріптестіктің бұрын-соң­ды болмаған жоғары деңгейіне көтерілді. Бұл бағытта Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төр­ағасы Си Цзиньпин арасындағы достық қа­тынастар айрықша рөл атқарып, екіжақты байланыстарды одан әрі тереңдетудің берік бағдарын айқындап отыр.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі мәдени-гумани­тарлық сала болып қала береді. 2026 жылы Қазақстан мен Қытай мәде­ниетінің тоғыспалы жылы өтіп жатыр. Бұл бастама театр, кино, көрме қызметі, креативті индустриялар және гастрольдік алмасулар сала­ларындағы өзара ықпалдастықты кеңей­тудің маңызды алаңына айналды.

Қол жеткізілген уағдаластық­тардың маңызды нәтижелерінің бірі – Бейжің қаласында Қазақстанның мәдени орталығының ашылуы. Бұл – шетелде ашылған алғашқы әрі әзірге жалғыз қазақстандық осындай мекеме. Орталықта Қытайда қазақ мәдениетін, тілін, өнері мен тарихын ілгерілетудің, сондай-ақ көрмелер, дәрістер, концерттер, шеберлік сабақтары мен білім беру бағдарламалары өткізіледі.

Туристік ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді. 2024 жылы Қазақстанға Қытайдың 655 мың азаматы келсе, былтыр бұл көрсеткіш 968 мың адамға жетті. Бұл бағытқа 2026 жылғы 29 наурызда «Air Astana» әуе компаниясы іске қосқан Алматы – Шанхай тікелей әуе рейсі қосымша серпін берді. Жаңа бағыт туризмді, іскерлік байланыстарды және гуманитарлық алмасуларды дамытуға қосымша мүмкіндік ашады.

Соңғы жаңалықтар

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 09:15

Сарқылмас ойдың кені

Қоғам • Бүгін, 09:10

Ырыздықты молайтуға ұмтылыс

Шаруашылық • Бүгін, 09:07

Көктем шуағын еселеген саябақ

Аймақтар • Бүгін, 08:57

Әмбебап медиаменеджер

Руханият • Бүгін, 08:53

Әдеби сынның бәсі қандай?

Әдебиет • Бүгін, 08:50