Экономика • Бүгін, 08:17

Табыс теңгерімі: Жалақы мен баға арақатынасы

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еңбекақы мәселесі – қоғамда әрдайым өзекті тақырыптың бірі. Бүгінде елімізде белгіленген ең төменгі жалақы мөлшері – 85 мың теңге. Ranking.kz дерегінше, 1 млн-нан аса адам 300-500 мың теңге, 724,1 мың адам 200-300 мың теңге, 711,8 мың адам 100-200 мың теңге аралығында жалақы алады екен.

Табыс теңгерімі: Жалақы мен баға арақатынасы

Экономист Руслан Сұлтанов­тың пікірін­ше, жалақы – жай ғана сан емес, адамның қан­шалық құндылық құра алатынының көрінісі. Адам жұмыс істейді, өнім өндіреді, сатады, қызмет көрсетеді, ұйымдастырады. Осыған оған ақша төлейді.

«Күнделікті өмірде де, әлеу­меттік же­лілерде де «мемлекет жай ғана жалақыны көтеруі ке­рек» деген әңгімелерді жиі ести­мін. Жалпы, мұның өз логикасы бар. Елестетіп көріңіз, бәріміздің жалақымызды бір сәтте өсірді делік. Бірақ ешкім бұ­рын­ғыдан жылдам жұмыс істе­мейді. Ешкім көбірек өнім өн­дірмейді. Зауыттар өнімділігін екі есе арттырған жоқ. Қызмет көрсету сапасы да жақ­сармады. Ал адамдардың табысы артты. Содан кейін не болады? Қолына ақша түскен адам ең алдымен соны жұмсауға ұмтылады. Бірақ тауар көп емес. Осы жерден мәселе туын­дайды. Сұраныс артқанымен, ұсыныс жоқтығынан баға өседі. Адамдардың бұрынғы бағадан көбірек төлеуге дайын екенін көр­ген сатушы бағаны өсіре бере­ді. Сондықтан жалақыны көтер­геннен өмір сүру жеңілдей түседі деген шарт жоқ», дейді экономист.

Р.Сұлтановтың айтуынша, жалақыны көтерудің бизнеске де әсері бар. Мәселен, еңбекақы еселенген жағдайда бизнеске бұл ақшаны бір жерден алу керек. Ал ол пайда таба алмаса, онда бағаны көтереді, адамдарды қысқартады немесе жай ғана өсуді тоқтатады. Қалай болған­да да, әсері адамдарға қайта тиеді.

Мемлекет болса, бюджеттік сала қыз­­меткерлеріне көбірек ақша төлеуге мүмкіндігі бар. Жәр­­демақыны ұлғайтып, ең төмен­гі еңбекақы деңгейін енгізе ала­ды. Алайда, сарапшының айтуынша, мемлекет тікелей өнім жасай алмайды. Тек ақшаны қайта бөледі.

«Мемлекет көбірек төлейтін болса, ол салық, қарыз, ақша массасын арттыру есебінен бір жерден көбірек алады деген сөз. Бұл бағаның өсуі, бизнеске жүктеме түсуі, болашақтағы салдары арқылы тағы да айналып адамдарға әсер етеді. Көп жерде айтыла бермейтін қара­пайым ой бар. Экономика көбірек құндылық өндіре бастағанда ғана кіріс артады. Яғни бір адам кешегіден көп жұмыс істегенде, жаңа бизнес пайда болғанда, қызмет көрсету сапасы жақсырақ, жылдамырақ, арзанырақ болғанда табыс молаяды», дейді Р.Сұлтанов.

Сарапшының айтуынша, жай ғана еңбекақыны өсіріп қою – тауар санына қарамастан, бәріне бірдей артық ақша таратып бергенмен тең.

«Негізгі мәселе – жалақы көле­мінде емес, сол табысқа қанша­лық тауар мен қызмет алуға болатынында», дейді экономист.

Қазір елде ең төменгі жалақы­ны есептеудің жаңа тәсілі дайындалып жатыр. Бастама күшіне енсе, жалақы деңгейі де жақсаруы мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев аталған тәсіл осы жылдың соңына дейін бекітіліп, келесі жылдан бастап қол­данысқа енгізілуі ықтимал еке­нін айтты. Есептеу әдісі екі негіз­гі көрсеткішке – еңбек өнім­ділігі мен орташа жалақыға сүйенеді. Әзірге құжат Қаржы ми­нистрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің қарауында тұр.

Жаңа тәсілге сәйкес, мысал ре­тінде ең төменгі жалақы 95 мың теңгеге көтерілсе, жала­қы­ны есеп­теу осы сомадан бастап жүр­гізіледі. Оған қызметкердің еңбек өтілі, атқаратын қызметі мен лауа­зымы қосылып, жалпы табыс көлемі анықталады. Бұл бюджет сала­сында да, жекеменшік секторда да жалақының кезең-кезеңімен  өсуіне ықпал етуі мүмкін.

Соңғы жаңалықтар

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 09:15

Сарқылмас ойдың кені

Қоғам • Бүгін, 09:10

Ырыздықты молайтуға ұмтылыс

Шаруашылық • Бүгін, 09:07

Көктем шуағын еселеген саябақ

Аймақтар • Бүгін, 08:57

Әмбебап медиаменеджер

Руханият • Бүгін, 08:53

Әдеби сынның бәсі қандай?

Әдебиет • Бүгін, 08:50