Білім • 17 Мамыр, 2024

Инженерлікке тапсырғандар ұтылмайды

38 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекеттік білім гранттарының тізімі шықты. Жоғары білімнің қай деңгейіне қанша грант бөлінді? Ең көп грант қай мамандықтарды даярлауға қарастырылған? Жаңадан қандай мамандықтарға гранттар бөлінді? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу мақсатында жарияланған тізімге толығырақ тоқталуға тырыстық.

Инженерлікке тапсырғандар ұтылмайды

Иә, биылғы талапкерлер асы­ға күткен ақпарат жариялан­ды. Бұл ақпараттың маңызы сол, онда жоғары білімнің бар­лық деңгейі (бакалавриат, магистратура, докторантура) бойынша 2024 – 2025 оқу жылына арналған білім гранттарын бөлу туралы мағлұмат берілген.

Сонымен, Ғылым және жоға­ры білім министрлігінің мәлі­ме­тіне сүйенсек, 2024 – 2025 оқу жылында жоғары оқу орындарында білім алуға бас-аяғы 112 мың грант бөлінген. Оның ішінде бакалавриатқа 79 мыңға жуық грант қарастырылған. Ал магистратураға 13 мыңға жуық, докторантураға 1 900 аса грант бөлінді.

Ал сөз басында туындаған «Жаңа­дан қандай мамандықтарға  гранттар бөлінді?» деген сұра­ғымызға министрлік тарат­қан ақпаратындағы мынау жол­дардан жауап тапқандай болдық. Онда: «Биыл алғаш рет ішінара оқу ақысы бар сара­ланған гранттар енгізілді. «Педа­гогикалық ғылымдар» және «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» білім бағдарламасы топтары бо­йынша 150 сараланған гранттан бөлінді. Осыған қоса «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 903 грант бар. «Серпін» жобасы арқылы 4 даяр­лау бағыты бойынша білім алуға мүмкіндік беріледі. Атап айтқанда, педагогикалық ғы­лым­дар, инженерлік-техни­калық, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы маман­дық­тары бойынша оқуға түсе алады. Бағдарламаға оңтүс­тік өңірдегі ауыл жастары қа­тысады. Айта кетсек, оқу бітірген соң, грант өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылып, өтеу орны 11 аймаққа ұлғай­тыл­ды. Гранттар тізімінде 5 000 халық тығыз қоныстанған және батыс өңірлердің жастарын жетекші жоғары оқу орындарында оқытуға мақсатты білім гранты бар, оның ішінде гранттар Атырау, Маңғыстау облысы түлектеріне тиесілі», делінген.

Енді «Жоғары білімнің қай деңгейінде қандай маман­дық­тар­ға грант көп бөлінген?» деген сұраққа келсек, бакалавриат бо­йынша гранттардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім бағдарламасы топтарына бөлінді, оның саны 19 344 грантты құрайды. Ал «Педа­гогикалық ғылымдарға» – 13 735 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технология­лар» саласына – 10 903 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына  8 288 грант қарас­тырылған. Еліміздің көп өңі­рін­де су тасқынынан халық пен жайы­лым­дық жерлер, егін алқаптары зардап шегіп жат­қан шақта су, мал, өсімдік шаруа­шы­лығы мамандарын даярлауға грант саны артқан болар дедік. Үміт алдамапты, соншалықты көп бөлінбесе де, былтырғыдан саны артқан. Мысалы, былтыр «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» бағыты бойынша мамандар даярлауға барлығы 1967 грант қарастырылса, биыл 2 311 грант бөлініпті. Бұл бағыттағы мамандықтарда өсімдік, мал, орман, балық шаруашылығының, «Су ресурстары және суды пайдалану», «Агроинженерия» мамандары даярланады. Биыл көбейді десек те, жоғарыдағы 20 мыңға жуықтайтын мамандықтардың жанында «жіп есе алмай» қала­тыны тағы бар.

Магистратурада оқуға бөлін­ген гранттар тізіміне келсек, мұнда да бакалавриаттағыдай «Ин­женерлік, өңдеу және құрылыс» салалары бойынша маман­дықтарға ең көп грант (3227) бөлінген. Одан кейінгі ретте «Педагогика ғылымдары» бағыты бойынша мамандықтар (3347) қарастырылған. «Жараты­лыс­тану ғылымдары, математика және статистика» сала­ларын­дағы мамандықтарға – 1265, «Ақпараттық-комму­ни­кациялық технологиялар» сала­ларындағы мамандықтарға 1235 грант бөлінді. Ал ең аз грант бөлінгені – «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету» (225), «Қызмет көрсету» (315) салаларындағы мамандықтар.

Докторантура туралы айт­сақ, жоғары білімнің бұл дең­гейінде де техникалық маман­дықтарға басымдық беріл­ген. «Инженерлік, өңдеу және құрылыс» салалары бойынша мамандықтарға – 455, «Педа­го­ги­ка ғылымдары» бағыты бо­йынша мамандықтарға – 356, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» мамандықтарына 259 грант бөлінген. Ең аз грант «Қызмет көрсету» (36), «Вете­ринария» (20), «Ауыл шаруа­шылығы және биоресурстар» салаларындағы маман­дықтарға қарастырылды.

Соңғы жаңалықтар

Ер жігітке ерлік жарасады

Қоғам • Бүгін, 11:20

Аңызға бергісіз өмір

Еңбек • Бүгін, 11:10

Шеттің шаруақор әкімі

Аймақтар • Бүгін, 11:00

Қызмет жас буынды шыңдайды

Еңбек • Бүгін, 10:40

Жастарға – мол мүмкіндік

Жастар • Бүгін, 10:30