Өндіріс • 17 Мамыр, 2024

Табиғи сүттен – сапалы өнім

58 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мамандардың дерегіне жүгінсек, елімізде соңғы жылдары ірімшік өндіру көрсет­кіші 10 пайызға дейін артқан. Дегенмен отандық өнімдер сұраныстың 55 пайызын ғана қанағаттандырып отыр. Бұл, әрине, аз. Осы орайда өткен жылы Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуді міндеттегенін еске сала кетейік. Сондай-ақ Президент ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу, өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамытуға басымдық беру қажеттігін айтты.

Табиғи сүттен – сапалы өнім

Жалпы, ауыл шаруашылығы өнім­дері, оның ішінде сүт өңдеу саласы мемлекет тарапынан қолдауға ие. Яғни сүт өнімдерін өндіретін, сапалы отан­дық өнім ұсына алатын кәсіпорындар қатары артып келеді. Солардың арасында тұтынушыларының ерекше ықыласына бөленіп, табиғи әрі құнарлы тағамдарымен қамтамасыз етіп отырған кә­сіпорынның бірі – «Aykan» ЖШС. Ал­дыңғы жылы «Қазақстанның үздік тауа­ры» республикалық байқауының «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша жеңімпазы атанған кәсіпорын былтыр «Алтын сапа» сыйлығының «Азық-түлік тауарларын, ауыл шаруашылығы өнім­дерін шығаратын үздік кәсіпорын» аталымын иеленді. Әрине, бұл жетістіктер ұзақ жылғы еңбектің, ізденістің нәтижесі.

ен

Бәрі де шағын цехтан басталған. Өнді­рістік кәсіпорын басшысы Алмагүл Құдайбергенқызының мамандығы – есепші, бүгінгі елорда – кешегі Целиноград қаласындағы ауыл­шаруашылық институтын тәмамдаған. Күйеуі Күнтуған сүт өнімдері бойынша инженер-технолог. Білікті инженер-технолог пен есепші екеуі бірігіп, отбасылық бизнесті, яғни сүт өнімдерін өндіретін цех ашуға бел буады. Сүтті өңдеп, одан өнім алу үшін алдымен шикізат керек. Өңірлерді аралап, зерттеу жүргізе келе, бүгінгі Түркістан облысында ауыл тұрғындарының сүт өткізуде мәселесі көп екенін, бағасының да арзандығын анықтайды. Сонымен бірге, сүттен жасалатын тамақ өнімдері де ол кезде жоқтың қасы еді. Қырғызстан мен Өзбекстаннан жеткізілетін, «FoodMaster» компаниясының ғана өнімдері сатылымда болатын.

Нарықтағы осындай жайттарды есептей келе отбасылық кеңестен кейін ірімшік зауытын ашуды қолға алады. Жаңа ғасыр басында «Эм-Нұр» ЖШС-ны құрып, сүт өнімдері мен ірімшік өндіретін кәсіпорынның негізін қалайды. Ғимаратты жалға алып, аз мөлшерде ірімшік түрлерін шығара бастайды. Бастапқы кезеңде өнімдерін тек Шымкент қаласында өткізіп отырды. Ал 2013 жылы ірімшік түрлерін көбейту мақсатында «AYKAN» ЖШС тіркеуден өтіп, «Эмир» сауда белгісімен жұмысын жандандыра түсті.

Серіктестіктің құрылтайшысы және директоры Алмагүл Құдайбергенқызы мен ұжымның Түркиядағы көптеген фабриканы жете зерттеп, тәжірибе алмасуының нәтижесінде өнім түрі көбейіп, тұздықталған «брынза», «моцарелла», «сулугуни», тұздалған «чечил», қаймақты және голландық ірімшіктерді өндіре бастайды. 2019 жылдың шілдесінен бастап сүтті қайта өңдеу бойынша «Эмир» зауытының өндірістік қуаты арта түсті. Бүгінде «AYKAN» компаниясы Түркістан облысы бойынша сүт өнімдерін өңдейтін ірі кәсіпорынға айналып отыр. Күніне 100 тонна сүтті өңдей алады.

Басты ерекшелігі мен құндылығы – өнімдердің сақталу мерзімін ұзарту үшін тұрақтандырғышты қолданбайды. Барлық өнім табиғи түрінде сатылады. Ал шикізат көзі болып табылатын сүт Сайрам, Төле би аудандары тұрғындарынан сатып әкелінеді. Компания өнімдері еліміздің барлық аймағында базарлар мен сауда орындарының сөрелерінде A, B, C санаты бойынша сатылымға қойылған.

ап

Кәсіпорын ел нарығында өзіндік беделге ие. Ірімшік өнімдерін дайындау саласында озық техникаларды пайдалана отырып, әлемдік стандартқа сай келетін жоғары сапалы өнім дайындау­ды мақсат еткен компания «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қажетті құрал-жабдықтарға  банк­терде несие рәсімдеу кезінде пайыз­дық мөлшерлемені субсидиялау, несиеге кепіл беру сияқты мемлекеттік қолдау шарасын пайдаланған. 

«Мемлекеттің қолдауы мен кәсіпкер­лікті дамыту бағдарламаларынсыз бүгінгі даму туралы айтудың мәні болмас. 2017 жылы «Даму» қорының қолдауымен заманауи өндірістік құрал-жабдықтар сатып алдық. 2019 жылдың шілдесінде «Эмир» зауытын қайта жарақтандыруды аяқтап, өндірістік қуатты тәулігіне 100-130 тонна сүт өңдеу деңгейіне дейін арттырдық. 2021 жылдың жазында сүзбе, құрғақ сүт және сарысу шығаратын техникалық стандарттар бойынша заманауи зауытты іске қостық. Яғни қалдықсыз сүт өңдеу технологиясын енгіздік. Өйткені бүгінде қоршаған ортаның ластану деңгейін төмендететін экологиялық таза өндірісті енгізу, сондай-ақ сүтті өнер­кәсіптік өңдеу үдерісінде оның бар­лық компоненттерін толық және ұтым­ды пайдалануға көңіл бөлу өте маңыз­ды. Ал былтыр қарашада қаймақ, қақтал­ған шұжық, «чечил», «мини моцарел­ла» ірімшіктерін өндіру бойынша жаңа өндірістік нысан  іске қосылды», дейді серіктестік директоры, Түркістан облы­сы­ның сүт өңдеу кәсіпорындары қауым­дастығының төрайымы Алмагүл Айқан.

Бүгінде «AYKAN» ЖШС өнімдері ел бойынша сұранысқа ие және жоғары сапа стандарттарына сәйкес келеді. Компания – елдегі интеграцияланған сапа жүйесін, оның ішінде СТ ISO 9001-2016 сапа менеджменті жүйесінің сәйкестік сертификатын, СТ ISO 22000-2019  Азық-түлік қауіпсіздігі менеджмент жүйесінің сәйкестік сертификатын және Халал сертификатының түпнұсқасын енгізген санаулы компаниялардың бірі.

«Өнімді өндіру және сақтау кезінде барлық санитарлық норманың сақталуын қамтамасыз етеміз. Тұтынушыны тек жоғары сапалы өніммен ғана ұстай аласыз.  Мен, әрине, бұл ұғымға өнімнің табиғилығын да қосамын. Сондықтан өнімдерді өндіру үшін тек табиғи сүт пен ешкі сүтінен алынған ашытқы қолданылады. Кәсіпорынның табысты дамуының кепілі өнім ассортиментін үнемі кеңейту, дәмі мен тағамдық қасиеттерін жақсарту деп білемін. Болашақта бұдан да тиімді өндіріс құру, сұранысқа ие өнім түрлерін кеңейту, экспортқа шығару міндеті тұрғанын түсінетін, креативті ойлайтын мамандардан құралған, 50 адамнан тұратын кәсіби ұжым бар. Өндірісті ұйымдастыруда, ең алдымен, тұтынушылардың өмір сүру сапасын жақсартатын, өндіру құрамы нақты анықталған, сенімді және пайдалы сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге негізделген компанияның миссиясын басшылыққа аламыз», дейді ол.

Кәсіпорын басшысы өнім, баға, бәсеке, сұраныс, ұсыныс бойынша терең маркетинг зерттеулерін негізге алады. Тәуелсіз зертханаға қомақты ақша төлеп, әр 10 күн сайын өнім сапасын тексертеді. Содан да болар, табиғи сыр-ірімшіктер сөреде ұзақ жатпайды.

 

Түркістан облысы

Соңғы жаңалықтар

Аймақ ажарланып қалды

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 08:50

Мал өсірсең, қой өсір...

Шаруашылық • Бүгін, 08:48

Заң уақыт сұранысына сай

Қоғам • Бүгін, 08:45