Денсаулық • 17 Мамыр, 2024

"Ұрық сапасын төмендетеді". Андролог балалы болуды жоспарлауға қатысты белең алған үдерістің ауыр салдарын ескертті

73 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыда "Психосоматика мамандары қауымдастығының" психоматиканы ғылым арқылы ашуға арналған екінші съезі өтті. Съездің негізгі міндеті - психосоматиканы ғылым тұрғысынан қарапайым сөздермен ашу, желі құру және психосоматика саласындағы мамандардың білімін толықтыру, деп жазады Egemen.kz.

"Ұрық сапасын төмендетеді". Андролог балалы болуды жоспарлауға қатысты белең алған үдерістің ауыр салдарын ескертті

Құрылтайда психосоматика саласын дамытуға атсалысып жүрген ең үздік 7 маман сөз сөйледі. Олар қазіргі кезде қоғамда белең алып отырған белсіздік, тұрмыстық зорлық-зомбылық, адам өміріне гормондардың әсері, ажырасудың көбеюі секілді түрлі тақырыпты көтерді. Құрылтайға қатысқан бірнеше спикердің баяндамасын ұсынсақ.

Барлық аурудың емі - адамның миында. Өйткені кез келген аурудан айығу үшін адам алдымен одан жазылатынына сенуі қажет. Ми көп нәрсені шешеді, тіпті кейде оймен белгілі бір іс-әрекетті бұғаттау арқылы ауыр салдарға тап болуыңыз мүмкін. Бұл туралы андролог, уролог Ернұр Айнаев "Бедеулік және оның алдын алу" тақырыбындағы баяндамасында айтты.

Маман кез келген ауруға шалдыққан адамға "мен жазылып кетемін" деген ой, сенім көмектесетінін жеткізді. 

"Барлық аурудың емі - адамның миында. Бұған ғалымдар жүргізген зерттеулердің нәтижелері дәлел. Бұрын аурухана қабырғаларында "Аурудан жазылуға деген ұмтылыс - жазылудың жартысы" деп жазылып тұратын. Бұл адамға үлкен бір көмек. "Мен жазылып кетемін" деген сияқты оймен, үмітпен адам іс-әрекет жасап, нәтижеге қол жеткізеді. Яғни, адам ой және ми арқылы өзін емдей алады. Мысалы, медицинада "плацебо әсері" деген ұғым бар. Мұнда бір дәріні тексеру үшін тәжірибе жүргізеді. Тәжірибеге барлығы 2000 адам қатысады, оның мыңына тексеріліп отырған дәріні береді, ал қалған мың қатысушыға пішіні дәріге ұқсас зияны жоқ бор береді. Сонда дәрі ішкен 1000 адамның 900-і жазылады, ал бор қабылдаған 1000 адамның 200-і жазылады. Бұдан "қатысушылар бор қабылдаса да қалай жазылды?" деген сұрақ туындайды. Қорытынды: жазылған 200 қатысушы қабылдап жатқан заттың дәрі екеніне, соның көмегімен өзі аурудан айығатынына іштей сенді, осылайша психологиялық тұрғыдан өзін-өзі емдеп алды. Біз бұдан психологиялық әсер өте маңызды екенін байқаймыз", - деді андролог.

Сонымен қатар, Ернұр Айнаев бүгінде ерлі-зайыптылар арасында белең алып отырған балалы болуды жоспарлауға қатысты үдеріс ауыр салдарға әкеп соқтыруы әбден мүмкін екенін ескертті. 

"Бүгінде мен көп байқап жүрген тағы бір жайт бар. Екі жас үйленіп, отау құрады. Қазіргі кезде некелескеннен кейін жастар мансап қуу, материалдық жағдайды жақсарту, үй сатып алу деген сияқты жоспар құрып, балалы болудан сақтанып жүреді. Оларды "балалы болуға әлі дайын емеспіз, жеткілікті мөлшерде қаражат жоқ, кейін қиналып қаламыз ғой" деген қорқыныш билеп, бұғат қояды. Ал бұл бұғат ұрықтың сапасына әсер етіп, оның жоқ болып кетуіне әкеп соқтырып жатыр. Мен осындай мәселе келетінмен науқасты көп байқадым. Яғни, олар балалы болудан сақтану үшін 5 жыл бойы жыныстық қатынас кезінде мүшеқап, түрлі дәрі-дермек қолданып жүреді. Сөйтіп, жоспарының бәріне жетіп, ойларының бәрі орындалған кезде балалы бола алмай жатады. Кейін олар тапсырған талдау нәтижесін қараған кезде, ол науқастың көбісінде ұрық сапасының нашарлағаны анықталады. Бұдан адамның психикасы, миы көп нәрсені шешетіні, жасайтыны белгілі болып отыр. Халық мұны түсінуі керек. Адам миымен, ойымен өзіне-өзі мәселе тудырмауы қажет", - деді маман.

Құрылтайда урологтан бөлек Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің басшысы, кәсіби журналист, саясаттанушы, коуч-ментор Айдос Садуақасов та ажырасу, тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбында сөз сөйледі. Оның айтуынша, ерлі-зайыпты дамуы жолында қатар жүруі шарт.

"Мен осы психоматика бойынша курсты бір апта оқығаннан кейін Алматыға әйелімді жібердім. Өйткені бұл ғылым, бұл ілім маған ғана емес, әйеліме де қажет. Неге мен ғана оқып, біліп, мықты боламын, ал әйелім үй тірлігінде отырады? Сонымен қатар, білген ақпаратыңды 100 пайыз бастапқы дерек секілді қылып жеткізе алмайсың, бәрібір де бір ақпарат жетпей қалады. Сөйтіп жолдасымды да алып келдім. Қазір, шүкір осы сабаққа барғаннан кейін біздің балаға деген көзқарасымыз жақсарды, баламен тереңірек сөйлесіп, оған көңіл бөле бастадық. Сондықтан, менің көпшілікке берер кеңесім, ешкім де отбасыдағы қиындықтан сақтандырылмаған, адамның басына түрлі қиындық келуі мүмкін. Даму жолына түсіп жатқан әйелдің күйеуі, ал еркектің әйелі онымен қатар жүруі қажет. Сонда ғана үйде үйлесімділік, береке, түсіністік пайда болады. Ерлі-зайыптының бірінің ғана білімді болып, дамуы жеткіліксіз", - деді ол.