Сенат • 17 Мамыр, 2024

Қазақстанда ESG күн тәртібін жүйелі қалыптастыру қажет - Мәулен Әшімбаев

59 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға қатысқан Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев ESG қағидалары теңгерімді орнықты даму идеологиясы саналатынын, соған қарамастан Қазақстанда ESG күн тәртібін үйлестіру әлі күнге дейін орталықтандырылмағанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz жоғарғы Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда ESG күн тәртібін жүйелі қалыптастыру қажет - Мәулен Әшімбаев

Фото: senate.parlam.kz

Сенат Спикерінің айтуынша, ESG қағидаларын бизнеске енгізу баяу жүргізіліп жатыр. Ол әрқашан толық және жүйелі түрде бола бермейді. Кейбір ұлттық компаниялар үшін бұл - PR-дың бір тетігі. Ал басқалар үшін еуропалық компаниялармен серіктестік орнату тәсілі.

«Ірі компаниялар бұл қағидаларды Еуропа елдерімен және сол жақтағы серіктестермен байланыс орнату үшін енгізіп жатыр. Одан бөлек, көміртегі салығы және тағы басқа мәселелер де бар. PR бағдарлама аясында да кейбір қызметтер жүзеге асырылады. Қазір бізде ESG күн тәртібін үйлестіру әлі орталықтандырылған жоқ. Жалпы, ESG қазіргі таңдағы ережелер жиынтығы ғана емес екені түсінікті. Бұл – теңгерімді орнықты даму идеологиясы. Яғни бизнес, халық және мемлекет мүдделері арасындағы тепе-теңдікті табу идеологиясы. Бизнес қоршаған ортаны ластап, экологиялық стандарттарды бұзып, одан әрі дами алмайды. Оған ешкім жол бермейді», деді Сенат Төрағасы.

Сондай-ақ ол қоғамның мүддесі мен сұранысын ескерусіз қалдырып, әлеуметтік дамуға үлес қоспай заманауи бизнесті тиімді дамыту мүмкін емес екенін атап өтті.

«ESG – бұл өмір салты және бізге осы күн тәртібін орталықтандырылған басқару қажет. Халықтың да, мемлекеттік институттардың да, сайып келгенде бизнестің де мүддесіне сәйкес келетін осы стандарттар мен принциптерді ілгеріту керек. Депутаттар энергетика секторына зиянды газ шығарындылары тұрғысынан да назар аударуы керек, бұл тұрғыда айтарлықтай артта қалып келеміз, талпынысымыз да аса байқала бермейді. Бұл бағытта параллель күн тәртібі бар. Сондықтан аталған салада мәселе аз емес. Алайда, бұл алдағы кезеңде талқылайтын бөлек ауқымды тақырып болатын шығар», деді Сенат Төрағасы.

Айта кетсек, Парламенттік комиссияның аталған кезекті отырысы ESG қағидаларын, яғни бизнес-ортада ОДМ-ға қол жеткізу үшін экологиялық, әлеуметтік және басқарушылық тәжірибелерді енгізу мәселелеріне арналды.