Білім • 18 Мамыр, 2024

Оқу жылы қалай қорытындыланды?

219 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Оқу жылы қашан аяқталады? Қорытынды емтихандар қай кезде болады? Қанша бала жазғы демалыс орындарымен қамтылады? Енді оқу орнынан қағаз нұсқадағы анықтаманың қажет болмайтыны рас па? Бұл сұрақтарға Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында жауап берілді.

Оқу жылы қалай қорытындыланды?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Баспасөз мәслихатында сөз алған Оқу-ағар­ту вице-минис­трі Наталья Жұмаділ­дае­ва оқу жылының 25 ма­мыр­да аяқ­та­ла­тынын айтты. Осы­ған қоса ол соңғы қоңы­рау жиы­ны тү­лектерге ұйымдас­ты­ры­ла­ты­нын, ал қалған сынып­тар­дың оқу­шыларына сынып сағаты өткізілетінін жеткізді.

– 22 мыңнан аса мектепке дейінгі, орта білім, техникалық және кәсіптік білім ошақтары биылғы оқу жылын аяқтауға әзірленіп жатыр. Бұл ұйымдарда биылғы оқу жылында 5 миллион­нан көп бала білім мен тәрбие алды. Осы жылы 341 мыңнан аса түлек 9-сыныпты аяқтайды, олар алдағы уақытта 10-сыныпты жалғастыру немесе колледжге түсу туралы шешім қабылдайды. 11-сыныпты 186 мыңнан көп түлек бітіреді. Олар енді болашақ мамандықтарын таңдайды. Оқу-ағарту министрінің бұй­рығына сәйкес мектептерде оқу мерзімі 2024 жылдың 25 мамырында аяқталады. 24 мамырда республиканың бар­лық мек­тебінде 1-10 сыныптар оқу­­шыларына «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірың­ғай сынып сағаты өтеді. Сынып сағатының мақсаты балаларды жыл бойы алған білімінің нә­тижесін қорытындылай білуге тәрбиелеуге бағытталады. Сон­дай-ақ 25 мамыр күні мектепте қатысуымен «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты іс-шара мектепте өткізіледі. Салтанатты іс-шараны өткізу форматын, қатысушылар құра­мын білім ұйымдары өздері анықтайды, – деді вице-министр Н.Жұмаділдаева.

Оның айтуынша, бастауыш сынып оқушылары мамыр айының соңғы күндерінен дәстүрлі түрде жазғы дема­лысқа шығады. Ал 5-11 сынып оқушыларына 27 мамырдан бастап емтихандар өткізіледі. Ем­тихандар аяқталған соң олар да жазғы демалысқа шыға­ды. Биыл алғаш рет білім алушы­лардың бағдарламалар маз­мұнын меңгеруін бағалау мақ­сатында 5-8, 10-сыныптар аралы­ғында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен аралық емтихандар өткізіледі.

– 5-8, 10-сынып оқушылары үшін емтихандар 27 мамырда бас­талады. 9-сынып оқушыларының емтихандары 29 мамырдан 10 мау­сымға дейін жалғасады. 11 сы­ныптар үшін қорытынды емтихандар 28 мамыр мен 11-мау­сым аралығына жоспарланған. Аттестаттарды салтанатты тапсыру 12-15 маусым аралығында өтеді. Ал төтенше жағдай жария­ланған өңірлерде (Ақтөбе облысында 9 мектеп, Атырау облысында 3 мектеп және Солтүстік Қазақстан облысында 5 мектеп) оқушылар аралық және қорытынды емтихандардан босатылды. 156 мың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын бітірушілер үшін қорытынды аттестаттау 28 маусымға дейін жүргізіледі, ал диплом тапсыру рәсімі 28 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді, – деді спикер Н.Жұмаділдаева.

Иә, балалар асыға күткен жазғы демалыс та жақындап қалды. Бұл – оларға қуа­ныш пен тәтті естеліктердің уақы­ты болғанымен, ата-аналар мен жазғы демалысты ұйым­дастырушылар үшін қатаң тәртіп пен сақтықтың, қауіпсіздіктің кезеңі. Осыған орай брифингте баяндама жасаған Оқу-ағарту министрінің тәрбие бағыты бойынша орынбасары Еділ Оспан министрліктің балалар қауіпсіздігі, тәрбиесі және жазғы демалысқа дайындық бойынша бірқатар шара қабылдағанын айтты.

– Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ұлт­тық заңнамаға бірқатар заң­намалық өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жеке қолдау мен көмек көрсететін тәлімгерлік институты енгізілді. Жуырда қабыл­данған «Әйелдер мен бала­лардың құқығын қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі» заң аясында балаларға зорлық-зомбы­лықтың кез келген түріне жауапкершілікті күшейтетін нормалар енгізілді. Сондай-ақ осы заң аясында психологиялық қолдау орталықтарын құру туралы әкімдіктердің өкілеттіктері айқындалды. Балалар арасын­дағы буллинг, кибербуллинг проблемаларын шешуде пси­хологиялық қолдау қызметінің рөлі өте зор. Осы мақсатта қазір­дің өзінде еліміздің 12 өңірінде Психологиялық қолдау орталығы ашылды. Осындай орталықтар барлық өңірде іске кіріседі. Ба­лалардың құқықтарын қорғау саласында тәуелсіз құқық қорғау институтын нығайту мақсатында бала құқықтары жөніндегі өңір­лік уәкілдердің мәртебесі бекі­тілді, – деді Е.Оспан.

Оның сөзіне қарағанда, жаз маусымына дайындықтар да ерекше бақылауда. Биылғы жаз мау­сымында мектеп оқушыла­рының 92%-ы демалыс және бос уақытын ұйымдастыру шараларымен қамтылады. Бүгінде 198 демалыс орталықтарының реестрі әзір­леніп, олардың дайындығын қабылдау бекітілген кестеге сай жүргізіліп жатыр.

– Министрлік тарапынан демалыс орталықтарының әрбір түріне қатысты бірыңғай талап­тарды қамтитын әдістеме­лік ұсынымдар жинағы әзірле­ніп, әкім­діктерге жолданды. Жи­нақ­та жазғы маусымды сапалы ұйымдастыруға қа­жетті нор­мативтік-құқықтық акті­лер­дің барлығы қамтылған. Әкім­діктермен бірге демалыс­пен қамтылатын балалардың тіз­імін әзірлеу, демалыс ор­талықтарының әрбір түріне қатысты бірыңғай талаптарды енгізу; республикалық және өңірлік штабтарды құру бо­йынша жұмыстар ұйымдас­тырылды. Сонымен қатар бала­лардың бос уақытын ұйым­дастыру оларды еңбекпен, турис­тік, шығармашылық, интел­лектуалдық, халықаралық іс-шаралармен қамту бағытында жүр­гізіледі және республика көлемінде 81,1%-ын құрайды, –  деді вице-министр Е.Оспан.

Ал Оқу-ағарту вице-министрі Арай Оразова Мемлекет басшы­сының білім саласын цифрландыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Оқу-ағарту министрлігінде атқарылып жат­қан бірқатар жұмыс пен жа­ңа­шылдыққа тоқталды. Оның айтуынша, мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мәселесін ше­шу үшін «Қолжетімді ин­тер­нет» ұлттық жобасы ая­сында 2027 жылға дейін 2066 мек­тепке талшықты-опти­ка­лық байланыс желісін тарту жоспарланған. Сондай-ақ «Starlink» техноло­гиясы қанатқақты жо­басы шең­берінде 1993 мектеп жоғары жылдамдықты интернетке қосы­лады. Бүгінгі таңда 624 (31%) мектеп «Starlink» жерсеріктік интернетіне қосылды.

– «eGov mobile» мобильді қо­сым­­шасында қолжетімді «Bilim» жаңа қызметі іске қосыл­ды. «Bilim» – бірнеше бөлім­нен тұрады, онда білімі, оқуды аяқтауы туралы цифрлық құ­жаттары, қорғаншылық және қам­қоршылық туралы ақпарат, баланың профилі және білім алу­шы туралы қосымша ақпа­рат қамтылған. Сондай-ақ педагогтер үшін «Педагог портфолиосы» қолжетімді. Мұнда мұға­лімнің электрондық құжа­ты қалыптастырылады, онда еңбек өтілі, қызмет жолы, санаты, аттестаттаудан өтуі бойынша мәліметтер топтас­тырылған. Сондай-ақ сіздердің назар­лары­ңызға тағы бір жаңа­лықты ұсынғымыз келеді: «eGov mobile» мобильді қосымшасында «Білім туралы ақпарат» жаңа цифрлық құжаты іске қосылды. Бұл ба­ланың балабақшада, мектепте немесе колледжде оқитынын растайтын құжат. Мұнда баланың жеке деректерімен қатар білім беру ұйымының деректері, балабақша тобы, мектеп үшін сыныбы, колледж үшін топ коды көрсетіледі, – деді вице-министр А.Оразова.

Спикердің сөзіне сүйенсек, осыған орай енді оқу орнынан қағаз түріндегі анықтамаларды талап ету және алу тоқтатылды. Әр баланың білім беру ұйы­мы­ның есебінде болуын цифрлық бақылау сыбайластық пен ба­ла­­бақшалардағы бала санын жал­ған көрсету фактілерінің алдын алады. Сонымен қатар өткен жыл­дан бастап техникалық және кәсіптік білім туралы дипломдар цифрлық форматта «eGov mobile» мобильді қосымшасында қолжетімді болды. Биылдан бастап негізгі және орта білім аттес­таттарын цифрландыру бо­йынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биылғы түлектер аттес­тат­тарын «egov mobile» мобильді қосым­ша­сынан ала алады.