Сұхбат • 18 Мамыр, 2024

«Ассамблея – бірліктің бірегей моделі»

87 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында ел бірлігін нығайту жолындағы қызметі ерекше бірегей институттың мақсат-міндетін нықтап, этносаралық алауыздықтың алдын алуды тапсырды. Осы мәселелер жөнінде саясаттанушы Сайфулла САПАНОВПЕН сұхбаттасудың сәті түскен еді.

«Ассамблея – бірліктің бірегей моделі»

– Сайфулла Жұмабайұлы, алдымен еліміздегі этносаралық және конфес­сияаралық мемлекеттік сая­саттың мақсат-міндеттеріне және қағи­даларына тоқталсаңыз.

– Қазақстан аумағында ғасырлар бойы әралуан мәдениеттің, дін мен дәстүрлерді ұстанған көптеген халықтың тағдыры тоғысқан. Сөйтіп тарихи үрдістің нәтижесінде елімізде 100-ден аса этнос қалыптасып отыр. Олардың қазіргі ұлтшылдықтың өршіп тұрған кезінде бейбіт өмір сүруі, айналып келгенде, қазақ халқының төзімділігінің және толеранттылығының жемісі.

XXI ғасырдың басы адамзат тарихына ұлтшылдық пен ксенофобияның өршуі және этносаралық қақтығыстардың шиеленісуімен ерекшеленіп отыр. Оған мысал ретінде Таяу Шығыстағы қақтығыстардың ашықтан ашық діни, этностық сипат алуы, Ресей-Украина соғысы, АҚШ-тағы қаранәсілшілдік мәселесінің қайта өршуі дәлел бола алады.

Еліміз өз тәуелсіздігін алған уақыттан бастап, қоғамды үйлестіру, төзімділік пен этносаралық достыққа шақырған қоғам құру идеясын өмір сүрудің негізгі шарты етіп қоя отырып, құқықтық мемлекет құруды қолдады.

КСРО ыдырағаннан кейінгі өтпе­лі, қиын кезеңнің өзінде де еліміз этносаралық қақтығысқа жол берген жоқ. Әрине, тұрмыстық дәрежедегі, жас­тар арасындағы түсінбеушілік, кейбір ұлтшыл топтардың ел аумағында ұлт­араз­дықты қоздыру сияқты әрекеті болды. Өйткені 100-ден астам этнос өкілін бауырына басқан қара шаңырақтағы бірлік пен татулыққа көз алартқандар жетерлік. Бірақ мемлекеттің сындарлы саясаты арқасында халықтың бірлігі нығайып келеді.

Шекарамызды нықтап, тәуелсіз­ді­гі­мізді алған тұстағы алғашқы кезден-ақ мемлекетіміз этносаралық достыққа, азаматтық қоғам құруға бағытталған ел екенін дүние жүзіне жариялады. Бұл қағида біздің Конституциямызда бекітілді. Мәселен, Ата заңда барлық этносқа олардың тарихи шығу тегіне, нәсіліне, дініне, ұлтына қарамастан, азаматтарға бірдей кепілдік беріліп отыр. Конституциялық нормалар этнос­тық топтар арасында өзара сенімді қалыптастырды.

Этносаралық келісім құқықтық-нормативтік және тұжырымдамалық негізде құрылды. Елдегі этносаралық және діни келісімді қамтамасыз ету шарттары Президенттің Қазақстан хал­қына Жолдауларында, жаңа Қа­зақстан туралы, оның ішкі және сыртқы саяси стратегиясына, діни ахуалға, әртүрлі саяси-экономикалық дағдарысқа байланысты қабылданған еліміздің ұзақмерзімді даму стратегияларында жан-жақты ай­шық­талған. Сонымен қатар бұл нормалар еліміздің заңдық актілері мен құжаттарында да белгіленді.

Еліміздегі этносаралық және конфес­сияаралық мемлекеттік саясаттың мақ­саты, міндеттері мен қағидаларының айқын көрінісі – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Ал Ассамблеяның негізгі міндеті – этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен, азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, ел бірлігін нығайту, қоғамның ортақ құндылықтары негізінде келісімді қолдау және дамыту.

– Кейбір адамдар Ассамблея жасанды ұйым дегенді айтып жүр. Сіздің бұл жайында пікіріңіз қандай?

– Ел аумағының бірқатар өңірін тасқын су басқаны мәлім. Бұл бір жағы­нан халықтың нағыз бірлігі сыналатын шақ. Отандастарымыздың басым бөлігі төтенше жағдаймен күреске жұмылды. Тасқын басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы ортақ істен шет қал­май, тасқыннан зардап шеккендерге көмек көрсетіп келеді. Оны төтенше жағдайдағы өңір халқы да, әлеуметтік желідегі әлеумет те көріп, бақылап отыр. Мемлекет басшысы да елеп-ескеріп, ризашылығын білдірді.

Оған қоса Мемлекет басшысының тағы бір мәрте «Жойқын су тасқынынан бұзылған үйлерді қалпына келтіру, зардап шеккен тұрғындардың қалыпты өмірге қайта оралуын қамтамасыз ету – аса маңызды міндет» дегені көңілі күпті халыққа дем берді. Сондай-ақ Президент сөз арасында «Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым», деп қадап айтты.

Тарихқа көз жүгіртсек, КСРО кезін­де ұлт­аралық мәселелер ашықтан-ашық талқыланбайтын. Мұны КСРО Ком­­мунистік партиясы өз бақы­лауын­да ұстап, ешқандай этностық ерек­шеліктер жоқ, бәрі КСРО азаматы деген саясатты мықтап ұстанды. Десек те қоғамда наразылық біртіндеп, өзінің «апогеясына» жетіп отырды. Міне, осыдан келіп кей сарапшылар КСРО тәжірибесін қайталап отыр деген пікірлер айтады. Алайда жаңа саяси жағдайда қалыптасқан Ассам­блея алдына жаңа міндеттер мен мақ­­­­саттар қоя білді. Елімізде құрылған күн­нен бүгінге дейін өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келеді.

Қоғамдық келісім тәжірибесінде Қазақ­стан халқы Ассамблеясының (ҚХА) құрылуы маңызды саяси фактор болды. Өйткені сол 1995 жылдан 2002 жылға дейін Ассамблея тота­ли­тарлық «біркелкілік» жүйесінен шық­қан этностардың дәстүрі, тілі мен мәде­ниетін қалпына келтіруге, дамытуға толық жағдай жасалуына күш салып, бұқара ықыласына бөленді. Осылайша, «Сан алуандық арқылы бірлікке» деген бағытта дамыған этносаралық қатынас­тың отандық үлгісі қалыптасты.

Ал 2002 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыс бағдары әр жылдарда ел экономикасын дамыту, әлеуметтік мәселелерді шешу және ел аумағында ортақ рухани мүмкіндіктерді дамытуға бағытталып келеді. Сөйтіп, Ассамблея мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асырушы қо­ғам­­дық институт ретінде танылды.

Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамб­леясының тікелей күш салуымен этнос­аралық қатынастар саласын саясаттан тыс сақтап, азаматтық қоғам қалып­тастыру мақсатында жұмыс жүргізіліп отыр.

Бүгінде Ассамблея этносаралық келі­сімді, қоғамдағы толеранттылықты, халық бірлігін одан әрі нығайтуға септігін тигізіп отыр. Мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет етуге, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қа­лыптастыруға көмек көрсетеді. Этно­мәдени бірлестіктердің күш біріктіруін, этномәдени орталықтардың, ел халқының ұлттық мәдениеті, тілі мен дәстүрінің өркендеуін, сақталуын және дамуын қамтамасыз етеді. Ол үшін Білім және ғылым, Ішкі істер министрліктерімен бірлескен жоспар бекітіліп, Мәдениет және ақпарат, Сыртқы істер, Әділет министрліктерімен бірқатар бағыт бо­йынша нақты шаралар атқарылып жатыр. Түптеп келгенде, Ассамблея қызметі Қазақстанның этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешетін ел ретіндегі халықаралық беделін арттыруға ықпал етеді.

Жалпы алғанда, Ассамблея жұмы­сының арқасында елімізде этнос­аралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі, әрбір азамат этностық және діни ерекшелігіне қарамастан, Конституцияда кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен бостандықтарын толық пайдалана алатындай ерекше сенім, ынтымақ, өзара түсіністік ахуалы қалыптасты.

– Мемлекет басшысы «Қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенемін» деді. Бұған қатысты не айтасыз?

– Қазақстандағы қазақ халқының мемлекет қалыптастырушы мәртебесі туралы пікірлер алуандығы еліміздегі демографиялық жағдайдың өзгеруіне сәйкес өзіндік динамикаға, өзгерістерге ұшы­рап жатыр. Кезінде (1959 жылы) республиканың демографиялық құры­лымындағы үлес салмағы 29%-ға дейін түсіп кеткен қазақ халқы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында 40%-дан сәл асса, қазіргі кезеңде 70%-ға дейін жетіп отыр. Бұл – ел халқының үштен екісі деген сөз. Яғни кез келген саяси және әкімшілік шешімді қабылдауға мүмкіндік беретін кворумдық шама, саяси, әлеуметтік мөлшер. Бірақ этносаралық қатынастар деңгейіндегі мәселелердің шешімін іздегенде құрғақ статистикалық дерек жағынан гөрі, мазмұндық жағына көбірек назар аударып, әрбір этностық қауымдастықтың мүддесіне нұқсан келтірмеуді мақсат еткен маңызды.

Әсіресе, кеңестік дәуірде осындай этностық саладағы амалдың жоғынан болған «құрбандықтар» көптеген аз санды халықтарға тән болып келді. Оның ішінде қазақ халқы да тоталитарлық режімнен біршама рухани және мәдени қыспақ көргені ақиқат. Бірнеше рет әліпбиі ауысқан ұлттық тілдің өзі құрып кетуге шақ қалғаны – соның анық көрінісі. Ал енді тәуелсіз ел болған заманда қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алды. Ол Конституция деңгейінде бекіген. Еліміздегі қазақ зиялыларының бір тобы мемлекеттік тілдің қолдану ауқымының кеңеймей отырғанына қынжылады. Мәсе­лен, мемлекеттік тілдің қолдануын үне­мі бақылауда ұстау қажеттігін айтатын қозғалыстар мен белсенді азаматтар қоғамда көбейіп келеді. Дегенмен Еуразия ауқымындағы ұлтаралық қаты­настар саласындағы мәселелер тек тілдің қызметін өркендетумен шектелмейді, ол көпқырлы, терең мазмұнды. Ол адамдар арасындағы қарапайым тұрмыстық деңгейдегі қатынастардан мемлекеттік деңгейдегі халықаралық қатынастардың үйлесімді өрбуіне дейінгі аралықты қам­тиды, мәдени интеграцияның пәр­менділігіне тікелей тәуелді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»