Музей • 21 Мамыр, 2024

Музей түні: Мыңжылдықтарға барлау

55 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ұрпағына ұмытылмастай ұлы мұралар қалдырған ұлттың ұпайы қашанда түгел. Бұл жағынан қазақ халқы ешкімнен кем емес. Ал сол тамырлы тарихпен тілдесіп, көне құн­дылықтардан рухани қуат алып, таным кеңейтуге пейілді болсаңыз, әлбетте музейге бас сұққаныңыз ләзім. Себебі музей – тарихпен тілдесу мүйісі.

Музей түні: Мыңжылдықтарға барлау

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Тағылымды мекен төрі­нен орын алған шежіре тұнған жәді­герлер галереясы тарих тарамдарын көне заманнан бүгінге дейін шебер тарқатады. Ал музейге жай күні емес, түнде барудың қызығы өз алдына.

Жалпы, «Музей түні» ак­ция­сының пайда болуына 1993 жы­лы жарық көрген «Музей түні» фильмі­нің әсері мол. Музейдегі экспонаттардың бәріне жан біт­кен түн­дегі қызық оқиғаларға толы айтулы туын­дыдан кейін қалың көрермен му­зейді түнде көруге ықылас танытқан. Нәти­жесінде, 1997 жылы Германия астанасында тұңғыш рет «Музей түні» акциясы ұйымдастыры­лып, Берлиндегі 18 музей қала тұрғындарын түнде қарсы алуға алғашқы қадам жасап көреді. Шараға 30 мыңнан аса адам келген. Екінші рет өткізілген кезде келушілердің саны 50 мыңға дейін жетіп, рекорд орнатылған. Сөйтіп, бұл акция әлем елдеріне таралып, танымал бола түсті. Ал 2005 жылы француздар аталған акцияны жыл сайын өткізіп тұ­руға ұсыныс білдірген. Еуропа кеңесі ұсынысты қабылдаған соң «Музей түні» әлемнің 38 еліндегі 2 мың­нан аса музейде өткізілген. Ол елдердің қатарында Қазақстан да бар. Акция бірін­ші рет еліміздің Орталық музейін­де ұйымдастырылған. Содан бас­тап жыл сайын өткізілуі дәстүрге айналған әдемі үрдіс биыл да төл тарихын танып, әлем­дік жауһар мұралармен танысқысы келген көрушісіне есігін айқара ашты.

пр

Ұлттық музейде Халықаралық музейлер күніне орай «Музей түні» акциясы шеңберінде өткен «Музей – құн­дылықтар мекені» атты іс-шаралар ке­шені танымдық қана емес, мазмұндық мәнімен де тәнті етті. Рухани-мәдени құн­дылықтарды, халқымыздың тари­хын, мәдениетін бір кеңістікке біріктіре отырып, әртүрлі жанр мен стильдегі өнер туындыларын ұсыну, музей қызметін, ондағы экспонаттар мен жәдігерлерді ке­ңінен насихаттауды мақсат еткен айтулы шара қызықты бағдар­ламасымен бірден баурап алды.

Биылғы акцияның басты ерек­шелігі – қонақтар тарихи-мәдени мұра үлгілерін сырттан көріп қана қоймай, шеберлік сабақтарына белсене қатысты. Музей реставраторлары мен қор сақтаушылары келушілерге қол­өнер бұйымдарын жасауды үйретсе, Бейнелеу өнері залдарында оқушылар мен студенттер отандық қылқалам шеберлерінің жауҺарларын кенепке түсіріп, шеберліктерін шыңдады.

Музей төріне қойылған ке­шенді көрмелердің ішінде отан­дық және шетелдік қылқалам ше­берлерінің шығар­машылығын біріктірген «Дәстүрлер өнері» концептуалды көрмесі, суретші Рафаэль Слекеновтің жеке көр­месі, тарихи карталар көрмесі мен Ұлттық музей қорларынан «Дала кескіндемесі: Рәміздер. Бояу­лар. Бейнелер» атты экспози­цияны айрықша атап өтуге болады.

Суретшілер одағының мү­шесі Рафаэль Слекеновтің «Тәңір нұры» атты жеке көр­месі те­рең­­дігімен көңіл тербеп, көр­кем­дігімен көз тартты. Адам­ның жан тазалығы мен қара­па­йымдылығының сұлулығын, қор­шаған әлемнің сырларын көрсетудегі шығармашылық идея­сының лирикалық-роман­тикалық, оптимистік ой форма­ларын қалың жұртшылыққа кеңінен таныстыруды мақсат тұтқан қылқалам шеберінің идеясы осы көрмеде толығымен жүзеге асты десек, артық айтпағанымыз.

Суретші шығармашы­лы­ғы­ның рет­ро­спективасын ұсынатын «Тәңір нұры» көрме­сіне суретшінің 80 туындысы қойылған. Көрмені тамашалау барысында Музей қонақтары автордың ерекше ертегі іспет­тес әлеміне саяхат жасауға мүмкін­дік алды. Өнертанушы, тарих ғылымдарының докторы Шай­зада Тохтабаева: «Мен Рафаэль­дің шығар­маларын алғаш көрге­німде оларға бір­ден тәнті болдым. Рафаэль керемет шы­ғармашы­лық энергияға ие. Оның туындылары таңғажайып бейнелер мен идеяларға толы. Оның әр жұмы­сы – шы­ғармашылық шабыттың көрінісі» десе, автордың өзі: «Өнерді адамзат басына берген бақыт деп білемін. Бұл бақыт­тың бәрімізге ортақ болғанын қалаймын. Мен сіздермен өз ба­қытыммен бөліскім келді, соны қабыл етсеңіздер деймін», деп ағы­нан ақтарылды.

л

«Музей түніне» сән берген «Қоңыр үн» танымдық кеші де келген қонағын бірден баурап алды. Ұлттық музей қо­рында сақ­талған халық композитор­лары домбыраларының үнін жаңғыртқан тағылымды кешті күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлт­тық өнер университетінің ұстазы Жан­ғали Жүзбаев жүргізді. Шара аясында елордамыздағы Ұлттық музей қорында сақ­талған, атақты күйші, Қазақстанның халық әртісі Дина Нұрпейісованың, Қазақ ұлттық өнер университетінің ұстазы, Жетісу ән-жыр мектебі­нің өкілі Кенен Әзірбаевтың, Қаратау күй мектебінің өкілі Генерал Асқаровтың, Арқа күй мектебінің ірі өкілі Мағауия Хам­зиннің, Қазақ ұлттық өнер уни­верситетінің ұстазы, әнші, Мәдениет Ешекеевтің қолының табы қалған, өзі ұстаған домбырасымен және Арқа домбырасы­ның байырғы үлгісімен, атақты домбыра жасаушы шебер Рома­ненко жасаған домбыралармен «Бұл­бұл», «Қайран шешем», «Қоңыр», «Бес төре», «Шалқыма», «Телқоңыр», «Кәрі ақжелең», «Жемсуының тасқыны», «Са­ры­жайлау», «Ерке сылқым» күй­лерін Ардаби Мәулетұлы, Абылғазы Ахмедиев, Қалкен Қасымов, Жанғали Жүзбаев, Еділ Басығараев, Маулет Ағанас Ардабиұлы орындап, Хамзин Мақсат Амантайұлы, Қамытбек Данияр Мырзагелдіұлы «Гиги­гай», «Мөртай сұлу», «Екі жирен» әндерін әуелете шырқады.

Тағылымды іс-шара әрі қарай Ұлттық музейдің ғылыми жоба­лар акциясы аясында жарық көрген кітаптардың тұсау­кесеріне жалғасты. Атап айтсақ, Б.Габ­дул­линаның «Қазақ хандығы­ның саяси тарихы 1465-1780 жылдар. Очерктер», А.Кушкумбаев пен Н. Базылханның «Ұлық Ұлыс­тың (Алтын Орданың) ХІV-ХV ғасырлардағы рес­ми құжаттары (жарлық, хат, пай­за, теңгелер)» монографиясы және Н.Базыл­хан құрастырған «Қазақстан­ның Ортағасырлық нумизматика­сы» ғылыми ката­логінің таныстырылымы өтті. Жиынға мәдениет саласының өкілдері, ғалымдар және кітап авторлары қатыс­ты. Ғалымдар ұлы өзгерістер заманын қамты­ған ғылыми кітаптар­ды еліміздің төл тарихын зерттеу­де үлкен мағлұмат алар еңбек деп танып, оларды алдағы уақыт­та кеңінен насихаттауға қатысты өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Сонымен қатар Қазақтың дәс­түрлі мәдениеті залындағы киіз үйдің ма­ңында балалар тоғыз­құмалақ ойнап, «Бал­дырған гид» және «Жұлдызды гид» жобалары аясында №47 «Ақ желкен», №49 «Алтынай» бала-бақшалары­ның тәрбиеленушілері мен танымал өнер иелері музей залдары бойынша экскурсия жүргізді. Осы­лайша, өскелең ұрпақ ұлттық құн­дылықтарды тану арқылы төл мәдениетіне жақындай түсетіні анық. Құндылықтар мекені  музейдің басты миссиясы да осында жатса керек.