Президент • 21 Мамыр, 2024

Өнерге құрмет – елге құрмет

90 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсіміне қатысып, ең алдымен, іс-шараға жиналғандарды Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтады.

Өнерге құрмет – елге құрмет

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

– Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мә­дениет – рухани келбеті. Бұл қос құн­ды­лық­ты өркениетіміздің өзегі деуге бола­ды. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ па­рыз. Әбіш Кекілбайұлы «Мәдениет тарихы – түптеп келгенде, адамзат тарихы» деген. Қазақ­тың бітім-болмысын оның төл өнері­нен көруге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы мәдениет пен өнерді дамыту мемлекетіміз үшін негізгі басымдықтың бірі саналатынын жеткізді. Сонымен қатар ұлт рухания­тын жаңғырту ісіне қатысты нақты шаралар қолға алынып жатқанын атап өтті.

пр

– Былтыр Мәдени саясаттың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабыл­дадық. Бүгінде мемлекет осы маңызды сала­ның инфрақұрылымын жан-жақты да­мытуға баса мән береді. Тек кейінгі үш жылда ел аумағында 700-ден астам ғи­марат­қа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 168 жаңа нысан салынды. Мәдениет және өнер мекемелерін жабдықтау деңгейі біртіндеп жақсарып келеді. Кейінгі отыз жылда алғаш рет бейінді оқу орындары мен мемлекеттік концерт ұйымдарына музыкалық аспаптар сатып алуға бюджеттен қаржы бөлінді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ғимараты жақында толықтай қайта жаңғыртылатынын айтты. Бұл жұмыс аталған өнер орталығының 100 жылдық мерейтойына орай, яғни 2026 жылы аяқталады.

– Былтыр менің Жарлығыммен еліміздегі іргелі мәдениет ордаларына «ұлттық» және «академиялық» мәртебе берілді. Бұл шешім өнер ұжымдарының шығармашылық өрісін кеңейтіп, олардың кәсіби тұрғыда шыңдала түсуіне жол ашатыны сөзсіз. Осы бағыттағы жұмыс биыл да жалғасады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы еліміздегі ең басты үш музейге ұлттық мәртебе берілетінін жеткізді.

– Қазіргі заман талабына сай музей қоғам санасын жаңғыртуға зор ықпал ететін озық институтқа айналуы керек. Сол арқылы жас ұрпақ төл тарихымыз бен салт-дәстүрімізді терең танып, одан тағылым алуы қажет. Жалпы, елімізде тарихи-мәдени мұраны сақтау және молайту мақсатында ауқымды әрі үздіксіз жұмыс жүргізіліп келеді. Ұзақ жылдан бері алғаш рет жақында материалдық емес мәдени мұраның Ұлттық тізбесі айтарлықтай кеңейді. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне біздің «салбурын» және «беташар» сияқты ұлттық дәстүрлерімізді енгізу мәселесі пысықталып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы мәдениет пен өнер адамдары тарихи үрдістің алдыңғы ше­бін­де жүріп, сол арқылы ұлтымыздың қар­қын­ды дамуына ықпал ететінін атап өтті.

– Сіздер өз шығармашылықтарыңыз арқылы халқымыздың бірегей болмысы­ның жаңа қырын ашасыздар. Азамат­тардың жасампаз қуатын оятасыздар. Сондықтан мемлекет шығармашылық өкілдерінің беделін арттыру үшін тиісті шараларды қабылдайды. Мәдениет және архив ісі қызметкерлерінің жалақысы айтарлықтай көбейді. Менің тапсырмаммен Халық әртісі және Халық жазушысы атағы қайта беріле бастады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыз дарынды ұл-қыздарын қашанда қадірлей білгеніне назар аударып, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне Күләш Байсейітованың есімін беру туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

– Бұл – әйгілі әншіге көрсетілген зор құрмет әрі ерекше өнерімен тарихта қалған тұлғаларға ел ықыласының айрықша белгісі. Түптеп келгенде, мұны тарихи әділдікті қалпына келтіру деп түсінген жөн. Аға буынның өнердегі жолын қазіргі жастарымыз да лайықты жал­ғас­ты­рып келеді. Осы сабақтастықты сақ­тау өте маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бүгінде көптеген жас өнерпаздар ерекше дарынымен бүкіл әлемді таңғалдырып жатқанын атап өтті. Бұл орайда Мемлекет басшысы Димаштың бірегей өнеріне тәнті болған түрлі елдің азаматтары Қазақстанның Әнұранын шырқап, көк туын желбіретіп жүргенін айтты.

– Өнер – тәрбие құралы. Мен Ұлт­тық құрылтайдың отырысында ұлт бола­шағына қауіп төндіретін бес кесел тура­лы айттым. Қоғамды осы кеселдерден та­зар­туға мәдениет қайраткерлері зор үлес қосып келеді. Лудомания мен наша­қор­лықтың зиянын ашып көрсете­тін тың туындылар шығып жатыр. Бұл – өте дұрыс бастама, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, мәдениет саласының өкілдері халықтың рухани қалқаны болуға тиіс. Сондай-ақ Прези­дент олардың жас ұрпақты жасам­паз­­дыққа, жаңашылдыққа үйретуге, бір­лікті нығайтуға, өнімді еңбек етуге баулуға белсене атсалысатынына сенім білдірді.

– Сіздер мәдениет пен өнер жолына адал болып, қажырлы еңбек етіп келесіздер. Оған бүкіл ел куә. Өнер адамы үшін ең құнды марапат – халықтың ыстық ықыласы. Мен төл мәдениетімізді дамытуға мол үлес қосып жүрген бір топ азаматты марапаттау туралы шешім қабылдадым. Мәдениет саласында ерекше орны бар 7 іргелі ұжым биыл мерейлі белеске жетіп отыр. Сондықтан бүгін негізінен осы мекемелердің қызметкерлеріне жоғары мемлекеттік марапат тапсыруды жөн көрдім, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар жиында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің дирижері Жексен Айсын, А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатының аға оқытушысы Мұрат Бисенғалиев сөз сөйледі.

Жиында Президент бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен ма­ра­паттады. Атап айтқанда, «Парасат» орденімен Тікішев Темір – А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арнал­ған республикалық қазақ мамандан­дырылған музыка мектеп-интернатының оқытушысы марапатталды.

«Құрмет» орденімен Асқаров Азамат Асқарұлы – Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының әртісі;

Ахатов Асылбек Құсымұлы – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің әртісі;

Әбілдина Ғайнижамал Байкәрімқызы – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры;

Жолмұхамедова Айжан Абылайхан­қызы – А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының оқытушысы;

Карменова Тоғжан Жанатқызы – А.Селезнев атындағы Алматы хорео­графиялық училищесі директорының орынбасары;

Қалдыбаева Гүлжан Ақмәдиқызы – Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік өнер музейінің суретші-реставраторы;

Құлыш Қапаш Қабыкенқызы – Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры;

Медеубаева Светлана Магнитқызы – А.Селезнев атындағы Алматы хорео­графиялық училищесінің бөлім басшысы;

Молдашева Гүлзира Бәкірқызы – Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік өнер музейінің бас қор сақтаушысы;

Мұртазина Қарлығаш Төкенқызы – «Айгүл» ВАА вокалисі;

Насирова Гүлбахар Қасымқызы – Қ.Қожамияров атындағы республика­лық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының бөлім меңгерушісі;

Тоқжанов Төлепберген Төрахметұлы – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры марапатталды.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен Ақпасова Бәтеш Рахметжанқызы – Қазақстан Республикасының ұлттық музейінің қызмет басшысы;

Бисенғалиев Мұрат Құмарғалиұлы – А.Жұбанов атындағы дарынды бала­ларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының аға оқытушысы;

Жабаева Әлия Шүйіншәліқызы – Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры режиссердің көмекшісі;

Өмірбекова Марина Сергеевна – Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры аккомпаниатор-концертмейстері марапатталды.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің дирижері Айсын Жексен Қуанұлына;

А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының оқытушысы Ақмолдаев Саян Досмахамбетұлына;

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының бас хормейстері Темірбекова Әлия Жанәбілқызына берілді.