Үкімет • 22 Мамыр, 2024

Агроөнеркәсіп кешені жобалары қаржыландырылады

25 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Қазақ­стан Даму Банкі» АҚ басқарма төрағасы Марат Елібаев Премьер-министр Олжас Бектеновке жұмыс барысы туралы баяндады.

Агроөнеркәсіп кешені жобалары қаржыландырылады

Фото: ҚР Үкіметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әді­летті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын іске асыру шеңберінде банк ауыл шаруа­шылығын дамыту бойынша басым бағыттарға тал­дау жасады. Олардың ішінде ет, сүт және астықты терең өңдеу, өнеркәсіптік жылыжай шаруашылығын дамы­ту, құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын және етті мал шаруашылығы кәсіпорындарын салу мәселе­лері бар.

Марат Елібаев ҚДБ-ның екінші деңгейлі банктермен, басқа да қаржы институттарымен бірлесе отырып, агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жалпы сомасы 1 трлн 220 млрд теңгеге қаржыландыруды қамтамасыз етуге дайын екендігі туралы баяндады.

Бүгінде банк отандық инвесторлардың жаңа жобаларын қарауға кірісті.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов банк басшылығы­на азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, импортты ал­мас­­т­ыруға және отандық ауыл шаруашылығы өнім­дері­нің экспортын ұлғайтуға бағытталған инвести­ция­лық жобаларға басымдық бере отырып қарауды тапсырды.

ҚДБ-ның агроөнеркәсіп секторында жобаларды жүзеге асыруда тәжірибесі бар. Оның ішінде Ақмола облысында ет өндіретін құс фабрикасын, майлы дақылдар өңдеу зауыттарын салу және жаңғырту жұмыстарын атап көрсетуге болады. Сондай-ақ банктің қаржыландыруымен Түркістан облысында еліміздегі ең ірі жылыжай кешенінің құрылысы басталды. Оның бірінші кезеңі келесі жылы іске қосылады деп жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар