Сенат • 24 Мамыр, 2024

Жөнсіз қарыздануды заңмен реттеу жолдары

72 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, сенаторлар қарыз алушылардың құқықтарын қорғау және қаржы нарығын реттеу туралы заңды қарады, сондай-ақ депутаттық сауалдарын жолдады.

Жөнсіз қарыздануды заңмен реттеу жолдары

Жұбайының келісімінсіз несие берілмейді

Отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушы­лардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң екі оқы­лымда қарады. Заң банктік қарыз­дар мен микрокредиттер беру кезінде кредиторларға қойылатын талаптарды қатаңдату арқылы азаматтардың шамадан тыс несие алуын төмендетуді көздейді.

Атап айтқанда, заңда азамат­тарға мерзімі өткен кредиттерінің уақыты 90 күннен асқан жағдайда және жұбайының немесе зайыбы­ның келісімінсіз несие беруге ты­йым салу қарастырылған. Одан бөлек, қаржы нарығындағы кибер­алаяқ­тыққа қарсы іс-қимыл мәселе­лері де ескерілген. Енді электронды қарыздар беру кезінде банктер мен микроқаржы ұйымдары клиентті биометриялық сәйкестендіру тәртібін жүргізуге міндеттеледі.

 

Пайыз мөлшерінің жоғары

болуы және жобаларды пысықтау­ға мән берілмеуі Қазақстандағы бизнеске несие берудің төмендеуіне әкеп соғуда. Ал тұтынушылар несиесі төлемінің кешігуі жыл са­йын көбейіп бара жатқаны халықтың жағдайы мәз емес екенін көрсетеді. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев халықтың жаппай несие алуға ұмтылуының проблемалары мен себептері туралы айтты.

«Біз көріп отырған маңызды көрсеткіш – тұтынушы несиесінің өсу қарқыны – 2,4, бұл бизнеске несие берудің өсу қарқынынан – 0,8 пайыз жоғары. Үш есеге жақын. Осы сандар мен үрдіс біздің бизнестің дұрыс дамымай отырғанын көрсетеді. Ол тіпті негізгі қорларға инвестицияның төмендеуінен де көрініп тұр. Халықтың үсті-үстіне несие алғаны байқалып отыр. Бұл халық өмірінің жақсылығын емес, табысы аз және әл-ауқаты төмен екендігін көрсетеді. Бұл олардың тұтынушы несиесі арқылы күн көретінін байқатады. Ұдайы әлдебір «саңылауды» жауып жүреді. Тиісінше, олар одан кейін ол несиелерді өтей алмайды. Сондықтан бұл – кешенді мәселе және ертең өңдеу өнеркәсібі бо­йынша парламенттік тыңдауда осы мәселелерді ішінара көтереміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасының пікірінше, қазір кәсіпкерлік сауаттылықты дамыту, халық арасында кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру және білім беру курстарын өткізу маңызды болып отыр.

«Сенаттың тиісті комитеті осы және келесі сессия кезінде ша­ғын және орта бизнесті қолдау бағдар­ламаларына қайта оралуы, оларды тағы да талдауға тиіс. Бүгінде ірі өнер­кәсіп компанияларының айналасында шағын және орта бизнес кластерін қаншалықты өркендетіп отырғанымызды, кәсіпкерлік рухты қай деңгейде дамытып жатқанымызды көруіміз керек. Бұл да маңызды міндет. Қытай кәсіпкерлік рухты үнемі дамытып отырды. Қазір ол өз нәтижесін беріп отыр. Бізге де бұл бағытта ауқымды жұмыс атқару керек. Сондықтан Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Ұлттық экономика министрлігі және басқа да құрылымдардың қатысуымен кәсіпкерлік, шағын және орта бизнес мәселелері туралы салмақты әңгіме болуы керек», деді Мәулен Әшімбаев.

Талқылау барысында сенаторлар құжаттағы нормаларды концептуалды тұрғыдан мақұлдап, оған бірқатар түзету енгізді және заңды Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады.

 

Банк омбудсманы өкілеттігі кеңейтіледі

Сенаторлар ұсынған өзгеріс­тердің қатарында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметін Ұлттық Банк бюджетінен қаржыландыруға көшіре отырып, оны республикалық бюджеттен қаржыландыру құрамынан алып тас­тау туралы құқықтық тетіктер бар. Сондай-ақ мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде заңда көздел­ген қарыз өтеуді кейінге қалды­руды 60 күнге ұзарту ұсыныл­ды. Бұл түзету запасқа шығарыл­ған әскери қызмет­шіге жұмысқа орналасуға және төлем қабілетті­лігін қалпына келтіруге уақыт беру мақсатымен қарастырылып отыр.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Парламент депутаттары шамадан тыс тұтынушылық несие алып, қарызға батқан азаматтар санын азайтуға арналған жүйелі заңнамалық түзетулер топтамасын әзірледі. Заң арқылы азаматтардың банк несиелері мен микрокредиттер бойынша қарыз­дарын коллекторларға сатуға екі жылдық, яғни 2026 жылғы 1 ма­мырға дейін мораторий енгізу ұсы­нылып отыр. Сотқа дейінгі реттеу және атқарушылық іс жүргізу аясында азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері күшейтіледі. Банк омбудсманының өкілеттіктері кеңейтіледі. Сондай-ақ жаңа микроқаржы омбудсманы институты енгізіледі. Бүгін сенаторлар енгізген өзгерістер заңның жекелеген ережелерін жетілдіруді көздейді. Заңда көзделген шаралар азаматтарымыздың құқықтарын тиімді қорғауға және қаржылық сауатты арттыруға оң әсерін тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

 

Әйелдер орталықтарын қолдауға шақырды

Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Депутат Нұртөре Жүсіп Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында әйелдерге арналған білім, ақпараттық-консультация беру орталықтарын қолдауға шақырды.

Сенатордың айтуынша, елордада 2021 жылдан бастап көпба­ла­лы және жалғызбасты аналарға, өмір­де қиын жағдайда тап болған, сон­дай-ақ мүгедек балаларды тәрбие­леп отырған аналарға көмек көрсететін «Бақытты отбасы» ор­талығы жұмыс істейді. Бұл орталық қазіргі кезде түрлі кәсіп бойынша 20-дан астам білім беру курсын ұйымдастырып, онда 2,5 мың әйел білім алған. Оның үстіне, олардың 80%-ы өз ісін ашқан және орталық заңгерлерінің қолдауымен өтініш беріп, мемлекеттік грант ала алды.

«Бақытты отбасы» орталығы бір жағынан әйелдерді рухани, мораль­дық тұрғыдан қолдап, кәсіп үйретсе, екінші жағынан халқымыздың этнографиялық мұрасын жаңғыртып, жас ұрпаққа тәлім беретін таптырмас мәдени мектептің қызметін атқарып отыр. Осындай үлгідегі орталықтарды өңірлерде, әсіресе облыс орталық­тарынан көптеп ашуға қалай қарайсыз? Үкімет тарапынан арнайы гранттық көмек беруге мүм­кіндіктеріңіз бар ма? Осы үлгі­дегі орталықтардың өнімдерін нарық­қа шығаруға, қорғаныс, медицина, мәдениет салалары бойынша жү­йелі тапсырыстар арқылы қалып­тас­тыруға мүмкіндік бола ма?», деп сауал тастады Нұртөре Жүсіп.

 

Отандық анимацияны дамыту тетіктері

Сенатор Руслан Рүстемов депу­тат­тық сауалында ақпараттық техно­логия дәуірінде ұлттық ерек­шелікті сақтау мәселесін көтерді. Депутаттың айтуынша, шамадан тыс белсенді виртуалды әлемнің әсеріне төтеп беру үшін ұлттық тіл мен мәдени туындыларды ортақ құндылықтар ретінде белсенді түрде насихаттау аса маңызды. Отаншыл ұрпақты қалыптастыру үшін сол ақпараттық технологияны жете меңгеріп, ана тіліміздегі мәдени өнім мен тәрбие құралдарын заманауи форматта жаңғырту, бүгінгі күннің тілінде ұсыну аса өзекті болып тұр.

Сенатордың пікірінше, анима­циялық фильмдер бүлдіршіндердің дүниетанымын қалыптастыратын, тілін ұштайтын бірден-бір тәлім-тәрбие құралына айналып отыр. Алайда егер қазақ мультфильмдері жоғары талаптарға сай келмесе, балалар оны көрмейді.

«Ұлттық танымымызға сай идео­логиялық мазмұн-маңызға ие, баланың санасы тез қабылдайтын тәрбиелік мәні бар анима өнімдері де, балдырғандарға арналған кітап­тар да өте аз. Тілі шұбарла­нып, қазақы тілдің қаймағынан айырылған, тіпті анайы сөзбен былғана бастаған қазақ киносының күрделі жағдайы да жеке сауалдың жүгі. Содан болар, балалардың тілі өзге тілде шығып, ұлтымызға жат таным-түсінігі қалыптасып келеді. Бұл – ұлттың келешегі үшін өте қауіпті құбылыс. Себебі анимация – жаһанданудың ең маңызды құралына айналды. Озық елдер анимацияға стратегиялық деңгейде мән беріп, өзінің ұлттық құндылығын өзге елдерге дарытып келеді», деді Р.Рүстемов.

Сенатор отандық анимация­ны дамыту тұжырымдамасын әзір­леуді, «Кинематография туралы» заңды қайта қарауды, қаржы субсидиясымен ұлттық анимациялық орталық ашуды ұсынды. Сонымен қатар ол аним­ациялық кино режис­сері маман­дығына гранттарды ұлғай­ту қажеттілігін, ұлттық рухқа сәйкес келетін мультфильмдерге жыл сайынғы тапсырыс беру­дің маңыздылығын, шетелдік ани­мация­лық фильмдерді мем­лекет­тік тілге аударудың қатаң крите­рийлерін бекітуді және «Ұлттық ани­мация өнері туралы» заң жоба­сын дайындау қажеттігін атап өтті.

 

«Бейнелеу өнері» пәнін қайтару керек

Еліміздің кәсіби суретшілері жұмыс­қа орналасуда ұдайы қиын­дық­тарға тап болып келеді. Олар мем­ле­кеттік қолдау бағдарлама­сына қол жеткізе алмайды және әлеу­меттік кепілдіктер де жоқ. Сенатор Амангелді Толамисов депутаттық сауалында кәсіби сурет­шілер заңды түрде мойындал­маған­нан кейін көптеген проблемаға душар болатыны туралы айтты.

Парламентшінің айтуынша, депутаттар 2022 жылы мәдениет туралы заңға «өнер», «суретші», «мүсінші», «қолданбалы өнер шебері», «қолөнерші» және т.б. ұғымдарды толықтыруға ұсынған болатын. Алайда мемлекеттік орган­дар бұл терминдер «шы­ғар­машылық қызметкер» және «шы­ғар­машылық қызмет» ұғымдары­мен қамтылған деп есептегендіктен, түзетулер қолдау таппады.

«Бізде кәсіби суретшілерді дайын­дайтын түрлі оқу орындары бар, алайда олар кейіннен кәсіби мәртебеден айырылады. Салдарынан еліміздің кәсі­би суретшілері жұмысқа орна­ласу кезінде заңды танылуда қиын­дықтарға тап болады. Олар­дың мемлекеттік қолдау бағдар­ламаларына қол жеткізу мүмкіндігі шектеулі. Суретшінің кәсіби мәртебесінің белгісіздігіне байланысты олардың қызметінен түскен табысқа салық салу реттелмеген, жеңілдік немесе арнайы шарттары жоқ. Сондай-ақ суретшілердің мем­лекеттік бағдар­ламалар арқы­лы ха­лықара­лық жобаларға қаты­суы реттелмеген, бұл осы салада­ғы халықаралық ынтымақ­тастық­­тың сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан «суретші» маман­дығы­ның анықтамасы еліміздің құқық­тық саласына қайта оралуы керек деп санаймыз», деді А.Толамисов.

Сенатор сонымен қатар мектеп бағдарламасында «бейнелеу өнері» пәнінің жоқтығын да атап өтті. Бұл балалардың дамуына теріс әсер етеді. Өнер шығармашылық ойлау мен қиялды ынталандырады, сезімдер мен эмоцияларды білдіруге көмектеседі, сыни көзқараста ойлауды дамытады, ұсақ моториканы жақсартады және мәдени алуандықпен таныстырады. Бұл пәнді оқу бағдарламасына қайтару балалардың интеллектуалды, эмоционалды, әлеуметтік және физикалық дамуында маңызды рөл атқарады, бұл болашақ ұрпақ пен ұлттық тұтастық үшін маңызды.

Сенатор осыған байланысты суретші мамандығына ресми мәрте­бе беру және «бейнелеу өнері» пәнін мектеп бағдарламасына қайтару үшін заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынды.

Сенатор Айнұр Арғынбекова скринингтік бағдарламалар тиімді­лігінің төмендігіне және ауруды ерте сатысында анықтау­ға қажетті меди­циналық жабдықтардың тапшы­лығына алаңдаушылық білдірді. Осыған байланысты ми­нистр­ліктер мен әкімдіктерге меди­ци­налық мекемелердің инфрақұ­рылы­мын жаңартуға қосымша қаржы бөлуді ұсынды.