Оқиға • 23 Мамыр, 2024

Кененге Оспанқұлдың көңіл айтуы

100 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алатаудың қос баурайын жайлаған қырғыз-қазақты бір туған деп қашанда өзімізге жақын тартамыз. Ата салтымызды салыстыра жүріп, ұқсастықтар іздейміз. Бағзыдан араласып-құраласып жатқан халықтың салт-санасы, ұғымы, мәдениеті ұқсамай қайда барсын? Соның ішінде қаралы үйге көңіл айту дәстүрі де бар.

Кененге Оспанқұлдың көңіл айтуы

Түнеугүні «Оспан­құлдың Кененге көңіл айтуы» дей-тұғын тер­мені тыңдап отырып, тарихына үңілгенбіз.

«Атеке-ау...

Ассалаумағалейкум!

Аманбысың-ау, Кененім.

Көріскелі кеп едім.

Қайтыс бопты қайтесің,

Базар, Назар бөбегің.

Алатауды жаңғыртты,

Зарланып салған әуенің...»,

деп басталатын қырғыздың даңқ­ты ақыны Оспанқұл Бөлө­балаевтың толғауы құлағы­ңыз­да жатталып қалғанымен, шығу тарихын білетін бе едіңіз?

Қазақтың белгілі жырауы, композитор Кенен Әзірбаев­тың өмірі сонау бала кезінен бұралаң. Ұлтымыздың басына түскен нәубет Кененнің де әулетін айналып өтпеген. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалы­сы, Қазан төңкерісі, ұжымдасты­ру, халықты қынадай қыр­ған ашаршылық, репрессия, соғыс сынды тарихи оқиғалардың куә­сі еді. Кішкентайынан кедей­шіліктің қамытын киген Кенен байдың қойын бақты, жалданып жүріп жұмыс істеді. Білім алуға бекінгенімен, араптың әрпін солқылдақ шыбықпен жат­тат­қан молданың сабақ оқыту тәсілі ұнамаған. Қой соңында жүріп, ыңылдап, ұйқастырып ән сала берді. Әндері табиғатпен, тіршілікпен үндес еді. Қамыстан сыбызғы жасап, қалақшаны домбыра еткен ол өнерге өлердей-ақ іңкәр-тұғын. Иә, өнері мен өмірі ұштасып жатты. 11 жасында өзінің тұңғыш әні «Ри, қойым», 13 жасында атақты «Бозторғай» әндерін шығарды. Ел арасында кең тараған «Көк шолағы» қандай? Кенен нағашы жұртына тартса керек, анасы Ұлдар той-томалақта ән салып, айтысып жүрген екен. Әкесі Әзірбайдың да ақындығы бар еді. Алайда анасы өмірден ерте кетіп, әкесі екеуі ғана қалған. Әкесі Әзірбай өсірді, жеткізді. Үлпілдек есімді бойжеткен­ге үйленді. Өкініштісі, ол үшінші қызына босанғанда сал ауруы­на шалдығады. Бала-шаға­сы қараусыз қалған соң екінші рет Насихаға үйленген. Одан туған балалар бірінен соң бірі шетіней берген. Сөйтіп, сегіз баласын жерлеген. Әсіресе өсіп қалған Базары мен Назары шешектен көз жұмғанда Кенен қайғыдан қан жұтып, шөкімдей болып солып қалған. Қайғыдан қабырғасы қарс қақыраған әке «Ақ ешкінің зары» деген ән шығарып, ел ішіне кеңінен та­раған. Оны тыңдарман кейіннен «Базар-Назар» деп атап кеткен.

Сонда ғой, қырғыздың ақы­ны, Кенекенің досы қаралы хабарды кеш естісе керек, кеші­гіп келіп көңіл айтқанға ұқ­сайды. Кешігіп келген айыбын білген ақын толғауын киіз үйге кірместен алыстан дауыстай әуелетеді. Кенен ақын қайғыдан бүк түсіп, теріс қарап жатып құлақ қояды. Оспанқұл екеуінің арасында қыл өтпестей достық болса керек, дер кезінде келмедің дегендей өкпесі де болса керек. Бұл көрініс екеуінің ғана емес, бауырлас екі елдің арасындағы достықтың белгісіндей еді.

Он жеті жастағы Кенен бақ­ташылықты тастап, Шабдан Жан­баев деген қырғыз ақы­ны­­ның асына қатысып, «Көп­ші­лік, тыңда әнімді» деген әнін шығарған. Сол жерде Жам­был Жабаевтан бата алып, көп­шіліктің құрметіне бөленген. Оспан­құл ақынмен де сол жер­де танысты ма, кім білсін. Алатау­дың арғы жағынан ат арыта асып жеткен қырғыз ақынының сөздері қандай, шіркін, құйқа-төбені шымырлатып жібереді.

«...Жал құйрығың жетілсін,

Өткенге кімдер өкінсін?

Ата-анаңнан айрылған,

Өзің де, Кенен, жетімсің.

Әйешің қайта ұл туып,

Мойныңа қайта-ау секірсін...»,

деп жалғаса береді. Сөздің құді­реті-ай десеңізші. Сонадайдан «Атеке-ау» деп жеткен бір туған қырғыз ақынның сөзі Кененнің жүрегін елжіретіп жіберген ғой, беті бері қарап, басын көтерген көрінеді. Бүгінгі көңіл айтулар мен бұрынғы жұбату сөздері қандай?

Кейін Оспанқұлдың толға­уындағы тілек-лебіздері орындалып, 1936 жылы Кенен қыз­ды болған екен. Сонда сәби ғұ­мырлы болсын деп құтты болсын айтып келген ақ кимешекті әжелердің аяғының арасынан ырымдап өткізіп алған. Жорал­ғыны жасап жатқанда есіктен тағы бір қария кірген екен. Оның да аяғының арасынан сәбиді өт­кізіп, есімін азан шақырып, Төрткемпірбіршал деп қойыпты. Сөйтіп, қызы 6-сыныпқа дейін Төрт­кемпірбіршал Кененқы­зы болып жүрген. Кейін ғана есі­мін Төрткен деп ауыстырып, құ­жатын рәсімдепті. Содан ке­йін ғана балалары тұрақтап, Көр­кемжан, Бақытжан, Ақта­мақ, Ақ­білек есімді көз қуа­ныш­тары дүниеге келген. Көр­кем­жан­ның есімін Жамбыл Жабаев қойыпты. Кенекеңнің кеңдігі ғой, ұлы Бақытжанды соғыстан оралмай қалған туыстарына жұ­баныш болсын деп берген. Осы­лайша, қара бұлттың артынан шуақ­ты күн шығып, Кенен ақсақал үбірлі-шүбірлі ғұмыр кешкен.