Жәдігер • 23 Мамыр, 2024

Айрықша зермен әдіптелген белбеу

132 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мына белбеу Шал ақынның (1748-1819) туған інісі Қазақпайдың тікелей ұрпағы Қошан Жантілеуов ақсақалдың 30-40 жылдай қолынан тастамай тұтынған дүниесі екен. Жақсы иленген өгіз терісінен жасалған.

Айрықша зермен әдіптелген белбеу

Салынған өрнектері қазақтыкі емес, кавказдық зерлермен көмке­рілген, ілмешегі де ерекше, қолдан жасалған бұйым. Белгісіз зергердің ұзақ уақыт бойы көз майын тауысып жасаған асыл бұйымын Солтүстік Қазақстан облыстық мұражайынан көрдік. Осы мұражайдың бөлім меңгерушісі Ғалия Жақыпова бұл экспонаттың тарихы мен жасалуы жөнінде айтты. Оны музейге Қошан ақсақалдың немересі Мұрат ағамыз тапсырыпты.

Қошан ақсақалдың тағы бір баласы академик Аманжол Қо­шановты (1934-2021) халық жақсы біледі. Ол экономика ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі атанған. Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, Қазақстанға ең­бек сіңірген қайраткер. Ұзақ жылдар бойы академияның Экономика институтын басқарған. Нарықтық экономиканың білгірі ретінде танылып, 1995 жылдан Экономика институтының нарықтық экономика тео­риялары бөлімін басқарған, ал 2010 жылдан өмі­рінің соңына дейін Әлеуметтік бағ­дарланған экономика тео­риялары орта­лығы­ның директоры болды. Ол 400-дей мақаланың, 29 мо­ногра­фияның авторы.

Ал академиктің әкесі Қо­шан Жан­тілеуов ақсақалдың өзі шежіреші, терең білікті әңгімеші болған. Ол тарихты, ақындар мен жыраулардың шығармаларын тегіс біліп, кезінде халық мұраларын жинаған жазушы, ғалым Мұхтар Мағауинге әкесінің ағасы Шал ақын туралы мол мағлұмат берген. Мұхтар ағамыз 1964 жылы Қошан ақ­сақалдың үйінде қона жатып, Шал ақын туралы көп мәлімет жазып алған.

Мына белбеуді ақ­сақалға кав­­каздық зер­гердің өзі сый­ға тартыпты. Тұр­мыста төзімді әрі сәнді белбеуді ақсақал 50-жылдардың ортасынан өмірінің соңына дейін тастамай, буынып жүрген. Әкесінен қалған асыл көзді Мұрат Қошанов ұзақ жылдар бойы сақтап, ақыры музейге тапсырған. Сөйтіп, ол қазір көңілге түрлі ой салар өткен тарихымыздың бір күндерін еске салып, музей кө­рермендерінің көзайымына айналып тұр.

Сталиндік қуғын-сүргін жылдарында Қап тауының тұрғындарын Қазақстанға көшірді емес пе? Әсіресе 1944 жылы Қап тауы өңірі халқын тұтастай Қазақстан мен Орта Азияға жер аударды. Сонда келген кавказдық шебердің бірі Қошан ақсақалдан бір қамқорлық көріп, өзінің қолындағы асыл дүниесін сыйға тартып кеткен болуы керек. Музей қызметкерлері оның тарихын әлі де зерттеп, анықтай түсеміз деп отыр.

 

Солтүстік Қазақстан облысы