Спорт • 25 Мамыр, 2024

Жарыс күнделігі

33 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сингапурда пара жүзуден әлемдік серияның кезеңдік сайыстары өтті. Бұл жарыста 150 метрге малтыған Зүлфия Габи­дуллина алтыннан алқа тақты. Жеңімпаздың уақыты – 3:43.87. Ал Сиязбек Далиев баттерфляй және арқамен жүзуден 50 метрлік қашықтықта қола медальды иеленді. Сондай-ақ осы байрақты бәсекеде Диас Кенжебек пен Нұрдәулет Жұмағали сынды жерлестеріміз өнер көрсетті.

Жарыс күнделігі

Фото: ru.freepik.com

  • Қазақтың танымал кәсіпқой боксшысы Батыр Жүкембаев (23-1, 17 КО) кезекті жекпе-жегінде жеңіске жетті. АҚШ-тың Плант-Сити қаласында өткен жарыста ол украиналық Иван Редкачпен (24-7-1, 19 КО) жұдырықтасты. Бұл бәсеке бесінші раундта техникалық нокаутпен аяқталды. Сөйтіп, Батыр өзіне тиесілі бірінші жартылай орта салмақтағы WBA Continental North Americas нұсқасының алтын белбеуін сақтап қалды.
  • Шайбалы хоккейден Қазақстанның ұлттық құрамасының бас бапкері ауысты. Бұл күнге дейін осы қызметті атқарып кел­ген Ғалым Мәмбетәлиевтің орнына Дэвид Не­мировски келді. Кезінде Төменгі Нов­городтың «Торпедо», Новосібірдің «Сибирь» клубтарын жаттықтырған маман ұлттық командамызбен қоса, Астананың «Барысын» да баптайды.
  • 4-26 мамыр аралығында Алматыдағы үстел теннисі орталығында Орталық Азия аймағы бойынша іріктеу турнирі өтеді. Аталған жарысқа Иран, Қырғызстан, Түрік­менстан, Өзбекстан, Қазақстан құра­ма­лары қатысады. Бұл бәсекеде Қазақ елі намысын Алан Құрманғалиев, Абдулла Мамай, Қадырәлі Қабдылуахитов, Данян Ши, Сарвиноз Мірқадырова, Жанерке Көш­кім­баева, Әлбина Жақсылықова, Алиса Цви­гун сынды спортшылар қорғайды.
  • Әйгілі Forbes журналы 2024 жылдың алғашқы айларында ең көп табыс тапқан спортшылардың рейтингін жариялады. Көш басында – Криштиану Роналду. Португалия футболшысының табысы – 260 млн доллар. Сондай-ақ ТОП-10-дыққа Джон Рам – $218 млн, Лионель Месси – $135 млн, Леброн Джеймс – $128,2 млн, Яннис Адетокунбо – $111 млн, Килиан Мбаппе – $110 млн, Неймар – $108 млн, Карим Бензема – $106 млн, Стефен Карри – $102 млн, Ламар Джексон $100,5 млн табыспен енді.
  • Перу астанасы Лимада ауыр атлети­кадан жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі басталды. Бұл жарыста Қазақ­станның туы астында мына зілтеміршілер өнер көрсетіп жатыр: Ақжол Құрманбек (67 кг), Әли Медетбаев (73 кг), Нұрдос Сабыр (89 кг), Бекболат Қали (96 кг), Дидар Абдолла (102 кг), Еділ Асқаров (+102 кг), Дарья Бала­баюк (59 кг), Аянат Жұмағали (76 кг), Сәния Орманбаева (81 кг).