Экономика • 25 Мамыр, 2024

Шаруалардың түйткілін шешетін зауыт

67 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жетісулық шаруалар егінге қажет судан тапшылық көріп отыр. Ал заманауи суару жүйелеріне қажет техниканың бағасы удай қымбат. Оны естіген жергілікті қожалықтар шыр-пыр болады. Облыстық ауылшаруашылық басқармасы оларға жаң­быр­латып һәм тамшылатып суаруды міндеттейді. Енді осы мәселені шешу үшін облыс орталығында жаңа зауыт салынады.

Шаруалардың түйткілін шешетін зауыт

Суретті түсірген – Жеңіс ЫСҚАБАЙ

Ақжолтай хабарды облыс әкі­мі­нің баспасөз қызметі хабарлады. Жыл аяғына дейін Талды­қор­ған­да жаңбырлатып суаратын қон­дырғылар шығаратын өндіріс орны ашылады. Күз басында іске қосылатын кәсіпорынның қуаты жылына мыңға жуық жаңбырлатқыш машинаны құрауға жетеді. Бұл жыл сайын 30-40 мың гектарды ыл­ғал үнемдейтін технологиялармен қамтуға мүмкіндік береді.

Кәсіпорын Талдықорғандағы индустриалды аймақ аумағында салынады. «Жетісу Агро кешені» ЖШС компаниясы іске асыратын жобаның жалпы құны – 2 млрд теңге. Бөлінген жер учаскесінде тиісті дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Компания директорының орынбасары Қайрат Оспановтың айтуынша, зауыт жылына 960 бірлік жаңбырлатқыш машина құрастыруға қауқарлы.

Өндіріс барысында шикізат ретінде отандық металл, сол сияқты датчиктер, бүріккіштер секілді құрамдас бөліктердің америкалық түрлері пайдаланылады. Дәнекерлеу мен лазерлік жұмыстарды жүргізу үшін өндірістік цехта орнатылатын станоктар да америкалық болмақ. Сонымен қатар болашақта трактор құрастыру цехы ашылып, осы техникаға қызмет көрсететін сервистік орталық құрылады. Әзірге 40 жұмыс орнын ашу көзделген.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың айтуынша, жобаға қажетті қолдау көрсетіледі. Жалпы, бұл осы күзде іске қосылатын жалғыз кәсіп­орын емес. Индустриалды аймақ­та өнеркәсіптік аккумуляторлар шығаратын зауыт салу жұмыстары жалғасып жатыр. «ASMA Industrial» ЖШС өкілдерінің айтуынша, құрылысты жаздың ортасында аяқтап, қыркүйек айында іске қосу жоспарланған. Жаңа зауыттың өндірістік қуаты жылына 210 мың дана аккумулятор шығаруға жетеді, жобаға 3,2 млрд теңге инвестиция тартылды. Компанияның тең құ­рыл­тайшысы Серікбай Әжмаған­бетовтің сөзіне сүйенсек, кәсіп­орын­да стационарлық индустрия­лық батареяларда, яғни күн және жел электр стансаларында, тепловоздарда, жүк тиеу электротехникасында пайдаланылатын өнеркәсіптік аккумуляторлар шығарылады.

Айта кетейік, мұндай өнімдер «Қазақтелеком», «KEGOC» сияқты компаниялар үшін керек. Жалпы алғанда, өнеркәсіптік батареялар электр энергиясын үздіксіз берумен айналысатын кәсіпорындар мен ұйымдарда қолданылады, яғни олар резервтік электрмен жабдық­тауды қамтамасыз етуде пайда­лы. Өндірісті ұйымдастыру үшін Оңтүстік Корея жабдықтары әкелін­ген. Компания өкілдерінің айтуын­ша, кәсіпорында дайын өнімді өткізу­де қиындық тумайды, өйткені қазір экс­портты ұйымдастыру үшін БАӘ ком­паниясымен іскерлік байланыс орнату жөнінде ұсыныстар бар.

Кәсіпорын басшылығымен кездесу барысында облыс әкімі өңірдің «жасыл» энергетиканы одан әрі дамытуда әлеуеті зор екенін айта келе, Алакөл ауданында инвесторлар қуаты 1 ГВт болатын ең ірі ЖЭС салуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Бұл да «ASMA Industrial» ЖШС өнімдерінің сұранысын арттыратынын еске салды. Мәселен, былтыр облыста электр энергиясының 75 пайызы жаңартылған энергия көздері­нен өндірілді. Бүгінде өңірде белгілен­ген қуаттылығы 210,5 МВт болатын 15 ЖЭК нысаны жұмыс істейді.

Күнбағыс майын өндіретін «Жетісу Мажико» агрокешені» ЖШС за­уыты тоқтап қалғаннан кейін­гі кезеңде қайта іске қосуға да­йын. Ди­рек­торы Сенан Мұстафаевтың айтуын­ша, зауыт техникалық тексеруден өткен. Сынақ режімі аясында күн­бағыс тұқымынан 113 тонна май сы­ғылған. Шикізатқа қатысты да проб­лема жоқ, оны Ресейден жеткізу үшін келісімдер жасалған. Тек темір­жол инфрақұрылымының жағдайы, атап айтқанда, шпалдарды жөндеу­ді немесе ауыстыруды қажет ететін ша­ғын учаскенің мәселесі ғана өзекті бо­лып отыр. Бұл ретте өңір басшы­сы мәселенің барынша қысқа мер­зім­де шешілетін айтып, бұған қатыс­ты жа­уапты тұлғаларға тиісті тапсырма­лар берілді.

«Жуық арада зауытты іске қосу­дың маңызы үлкен. Оның үстіне техникалық, технологиялық жағы­нан дайын болғандықтан, бұл қиын­дық туғызбайды. Зауыт тұрақты жұ­мыс істесе, жергілікті фермерлер­дің күнбағыс өсірумен түбегейлі айналысуына мүмкіндік туады, өйткені өнімін нақты өткізетін орны болады. Содан кейін шикізатты кезең-кезеңімен сырттан әкелудің қажеті болмайды. Сонда дайын өнімнің құны да төмендейді деген сөз. Соның нәтижесінде болашақта зауыт өсімдік майын өндірудің маңызды кластерлік тізбегіне айналады», деді Б.Исабаев.

Бүгінде кәсіпорын жылына 50-60 мың тонна шикізат өңдейді, одан әрі 100 мың тоннаға дейін жеткіз­бек. Кәсіпорын қызметкерлерінің айтуынша, 100 мың тонна күнба­ғыс тұқымынан шамамен 40 мың тонна өсімдік майын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы құстарын азықтандыру үшін кеңінен қолданы­латын жем алуға болады. Зауыт темір­жол учаскесі қалпына келтіріл­ген соң 1-2 айдан кейін өз жұмысын қайта бастайды деп межеленген.

Сапар соңында облыс басшысы Бейбіт Исабаев керамогранитті плиталар өндіретін «Алмаз-Керамикс» ЖШС кәсіпорнының жұмысымен танысты. Белгілі болғандай, кәсіпорында плиталардың 15 түрі шығарылады, 260 жұмыс орны құрылған. Өндірісте отандық шикізат пайдаланылады. Ал дайын өнімдері ел ішінде ғана емес, көрші Ресейде де саудаға шығады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 2 млн шаршы метр плитка шығаруға жетеді. Алдағы жылы одан да көбірек материал өндіруге ниетті.

 

Жетісу облысы 

Соңғы жаңалықтар